• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2017

Ақтөбеде автобекеттер аз

151 рет
көрсетілді

«Өткеннің бәрі жасық емес, бүгінгінің бәрі асыл емес». Ке­ңестік кезеңде республи­камыз­дың барлық аудандарында типтік үлгідегі автобекет­тер болушы еді. Еліміз жаңа меншік қатынастарына көшкен кезде оның бәрі жойылып кетті. Бірқатарының қызмет түрі жекешелендірілгеннен кейін өзгерсе, тағы бірі иесіз қалды. Бүгінгінің биігі­нен көз тастағанда аудан орта­лық­тары мен елді мекендерде автобекеттердің қажеттілігі айқын байқалып отыр. Өйткені, тұр­ғындар тарапынан бағасы қолжетімді автобус қызметін пай­­далануға деген сұраныс бұ­рын­ғы деңгейден өсе түс­песе, бір мысқал кемімегені байқалады. Өйткені, жұрттың бәрі бірдей таксимен немесе жеке автокөлігімен жүрмейтіні бесенеден белгілі. Сондықтан қазіргі кезде әр­түрлі жағдайларға байланыс­ты жойылып кеткен авто­бекет­­терді қайтадан қалпына кел­тіру қажет­тілігі туындап отыр. Мысалы, Ақтөбе айма­ғында жалғыз ғана автобекет жұмыс істейтініне көз жеткіздік. Оның өзі облыс орталығында орналасқан. Ал аудан орталықтарында жібі түзу авто­бекет жоқ екенін немен тү­сін­діруге болады? Қазіргі нарық­­тық қарым-қатынастар жағ­­дайында оны орнықтыру мен қай­та жаңғыртудың жолдары қандай болмақ? Ашығын айтқанда, бүгінде ірі елді мекендерде болуға тиісті автобекеттердің орнын касса нүктелері атқарып тұр. Мұнымен іс оңғарыла ма? Экономист мамандардың мәлімдеуінше, автобекет үл­гісіндегі құрылымдар мен­шік иелеріне тек пайда, тиім­ділік әкелетін нысандар қата­рына кіреді. Ендеше, осы мүм­кіндікті жіберіп алмаудың жолдарын іздестіру жөн болмас па? Тіпті, алысқа бармай-ақ, аталған мәселені жолаушы тасымалдаушылардың есебінен де шешуге болатыны талас туғыз­байды. Сондай-ақ, жер­гілікті өкілетті органдар бизнес өкілдерімен ор­тақ ұйғарымға келу арқылы ­автобекет нысандарын тұрғыза ала­тынына шәк келтірмейміз. Бұл ара­да бар гәп – ізденісте, істің кө­зін таба білуде болса керек. Тұрғындарға көрсетілетін қандай қызмет түрі болмасын, бүгінгі күн талаптарынан кейін қал­мауы, әсіресе, сер­вистік қызмет деңгейі жоға­ры болуы қажет. Ал ел ішін­де баяғы кеңестік кезеңде жиі пайдаланылған сары түсті, салоны құрқылтайдың ұясындай тар «пазиктердің» түтіні будақ­тап, әлі жүргеніне қалайша қын­жылмассың. Ақтөбе өңірінде де мұндай көріністер кездесіп қалады. Яғни меншік иелері әртүрлі жауап­кершілігі шектеулі серік­тестіктер мен акционерлік қо­ғам­дардың автобус парктерін жаң­ғыртуға немқұрайлы, селқос қарайтынын көрсетеді. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» АҚТӨБЕ