• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Қыркүйек, 2011

Өнімділікті арттыру – өмір талабы

670 рет
көрсетілді

Алматы қаласындағы арнайы экономикалық аймақ – «Алатау» инновациялық технологиялар паркінде» үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі үйлес­ті­ру кеңесінің отырысы Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің қатысуымен өтті. Кеңес отырысында «Өнім­ді­лік-2020» мемлекеттік бағдар­ла­ма­сының жүзеге асырылу қар­қы­ны мен «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы эко­номикалық аймағының даму барысы талқыланды. Аталмыш эко­номикалық аймақ ел Президенті Н.Назарбаевтың 2003 жыл­ғы 18 тамызда шығарған №1166 бұйрығына сай бой көтерген бо­ла­тын. Мемлекеттің технология­лық әлеуетін арттыру барысында экономиканың жоғары техноло­гия­лық ағымын жетілдіріп, Қа­зақстан экономикасын халық­ара­лық шаруашылық байланыс жүйе­сіне енгізу, алдыңғы қатар­лы технологиялық және бәсекеге қабілетті кәсіпорындар ашу, жаңа өнім түрлерін шығару, сондай-ақ инновациялық саланы көтеру үшін инвестиция тарту секілді бірқатар мақсаттарды алға қой­ған-ды. Үстіміздегі жылдың 13 мамырында өткен «Иннова­ция­лық Қазақстан-2020» атты мемлекеттік отырыста Елбасы Н.Назарбаев арнайы экономикалық аймақты дамытудың жаңа ұсы­ныс­тарын мақұлдады. Үйлестіру кеңесінің Алма­тыдағы отырысына мемлекеттік орган өкілдері, әкімшілік және Алматы қаласы, Оңтүстік Қа­зақ­стан, Жамбыл және Қызылорда облысынан келген арнайы өн­ді­рістік корпорациялардың маман­да­ры қатысты. Жиналған көп­ші­лік алдында Индустрия және жаңа технологиялар министр­лі­гі өкілінің аймақтардағы өнімділік бағдарламасы бойынша атқарыл­ған жұмыстың нәтижесі туралы есебі тыңдалып, арнайы шақыр­тыл­ған «Қазфосфат» ЖШС-нің жаңашыл жоспарды жүзеге асы­ру әдісі мен заманауи басқару тех­но­логиясын тәжірибеге енгізіп үлгерген орта бизнес өкі­лінің талдықорғандық «Қай­нар» АҚ ак­ку­мулятор зауы­тының бағ­дар­­ла­масын игеру үлгісі ұсы­нылды. Өнімділікті арттырушы ар­найы корпорацияларға оңтүстік ай­мақ бойынша 150 кәсіп­орын­нан өтініш келіп түскен. Қазір олардың құжаттары ресімделіп жатыр. Алайда, Алматы қаласы мен Жамбыл, Шымкент, Қызыл­орда облыстарын қоса есептегенде бұл көрсеткіш әлі де аздық ететініне тоқталған вице-премьер өтініш білдіріп отырған 45 жоба машина жасаумен айна­лысатын компаниялардың үле­сінде екендігін, индустрия­лан­ды­ру картасы аясында іске қо­сыл­ған машина жасаушы 15 жоба жарты жыл ішінде өнімділік қарқынын 26 пайызға арттырып, еңбек өнімділігі бойынша 60 пайыздық жетістікке жетіп отыр­ғанын, ал құрылыс материалда­рын өндіру саласы бойынша өтініш білдірген 28 жоба мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына үлес қосу үшін жасалған оңды қадам екендігін айтып өтті. Со­нымен қатар, қорытындыланған көрсеткішке сай Қызылорда және Жамбыл облысы әкімдерінің орын­ба­сарларынан бағдарламаны жүзеге асыруда сылбырлық та­ныт­қан­дары үшін түсінік беруді сұрады. «Қаржылық шығынды көп талап етпейтін, алайда өнімділікті арттыруда жақсы көрсеткішке қол жеткізетін, сондай-ақ өнімнің құнын жеңілдететін салаларда басқару технологиясын енгізуге көңіл аудару керек» – деді, Ә.Исе­кешев. Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы.