• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
31 Желтоқсан, 2016

Бүлдіршіндерге ерекше көңіл-күй сыйлады

173 рет
көрсетілді

Қазақстанның Финляндиядағы елшілігінің  және «Қазақстандық дипломаттардың бірлестігі» республикалық қоғамдық ұйымының бастамасымен жаңа 2017 жылдың қарсаңында өзгеше жаңажылдық қайырымдылық акциясы басталды. Бұл бастаманың басты мақсаты – Қазақстандағы Даун синдромымен ауыратын балаларға қолдау көрсету, қамқорлық таныту. «Санта Клаустан сәлем!» акциясының аясында «Қазақстандық дипломаттардың бірлестігі» қоғамдық қорының өкілдері Астанадағы «Күн әлемі» қоғамдық қорына туабітті дертке шалдыққан бүлдіршіндерге арналған сан түрлі қызылды-жасылды ойыншықтарды табыс етті. «Мұндай іс-шаралар балалардың денсаулықтары мен көңіл-күйлеріне оң әсерін тигізеді, оларға ерекше әсер сыйлап, сыртқы әлемді көбірек танып-білулеріне мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Бұл дүниеде сәбидің мықты денсаулығынан, оның бал-бұл жанған жүзін көруден, күлкісін естуден артық қандай бақыт бар?! Бұл акция аталған синдроммен ауыратын балаларға қоғамның назарын аудартуды, олардың елдің өміріне белсенді араласуы мен бейімделуіне қолұшын созуды көздейді. Сонымен қатар, ол дамуында өзгешелігі бар балаларды қолдау мен қорғауға бағытталған игі дәстүрдің бұдан әрі де жалғасын табуына, Қазақстан мен Финляндия арасындағы ынтымақтастықтың мәдени-гуманитарлық тетігінің бекуіне сеп болмақ», деді «Қазақстандық дипломаттар бірлестігі» қоғамдық қорының өкілі Жанат Шакеев. Ал «Күн әлемі» қоғамдық қорының президенті Евгения Чеботаревская оңалту орталығының ерекшелігіне тоқталды. «Күн әлемі» оңалту орталығының негізінің қалануына Даун синдромымен дүниеге келген балалардың ата-аналарының өздері ықпал етті. Алғашында ол «Күн әлемі» қоғамдық қоры ретінде құрылды. Бір жылдан кейін, міне, осындай орталық ашылды. Жалпы, елордада мұндай дертке шалдыққан 300-ге тарта бала бар. Бұл жерге 3 ай ішінде 30-ға тарта сәбиді, ал жылына шамамен 120-ға жуық баланы қабылдайтын мүмкіндігіміз бар. Біздің орталықты «Асыл бала» республикалық ассоциациясы қаржыландырады. Сондай-ақ, Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиеваның өзі қолдау көрсетеді», дейді «Күн әлемі» қоғамдық қорының президенті. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»