• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
31 Желтоқсан, 2016

Жаңа Сыртқы істер министрін таныстырды

106 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы істер министрлігінің басшылық құрамымен кездесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Мемлекет басшысы кездесу барысында жаңа Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахмановты таныстырды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Е.Ыдырысовтың Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшісі болып тағайындалғанын айтып, оған ведомство басшысы қызметінде атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. Қазақстан Президенті дағдарыс құбылыстары мен өзгерген жаһандық ахуал жағдайында Сыртқы істер министрлігі алдында жаңа көзқарасты талап ететін көптеген жаңа міндеттер тұрғанын атап өтті. – Қазақстан 1 қаңтардан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысына кіріседі. Осы құрылымға тұрақты емес мүше болып сайлану – әлем­дік қоғамдастықтың біздің елімізге де­ген құрметінің айғағы. Бұл – ядро­лық қарусыз әлем қалыптастыру жолын­дағы қозғалыс саласындағы және күн тәртібіндегі өзге де халықаралық мәселелер бойынша Қазақстанның жаһандық көшбасшылығын талап ететін жауапты міндет, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті қаңтар айында еліміз көптеген мемлекеттердің өкілдері қатысатын 28-ші Дүниежүзілік қысқы Уни­вер­сиада өткізетінін айтты. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев маусым-қыркүйек айларында өтетін «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жөнінде әңгімеледі. – 112 мемлекет пен 18 халық­ара­лық ұйым өкілдері көрмеге қатыса­тын­дарын растады. Іс-шараның табысты өтуі көбіне Сыртқы істер ми­нистр­лігінің жүйелі жұмысына бай­ланысты, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті таяу арада Астанада Сирия түйткілдері жөнінде келіссөз жүргізуге мұқият дайындалу қажеттігіне тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, Еуразиялық экономикалық одақ аясында мейлінше тиімді жұмысты жолға қою қажеттігін маңызды міндет ретінде атады. – Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында елдің дипломатиялық қызмет органдарының жұмысындағы ең маңызды жүйелі элемент эко­но­микалық өлшемдер болуға тиіс. Ин­вестиция тарту және отандық тауар­лар экспорты мәселелерімен айналы­су қажет. Осы орайда, Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктің жұ­мысын күшейту керек. Келер жылы Астанада өткізу жоспарланып отырған ауқымды халықаралық іс-шараларға – Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының сам­миттеріне тыңғылықты дай­ын­далған жөн, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев елшіліктер Қазақстан мен өзге мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық уағ­даластықтарға тиісті бақылау жасау саласында жұмыс жүргізуі қажет­тігін арнайы атап өтіп, еліміз­ді шет елдерге танытатын министрлік қызметкерлеріне жоғары жауап­кершілік жүктелетініне, сондықтан кадр мәселелеріне баса ден қою керек­тігіне назар аударды. Соңында Мемлекет басшысы сыртқы саясат ведомствосы жұмы­сының жақсы деңгейде екенін атап өтіп, жиналғандардың барлығын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады. Сурет Президенттің баспасөз қызметінен алынды