• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2017

Құрметке лайықсыз деп кім айтады?

186 рет
көрсетілді

Петропавл қалалық мәс­ли­хатының ұйымдас­ты­руы­мен өткен қоғамдық тың­дау­дан қарадай түңіліп шық­тым. Жердің үстімен барып, астымен қайтқандай күй кештім. Күн тәртібінде көше­лер­ге хал­қымызға ардақты тұл­ға­лар­дың есімдерін беру мәселесі қара­лып, дауылпаз жырау – Қожаберген жырауға үш-төрт қана үйі бар бір көшесымақ ұсынылғанда не күлерімді, не жыларымды біл­медім. «Ақтабан шұбырынды, алқа­көл сұлама» секілді қазақ басына ауыр нәубет туған зар заманның әнұранына айналған атақты «Елім-ай» әнінің авторы дәл осылай пұшайман халге түседі деу өңім түгіл түсіме де енбеген еді. Жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық жорықта бас сардар дәрежесіне дейін көтерілген тұлғаға орталық көшелердің бірінің бұйырмағаны өкінішті-ақ. Жергілікті атқамінерлердің, билік орындарының осындай самарқау, немкетті көзқарасымен даңқты қолбасының, жаужүрек батырдың келер ұрпақ үшін мақтанышқа айналуы неғайбыл. Сонда олар Отаныңның патриоты болу – Қазақстанды өз жүрегіңде ұялату деген қара­пай­ым пайымды қапер­ле­рі­не алмағаны ма? Кемеңгер тұлғаның қазақ хал­қының төрт құбыласын теңес­тіруге ұмтылған ерен еңбегі ұмытылмақ емес. Егемен ел болып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған тұста Қожаберген жы­рау­дың есімі де ұлықталды. Ту­ған жеріне ескерткіш мүсін қойылды. Мектепке аты берілді. Ел басына ауыр күн туған сәтте қолына найза алып, жауға аттандап шапқан ержүрек оғландарға қандай құрмет көрсетілсе де, артықтық етпейді. Біз қатысқан сол жиында отарлық езгіні көз алдымызға елестететін кө­ше­лер­ді өзгертуге ашық қар­сы­­лық та­нытқандар болмай қалған жоқ. Мұның өзі ұлттық тарихымызды білмейтіндердің, оны зерделеуде тар ұғымнан шыға алмай келе жатқандардың әлі де барын байқатса керек. Мәселен, мәслихаттың бұ­рын­ғы депутаты «шаһар тарихына нұқсан келтіріп жатыр­сыңдар» деп шала бүлінді. Петропавл қаласының құрметті азаматы осылай десе, өзгелерге не кінә қоярсың? Тіпті, бесіктен белі шыға қоймаған мектеп жасындағы балаларды ертіп келіп, ауыздарына шын­дық­пен үш қайнаса сорпасы қо­сыл­майтын сөздерді салу еш ақыл­ға сыймайды. Мені жас құ­рақ­тай жайқала өсіп келе жат­қан, әлі оңы мен солын танып үл­гер­меген балдырғандардың аңғал­дығын өзге мақсатқа пайдалану, айдың-күннің аманында адас­тыру секілді сайтан ой қатты алаңдатты. Осындайда тарих пәнінің мұғалімдері не оқытып, не тоқытып жүр деген заңды сауал туады. Көпэтносты еліміздің достығы мен ауызбірлігін насихаттап, үлгі-өнеге етудің орнына ауыз өзімдікі деп әркім бұра тарта берсе, шаңырағымыз шайқалмай ма? Елбасымыз «патриотизмді, әсіресе жастардың арасында, біздің балалардың бойында барша қоғамның ортақ күш-қуатымен қалыптастыру керек» деген міндетті текке қоймаса керек. Отаның мен жеріңе деген сүйіс­пеншілік, оның тарихы мен мәдениетіне деген зор құрмет ұшқан ұядан, ортадан, білім алған шаңырақтан бастау алса керек. Сонымен, көшесымаққа дауыл­­паз бабамыздың есімі берілетін болып шешім қабыл­данды. Сонда қалай, арада 300 жыл өтсе де, халық жадында даңқты қолбасы, дауылпаз жырау ретінде ұмытылмай келе жатқан тұлға құрметке лайықсыз болғаны ма? Болат САҒЫНДЫҚОВ, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы  ПЕТРОПАВЛ