Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде жұмысын бастады
Еліміз өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын барлық салаларда толайым табыстарымен қарсы алған соң, биылғы жылдың басында тағы бір маңызды оқиға болды. 3 қаңтарда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі құқығында Кеңестің 2017 жылғы бірінші отырысына қатысты.
Отырыс барысында Қауіпсіздік Кеңесінің 2017 жылғы қаңтар айына жұмыс бағдарламасы бекітілді. Отандық делегацияға Қазақстан Республикасының Уақытша сенімді өкілі Барлыбай Садықов жетекшілік етті.
Сол күні Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері – АҚШ, Боливия, Жапония, Италия, Қазақстан, Қытай, Мысыр, Ресей, Сенегал, Украина, Уругвай, Ұлыбритания, Франция, Швеция және Эфиопия елдері делегациялары басшыларының дәстүрлі кездесуі болып өтті.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде Б.Садықов осы органның жұмысындағы превентивті дипломатия және сенім шараларын нығайту, ядролық қаруды таратпау, дау-жанжалды реттеу және халықаралық терроризмге қарсы әрекет ету сияқты Қазақстан үшін басымдыққа ие мәселелерді атап өтті. Осы тұрғыда ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 25 жыл бұрын БҰҰ қабырғасында жарияланған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы бастамасының табысты іске асырылғандығын және осы үнқатысу форумының Азия құрлығында қауіпсіздікті нығайтуға қомақты үлес қосып келе жатқандығын атап айтты. Отандық дипломат Қазақстан басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің өзектілігін атап көрсете отырып, 2045 жылы БҰҰ құрылуының 100 жылдығына ядролық қарусыз, соғыссыз және дау-жанжалсыз әлем құруға бірлесіп күш-жігер жұмсаудың маңыздылығына назар аударды.
Кеше Сириядағы (елдегі химиялық қарумен байланысты ахуал) және Ирактағы (гуманитарлық аспект) жағдай бойынша Кеңестің жабық консультациясы болды.
Айдың негізгі іс-шараларының бірі осы жылдың 10 қаңтарына жоспарланған БҰҰ ҚК-нің «Дау-жанжалдардың алдын алу және бейбітшілікті сақтау» тақырыбындағы жоғары деңгейлі ашық пікірталастары болмақ, олардың барысында Кеңес мүшелері өздерінің осы саладағы басымдықтары мен БҰҰ жаңа басшылығына қолдауларын білдіреді деп күтілуде. Пікірталастарға БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің сыртқы саясат ведомстволарының бірқатар басшылары, соның ішінде Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қатысады.
17 қаңтарда тұрақты өкілдер деңгейінде Таяу Шығыстағы жағдай, соның ішінде Палестина мәселесі бойынша тоқсан сайынғы дәстүрлі ашық пікірталастар өтеді.
Қауіпсіздік Кеңесінің шешіміне сәйкес, жылдың алғашқы айында брифингтер мен жабық консультациялар барысында Йемен, Конго Демократиялық Республикасы, Орталық Африка Республикасы (ОАР), Судан (соның ішінде Дарфур және Абьей провинцияларындағы) және Оңтүстік Судан, Батыс Африка және Сахель, Мали, Чад, Сомали, Кипр, Колумбия елдері мен өңірлеріндегі ахуал, сондай-ақ, Иран ядролық бағдарламасы бойынша 2231 қарарын орындау мәселелері талқыланады.
Қазақстан төрағалығымен Сомали мен Эритрея жөніндегі және террористік топтармен күрес жөніндегі БҰҰ ҚК комитеттерінің отырыстары өтеді.
2017 жылғы қаңтар айында Кипрдегі және ОАР-дағы ахуал, сондай-ақ, ҚК мүшелерінің арасында пәтуаластыққа қол жеткізілген жағдайда Сирия Араб Республикасындағы химиялық қарумен байланысты ахуал бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің жоспарлы қарарлары қабылданады деп күтілуде.
Қауіпсіздік Кеңесі – Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысы бойынша, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігі жүктелген және тұрақты жұмыс жасайтын орган саналады. Ал еліміздің оған сайлануы – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мойындалуы деген сөз. Өйткені, еліміз бейбітшілікті, қауіпсіздік пен орнықты дамуды жақтайтынын тәуелсіздік жылдарының бәрінде өзінің нақты істерімен дәлелдеп келеді, дәлелдей бермек.
Өткенге шамалы шолу жасайтын болсақ, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға ниеті жөнінде 2010 жылы жария еткен болатын. Үш жылдан кейін Астана өз үміткерлігін сүйемелдеу мақсатында ресми науқанды бастады. Науқан Қазақстанның 2014-2020 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасына негізделді, соған сәйкес халықаралық ұйымдарға белсенді қатысуы елдің ұлттық мүдделерін қорғаудың және барынша танымалдығын қамтамасыз етудің маңызды құралы болды. Сондай-ақ, Кеңеске мүшелік өңірлік және жаһандық сыртқы саясатының қозғаушы күші болып табылады.
Осы науқан аясында халықаралық ынтымақтастықтың төрт басым салалары – азық-түлік, су, энергетика және ядролық қауіпсіздікті қоса алғанда, Қауіпсіздік Кеңесімен байланысты трансұлттық қауіпсіздік мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан мүшелігі барысында өзінің жеке тәжірибесіне қарай отырып, осы салаларды басты назарда ұстайды. Сонымен бірге, Кеңеске мүшелік мәртебесі біздің елімізге басты сыртқы саяси және экономикалық серіктес ретінде өз маңыздылығын арттыруға, халықаралық келіссөздерде позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Жаңа байланыстарды реттеуге және дәстүрлі байланыстарды жаңа деңгейге шығаруға жол ашады.
Өткен жылдың 28 маусымы Қазақстан үшін ел өміріндегі ерекше маңызды дата ретінде тарихта қалады. Себебі, Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде оған қатысқандар арасынан 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Ал қазақстандық өтінімнің жалғыз бәсекелесі – Тайланд корольдігі үшін 50-ден астам мемлекет дауыс берген болатын. Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болу бастамасы алғаш рет 2013 жылы Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне 20 жыл толуы қарсаңында көтерілген еді. Елбасының тапсырмасына орай, Қазақстанның БҰҰ құрылымдық бөлімшелерімен жемісті әрі тығыз қарым-қатынастары есепке алына келіп, сондай-ақ, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы рөлі ескеріле отырып, өз алдына БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретінде сайлану міндетін қойды.
Осыған байланысты Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Орталық Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың діңгегі болуға, бейбітшілікті орнықтыруға және халықтар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге сенімді әріптес болуға ұмтылады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға талпынудың негізінде де дәл осы мақсат жатыр», деп атап өткен еді сонда. Қазақстандық дипломатия алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін жан-жақты әрі қызу жұмыстарға кірісті. Беделді Ұйымның құрылымына мүше болу үшін кемінде 193 мемлекеттің 129-ының сенімін алу керек болатын.
Ал мұндай мүшеліктен Қазақстан не ұтады дегенге келсек, бұл – ең алдымен, еліміздің халықаралық саяси аренадағы имиджін арттыруға септігін тигізеді. Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бейбіт даму жолын таңдаған Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік бастамаларын әлемдік қоғамдастық мойындап келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік тұғырындағы тұңғыш шешімі – Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі 4-ші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту туралы Жарлығы болды. Сондай-ақ, еліміз 2009 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы келісімге қол қойды.
Осы бастамалардың өзі Қазақстанның беделін арттырып, халықаралық қауіпсіздік саласындағы тың бастамаларды одан әрі жүзеге асыруға жол ашты. Ядролық қауіпсіздік бағытындағы қазақстандық бастамалар елімізді көшбасшыға айналдырды. БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің Қазақстан кандидатурасын жақтап дауыс беруі де соның айғағы. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің БҰҰ ресми құжаты ретінде тіркелуінің өзі де бұл жеңістің жолын жақындатқаны анық. Қазақстан енді осынау көшбасшылық ұстанымын әрі қарай белсенді түрде ілгерілететін болады. Кеңеске мүшелікті Қазақстанның өңірлік қана емес, ғаламдық қауіпсіздікке қосқан үлесінің бағалануы деп қараған жөн.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»