«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 25 қаңтардағы № 141 өкімімен бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды. Бұл түзетулердің негізгі мәні мемлекеттік билік тармақтарының арасында өкілеттіктерді қайта бөлу.
Елбасы Н.Назарбаев өз Үндеуінде атап өткендей, бұл өзгерістерге бірден-бір себеп – бүгінгі күннің сын-қатерлері. Мықты Президенттік билік осы уақытқа дейін өзінің рөлін табысты атқарып келді. Тәуелсіз Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік және дүниежүзілік кеңістікте жеткен тегеурінді жеңістері мен жетістіктерінің барлығы осының айқын көрінісі. Қазір қоғамдық катынастар күрделене түсті, сондықтан оны реттейтін Негізгі Заң да мемлекеттік билік тармақтарының қарым-қатынасын соған лайықтауы тиіс. Өйткені, Негізгі Заңды қоғам мен мемлекет арасындағы келісім деп түсінсек, Конституция мемлекетте орын алған қарым-қатынастардан асып та, кейін қалып та кетпеуі керек. Енді елімізде орын алған экономикалық және әлеуметтік жағдай, тұрғындарымыздың әл-ауқаты, мемлекеттік саяси институттардың соған сай болуын талап етеді. Қорытып айтқанда, бізге есеп беретін Үкімет, белсенді Парламент және заң үстемдігі мен әділдікті жоғары деңгейде қамтамасыз ететін Сот билігі қажет.
Елбасының Үндеуіне сәйкес 40-қа жуық Президент өкілеттіктері Парламент пен Үкіметке беріледі. Мысалы, «Үкімет республика Президентiнің келісімімен мемлекеттік бағдарламаларды бекітеді және олардың орындалуын қамтамасыз етеді». Бұл өте өзекті және уақтылы түзету, өйткені, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы үшін Үкіметтің жауапкершілігі Конституция деңгейіне көтеріліп отыр. Сондай-ақ, «мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдардың қызметкерлері үшін еңбекақы төлеуді қаржыландырудың бірыңғай жүйесін республика Президентiнің келісімімен жобаға сәйкес Үкімет бекітетін болады».
Жобаға сәйкес Парламент өкілеттіктерін күшейту арқылы оның жауапкершілігі өседі. Мәселен, Президент Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсыныммен Үкіметтің құрылымын айқындайды, Президент дербес тағайындайтын және босататын Сыртқы істер және Қорғаныс министрлерінен басқа Үкімет мүшелерін қызметіне тағайындайды және қызметінен босатады деген өзгеріс енгізілмек. Премьер-Министр тағайындалғаннан кейiн он күн мерзiмде Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Үкiметтiң құрылымы мен құрамы туралы республика Президентiне ұсыныстар енгiзедi деген түзету де бар. Сонымен қатар, палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша республика Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға хақылы. Есепті тыңдау қорытындылары бойынша Үкімет мүшесі мемлекет заңдарын орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік дауысымен оны қызметтен босату туралы республика Президентіне өтініш жасауға қақылы. Мұндай жағдайда Президент Үкімет мүшесін қызметінен босатады. Сондай-ақ, Үкімет өзінің қызметінде Президенттің, Парламенттің алдында жауапты болады.
Үкiмет қызметiнiң негiзгi бағыттары және оның маңызды шешiмдерi туралы Президентке және Парламент Мәжілісіне баяндайтын болады. Сонымен қатар, Үкімет жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғарады.
Сондай-ақ, мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімді де республика Президенті Премьер-Министрмен және Парламент палаталарының төрағаларымен консультациялардан кейін ғана қабылдайды.
Тағы бір мынадай түзетуді ерекше атап өткім келеді: Президент адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде, күшіне енген заңның немесе өзге де құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігіне қарап, қорытынды беруі үшін Конституциялық Кеңеске ұсыныстар жолдайды. Бұл толықтырудың маңызы өте зор, өйткені, қолданыстағы Конституция нормаларына сай, күшіне енген заң және өзге де құқықтық актілер сот қарауының шеңберіне түскенде ғана, 78-баптың тәртібінде Конституцияға сәйкестігі тексерілетін. Ал осы түзету қабылданған жағдайда, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жаңа жоғары деңгейге көтерілетіні сөзсіз. Осыған орай, Конституциялық Кеңестің де құзыреті кеңейтіледі.
Сот билігіне байланысты өзгертулер де бар, мысалы, Жоғарғы соттың құзыреті: азаматтық, қылмыстық істер, жергілікті және басқа да соттардың соттылығына жататын өзге де істер бойынша жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген жағдайларда оның соттылығына жататын сот істерін қарайды және сот практикасының мәселелерi бойынша түсiнiктемелер береді деп нақтыланып отыр.
Тағы бір ерекше назар аударуды талап ететін түзету, Конституцияның 26-бабына байланысты, онда «егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, заңды жолмен алынған мүлікке меншік құқығын шектейтін немесе одан айыратын заңдарды және өзге де құқықтық актілерді қабылдауға жол берілмейді» делінген. Бұл мәселенің тарихына үңілер болсақ, Елбасы бес институттық реформаны алға тартқан кезде, оның ішінде, меншік құқығына кепілдік беретін заңның үстемдігін қамтамасыз ету қажеттігін баса айтқан болатын. Елбасы заңның үстемдігін адамның меншік құқығымен тікелей байланыстырып отыр. Неліктен?
Өйткені, адамның конституциялық құқықтарының ішінде адам үшін ең маңыздысы ол – жеке меншік құқығы. Бұл құқықтардың қазақстандық құқықтық жүйеге ғана емес, адамның бостандығы, оның межесі ретінде адамның құқығы, тек қана адам өндіріс құралдарына меншіктену құқығы болғанда ғана орын алып, жүзеге асырылады. Егер өндіріс құралдарына адамның жеке меншігі толығымен жоққа шығарылса, ол жерде бостандық пен құқықтың болуы мүмкін емес.
Жалпы алғанда, Негізгі Заңымызға енгізуге бағытталған бұл түзетулер біздің елімізде демократиялық үдерістердің жаңа қарқынын көрсетеді және Конституциямызда айқындалған Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деген негізгі қағидалардың мызғымастығын айқындайды.
Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА,
Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының кандидаты