• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
07 Қыркүйек, 2011

Адам капиталы – елдің басты байлығы

1314 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» ХДП «Қазақстанның шетел инвесторлары кеңесі» қауымдастығы және «Атамекен одағы» ұлттық экономикалық палатасымен бірлесіп, адам капиталына арналған халықаралық конференция өткізді.   Оның тақырыбы «Тәуелсіз­дік­тің 20 жылы: Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы адам капита­лы­ның сапасы мен оны дамыту бо­ла­шағы» деп аталды. Қазір елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың тапсырмасына сәйкес Қазақстан экономикасын дамы­ған және бәсекеге қабілетті елдер дең­гейіне жеткізуді мақсат тұт­қан кең ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Соның ішінде үдемелі ин­дус­триялық-инновациялық бағдарла­ма бойынша жоспарланған 240 мың жаңа жұмыс орнының 60 мыңы ашылды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бой­­ынша 600-ден астам шағын және орта бизнес кәсіп­орын­да­ры­на қолдау көрсетілді. Үстіміз­дегі жылдың шілде айында жұ­мыс­пен қамтудың жаңа бағдар­ла­ма­сы іске асырыла бастады. Оған биылдың өзінде 40 млрд. тең­ге­дей қаражат бөлінді. Осындай аса ауқымды шараларды іске асыруда адам капиталының рөлі айрықша екені даусыз. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петербургте болған ха­лықаралық экономикалық форумда: «Адам капиталы – тұ­рақ­ты экономикалық дамудың негізі және инновациялардың басты қозғаушы күші» деген еді. Сон­дықтан да «Нұр Отан» ХДП адам капиталын дамыту мәселелеріне қатты көңіл бөліп, оны өз қыз­метінің басым бағыттарының біріне айналдырып отыр. Конференцияда сөйлеген сөзінде «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин бұл мәселеге айрықша тоқталып өтті. «Еліміздің әрбір азаматы – Қазақстанның басты байлығы. Бұл – Елбасымыз, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың жүргізіп отырған саяса­ты. Партиямыздың Халық­тық тұ­ғырнамасының да басты идеясы осы деп айтуға болады. Соңғы Пар­ламент Мәжілісінің сайлауы­на түскен кезде біздің мақсаты­мыз әрбір қазақстандықтың өмір сапасын арттыру болатын. Осы мақсатқа жету үшін біз күн сайын еңбек етіп, қазіргі уақытта нақ­ты жетістіктерге қол жеткіздік деп ай­туға болады», – деді Нұрлан Зайроллаұлы. Жоғары технологиялық кәсіп­орын­дар мен жаңа жұмыс орын­дарының ашы­луы, еңбекақының өсе түсуі  тәуел­сіздігімізге 20 жыл толатын биылғы жы­лы ха­лықтың тұрмысын айтарлықтай жақсарт­ты. Тек соңғы төрт жыл­дың ішінде ғана қазақстан­дық­тардың нақ­ты табысы 80 пайызға өсті. Осы уақытта халықтың денсаулығын сақтау мен білім беру салаларын қаржыландыру 2 есе артты. Бюджеттен қаржылан­ды­ры­латын барлық қызметшілердің еңбек­а­қы­сы және зейнетақының орташа мөл­шері екі есе өсті. Конференция жұмысына Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орын­баев, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдар мен ұлттық компа­ниялардың, бизнес пен кәсіподақтың, ҮЕҰ, жоғары және орта кәсіби оқу ор­ындарының өкілдері, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Голландия, Ресей және т.б. елдердің сарапшылары қатысты.  Өз­дерінің сөздерінде шетелдік сарап­шы­лар Қазақстанның тәуелсіздік жыл­да­рында қол жеткізген табыстары орасан екенін, соның ішінде экономикалық жетістіктерімен қатар, адам капита­лы­ның бағасын түсінуде үлкен табыстарға қол жеткізгенін атап өтті. Соның ішінде ресейлік ғалым Юрий Адлер Қазақ­стан­ның адам капиталы мәселесін көтеріп жатқанының өзі болашағы зор мемлекет екенін көрсетеді, деді. Британиялық сарапшы  Стефан Джон бұл пікірді қостай келіп, Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшы ел екендігі дау туғызбайтынын көлденең тартты. Іс-шара шеңберінде қазақстандық кітаптар көрмесі, «Шеберлер ауылы» ұлт­тық қолөнер шеберханасы ұйымдас­ты­рылды. Жақсыбай САМРАТ.