• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Қаңтар, 2017

Әкім сөзінде тұрды

315 рет
көрсетілді

Өткен жылдың күзінде еркін жүзуден Рио Паралимпия ойын­дарының алтын жүлдесін таққан Зүлфия Ғабидуллинаны жамбыл жұрты әуежайдан құшақ жая қарсы алғанда, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жеңімпазды құттықтай тұрып, алдағы уақытта Тараз қаласынан зәулім үй салып беруге уәде берген болатын.  Міне, «Уәде – Құдай аты» дегенді аймақ басшысы жадына жақсы түйсе керек, чемпионның қоныс тойын тауық жылына қалдырмастан, тура 31 жел­тоқ­сан күні жаңа үйдің кілтін табыс етті. Зәулім үй «Тараз Арена» спорт са­райына жақын маңнан орын тепті. Бұл, әрине, Зүлфия үшін өте ыңғайлы. Күн сайын жақын жердегі спорт сарайы­на қатынап, жүзумен еркін айналысуына мүмкіндік мол. Бес бөлмелі үй «Бином» ЖШС демеушілігімен үш ай ішінде тұрғызылыпты. Бас-аяғы 20 миллион теңге жұмсалған бұл үйде арнайы жаттығу залы да, пандусы да бар. Ал «Қазақстан Халық Банкі» Жамбыл об­лыс­тық филиалының директоры Нұрлыбек Сейдахмет сыйлаған 3 миллион теңгеге үйге қажетті жиһаздар сатып алынды. Әрине, Зүлфия Ғабидуллинаның қуанышында шек жоқ. Бұған дейін көп­қа­батты үйде тұрып келген чемпион бас­палдақтардан түсіп-шығу өте қиын болғанын айтады. – «Тараз-Аренаға» жаттығуға келген сайын осы маңда жеке үйім болса деп ар­мандаушы едім. Міне, сол арманы­ма жетіп отырмын. Сол үшін спорт саласына ерекше көңіл  бөліп жүрген Елбасына, облыс әкіміне айтар алғысым зор. Мен де елімнің абыройын асқақтату үшін барымды саламын, – деп Зүлфия ағынан жарылды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»  Жамбыл облысы