Ертең Венада Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығына кірісуіне арналған мәжіліс өткізіледі
Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Австрияның бірнеше бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беруде. “ORF” радиосының тілшісі Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы кезіндегі жоспарлары жөнінде, еліміздің Орталық Азия өңіріндегі жаңа рөлі туралы, Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен саяси және экономикалық қарым-қатынастары жайында сұрады.
Сейсенбі күнгі нөмірде шыққан мақаламызда Вена қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Австрия Республикасына сапары басталғанын айтқанбыз. Австрияның біздің тәуелсіздік тарихында өзіндік орны бар.
Егемендіктің елең-алаңында, тәуелсіздік қолға енді тиеді деп отырған шақта – 1991 жылдың қазанында ол кездегі одақтас республика Президенті Н.Ә.Назарбаев Австрияның Федералдық канцлері Ф.Враницкийді Байқоңыр ғарыш айлағынан австриялық ғарышкердің ұшуына байланысты келген сапарында қабылдаған болатын. Елбасымыз бен канцлердің адамдық тұрғыдағы қарым-қатынастары жылдар бойы жалғасқанынан да хабардармыз. Президентіміз Австрияға 1993, 1999, 2000 және 2004 жылдары барғанын да білеміз. Екі ел арасындағы қарым-қатынастар қай деңгейде болса да жемісті дей аламыз. Өткен жылдың ақпанында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев басқарған парламенттік делегацияның ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының қысқы мәжілісіне қатысуы, Елбасымыздың тапсырмасымен дайындалған “Еуропаға жол” бағдарламасының таныстырылымы жөнінде газеттің бірнеше нөміріне репортаждарымыз да шыққан. Кеден органдарының мәліметтеріне қарағанда, екі елдің 2009 жылғы қаңтар-қазан аралығындағы сауда айналымы 1,072 млрд. АҚШ долларын құрапты. Қазаннан бергі мәліметтер әлі жинақталмаған сияқты. 2008 жылғы көрсеткіш 1,3 млрд. еуро екен. Тегі, өткен жылғы көрсеткіш 2008-ден кемдеу соғатын сияқты. Қанша дегенмен, дағдарыс қай іске де әсер етпей қоймайды ғой. Негізінде бұл істегі үрдіс өте оң екендігі анық. Соңғы 15 жылдың ішінде сауда айналымының көлемі 12 есе өскен, соның ішінде Қазақстан импорты 17 есе артыпты. Біз бұларға мұнай мен мұнай өнімдерін, минералдар мен минералдық шикізат, металдар, мақта, радиоактивті шикізат, тоқыма өнімдерін жеткізіп береміз, бұл жақтан бізге тамақ өнеркәсібінің өнімдері, ішімдіктер, темекі, мәшине жабдықтары мен тетіктері, электр техникасы жабдықтары апарылады. Австрияның бар тұтынатын мұнайының 25 пайызы Қазақстаннан екенін айтсақ та біздің экономикамыздың тұрақтылығы бұл ел үшін қандайлық маңызды екенін көреміз.
Кеше түстен кейін Қанат Саудабаев Австрия Республикасының Еуропалық және халықаралық істер жөніндегі федералдық министрі Михаэль Шпинделеггермен кездесті. Оның алдында Инвестицияларды қолдау және бірлесе қорғау жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылды. Әңгіме барысында екі ел арасындағы сан-салалы байланыстарды одан әрі ұлғайтудың жолдары қарастырылды. Қазақстан-Австрия қарым-қатынастары сындарлы үнқатысу мен өзара сенім қағидаттарына негізделгені, екі жақ та көкейкесті халықаралық мәселелер жөнінде ұқсас ұстанымда болып келе жатқаны разылықпен атап айтылды. Бұған дейін Австрия Парламентінде Орталық Азия елдері парламенттерінің депутаттарымен ынтымақтастық жөніндегі бастамашылық топ бар екен. Біздің еліміздің осы өңірдегі саяси және экономикалық салмағын ескере келіп, Парламенттің Ұлттық кеңесінің (бұл осындағы жоғары палата саналады) депутаты, Жасылдар партиясының парламенттік фракциясы төрағасының орынбасары Карл Оллингер Қазақстан Парламентімен ынтымақтастық жөнінде жеке топ құруды көздеп отырғаны айтылды. Әңгімеде біздің еліміздегі ұлтаралық келісім жайына да назар аударылды. Мұнан бір айдай бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы делегациясының Австрияға жұмыс сапары болғанын, онда ұлтаралық келісім мен ел бірлігінің қазақстандық моделінің таныстырылғанын осы жерде тағы бір есімізге түсіріп қойдық. Еуропада да бір ұлттан тұратын мемлекеттер қалмай барады. Жаһандану желі жаһанды жайлап тұр. Сондықтан осындағы елдердің өзі тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір жандардың бәрінің басын қосып, сүттей ұйытып отырған біздің мемлекетіміздің тәжірибесіне қызыға қарауда. Үйренбек ойда. Еуропа елдері. Бізден. Қазақтардан.
Келгелі Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Австрияның бірнеше бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беруде. “ORF” радиосының тілшісі Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы кезіндегі жоспарлары жөнінде, еліміздің Орталық Азия өңіріндегі жаңа рөлі туралы, Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен саяси және экономикалық қарым-қатынастары жайында сұрады. “Dіe Presse” газетінің тілшісі Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-ға төрағалық неге осынша маңызды дегенді айтады, Қазақстан осы арқылы өзінің Батыстағы имиджін жақсартқалы жүрген жоқ па дейді, Қазақстанның төраға ретінде ұсынатын тың идеялары бар ма дегенде, біздің еліміздің Ресей ұсынған Еуропадағы қауіпсіздіктің жаңа құрылымына көзқарасын білгісі келеді. “Profіl” журналының тілшісінің сұрақтары да әріптестерінің сұрақтарының маңайында болып шықты. Оған қоса ол “Еуроодақ – Ресей” тұрба құбырлары жобасына Қазақстанның қалай қарайтынын сұрайды. Қанат Саудабаев бұл сұрақтардың бәріне де тыңғылықты жауаптар қайтарды. Сыртқы істер министрлігінің халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенконың айтуына қарағанда, мұндай сұхбаттар тағы да берілетін сыңайлы. Бүгін Қанат Саудабаевтан Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілдігінде БАҚ журналистері сұхбат алатынының үстіне атақты “Рейтер” агенттігінің тілшісі эксклюзивті сұхбат беруді сұрап отыр.
Бұл күндердегі іс-шаралардың бәрін “қарсаңда” деген сөзбен сипаттауға болар. “Абай жолындағы” бір тарау осылай аталушы еді ғой. Негізгі оқиғалар бүгін, ертең болады. Хофбург сарайында Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жолы” кітабының австриялық нұсқасының тұсаукесері өткізілмек. Сондағы Фест залында Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті ұйымдастырылмақ. Министріміз Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған ұзын саны 200 адамдық шығармашылық ұжымдардың, Әлібек Дінішев, Алан Бөрібаев, Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы сияқты өнер жұлдыздарының концерті тұрмақ, сол концертке дайындығын көрудің өзі бір ғажап. Құрманғазы оркестрі, Астанадағы К.Байсейітова атындағы опера және балет теарының симфониялық оркестрі мен хоры мүшелерінің, көптеген жас әншілер мен орындаушылардың осы орасан оқиғаның арқасында Моцарт пен Штраус отанына келгендеріне, музыка меккесі атанған ұлы қаланы көргендеріне толқып тебіреніп, сөйлегендерін, осындай елім бар дегенді мақтана айтқандарын тыңдаудын өзі бір ғажап. Әйтсе де, мен “Қазақ әуендері” акционерлік қоғамының шақыруымен сол концертті газет бетінде көрсету үшін Венаға арнайы келген әріптесім Әлисұлтан Құланбайдың “бақшасына” түспей-ақ қояйын. Қалай болғанда да дәл қазіргі таңда ерекше өрлеу үстінде тұрған қазақ мәдениетінің майталмандары талғампаз Вена жұртшылығын, дипломатиялық корпустың небір ығайлары мен сығайларын өрелі өнерімен қайран қалдырарына күмәнданбаймыз.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ – Венадан.