Назарбаев сүйенген негіздер
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдің жаңару үдерісінде қол жеткізілген табыстарын келесі саяси биліктің қабылдап жалғастыруы үшін мемлекеттік басқару жүйесінде түбегейлі реформа жасауға кірісті. Назарбаев ойластырған жаңа жүйе әдетте бір кісі көп нәрсені белгілеп келген бұрынғы тәжірибенің өзінен кейін теңгерімді жолмен жалғасын табуына жағдай жасайды. Әлемде қақтығыстар жылдам жайылып жатқан алмағайып заманда тұрақтылықты сақтау үшін Назарбаевтың тежеу тетігі мен теңгерімділікті қамтамасыз етуді көздейтінін түсінуіміз қажет. Қазақстанның 25 жылдық тәуелсіздік кезеңін жақыннан бақылаған маман ретінде айтарым, әуелі Парламенттің және одан кейін Министрлер Кабинетінен құралатын атқарушы биліктің Президенттің кейбір өкілеттіктерін алатыны анықталды. Бұл стратегияны бүгінгі күннің нәтижесі деп ойлайтындар қателеседі. Өйткені, бұдан бұрын көптеген салада көргеніміздей, алда да Назарбаевтың ұзақ мерзімді үрдісті сатылы түрде жүзеге асыратынына әлі куә боламыз. Президент Назарбаев өткен жылдың желтоқсан айында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған жиын барысында маңызды өзгерістердің болатынын білдіріп, елдің жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын, мемлекеттік басқаруда Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін арттыруды күн тәртібіне шығаратынын, билік өкілеттіктерін Президент, Парламент және Үкімет арасында қайтадан үйлестіру үшін қолайлы уақыттың келгенін мәлімдеген. Негізінде, осы мәселеде артқа да көз тастап, мына жайтты еске түсіру артықтық етпейді. Назарбаев президенттік жүйеге қатысты алғашқы ірі өзгерісті 2007 жылдың 21 мамырында жасады. Өзгеріс енгізілгеннен кейін Президент былай деді: «Осы конституциялық өзгерістер арқылы басқару жүйеміз президенттік республика болып қала береді, ал Парламенттің өкілеттігін барынша кеңейтуге бағытталған жұмысты жүргізуді ұсынамын. Бұл реформалар бізді президенттік республика моделінен президенттік-парламенттік басқару моделіне алып келеді». Президенттік-парламенттік жүйе бұрынғы кеңестік мемлекеттерді зерттеген Шугарт пен Кэри деген ғалымдардың классификациясының өнімі болып табылады. Оған сәйкес парламенттік жүйенің элементтері маңызын жоймай, халық сайлаған президент жүйедегі өз орнын сақтайды. Осылайша, президенттік, жартылай президенттік және парламенттік жүйеге толығымен ұқсамайтын модель қалыптасады. Бұл модельдің артықшылықтары мен кемшіліктеріне келсек, суперпрезиденттік және парламенттік жүйелер арасында орын алады. Екі жүйенің бірінен екіншісіне өткісі келетін елдер жоғарыда аталған модельмен міндетті түрде бетпе-бет келеді. Конституция тұрғысынан алғанда, бұл модельдің парламенттік немесе суперпрезиденттік жүйеге ауысқанын көрсететін үш маңызды сала заң шығару, тарату және өкілеттігін тоқтату болып табылады. Яғни, «президент заң шығару өкілеттігін өзіне қабылдай ала ма, парламенттің өкілеттігін тоқтата ала ма және министрлер кабинетін тарата ала ма?» деген сияқты сауалдар бар. Қазақстан Ата Заңының ең үлкен ерекшелігі «күшті Президент, күшті атқару органы» қағидаларына негізделуінде жатыр. Елдегі басқару жүйесінің президенттік сипаты Қазақстан Ата Заңының 2-бабында белгіленген. Бұған қоса, осы бапта Қазақстанның мемлекеттік жүйесін анықтайтын үш маңызды тұрақты фактор көрсетілген. Оларға президенттік жүйе, унитарлық мемлекет және республика ұғымдары жатады. Конституцияда, тіпті, Қазақстан Республикасы мен Қазақстан атауларының бір мағына беретіні де ашық жазылған. Қазақстанның Конституциясында Мемлекет басшысының кәдімгі президенттік жүйедегі Президенттен артық өкілеттіктерге ие болғанын көруге болады. Назарбаев өкілеттіктер мәселесіне айрықша мән беріп, оны елдің тарихи үрдісімен байланыстырып, әсіресе, сырттан араласуға қарсы тиімді жауап берудің, тұрақтылықты сақтаудың шарты деп түсіндіреді. Президент Назарбаевтың Ата Заңға түзетулер енгізу арқылы өзгертуге талпынған өкілеттік пен жауапкершілік тепе-теңдігінде аталған баптарға кеңінен орын берілген. «Президент Парламенттің қос қанатының (Сенат-Мәжіліс) төрағаларымен және Премьер-Министрмен келісіп, Парламентті тарата алады». Қалыптан тыс, төтенше және әскери жағдайларда Президенттің өкілеттік мерзімінің соңғы алты айы ішінде тарату заңсыз. «Парламент Президенттің сұрауымен депутаттардың үштен екі бөлігінің басым дауыс беруімен заң шығару өкілеттігін ең көп дегенде бір жылдық мерзімге қабылдай алады». Үкімет Президент және Ата Заңда ашық түрде белгіленген жағдайларда Парламент алдында жауапты болады. Президент өкілеттік берген Премьер-Министр Үкіметті құрып, Парламент сенімін алуға тиісті. Әділет, Ішкі істер, Қорғаныс және Сыртқы істер министрлерін Президент тікелей тағайындай алады.Ықтимал әсерлері
Жоғарыда аталған өзгерістер жүзеге асырылған жағдайда Қазақстан өте маңызды табыстарға қол жеткізеді. Біріншіден, өзгерістер жасалған жағдайда саяси партиялар мен Парламенттің тәжірибесі үлкен маңызға ие болып, саяси демократия бірте-бірте халықтың арасына кеңінен жайылады. Екіншіден, заң шығару, атқару және сот билігі арасында тепе-теңдік жүйесі күшейтілетін болады. Бұл алда болуы ықтимал заңсыздықтардың алдын алуда қазіргіден де күштірек, рефлекстері дамыған мемлекеттік жүйеге алып келеді. Үшіншіден, Қазақстанның соңғы кезеңде халықаралық аренада қол жеткізген жоғары беделінің бір көрінісі ретінде бағаланады. Осылайша, кейбір орталарда демократия және заңның үстемдігі тұрғысынан сыналған Қазақстан халықаралық қолдау тауып, сырттан тікелей инвестиция тартуда бірқатар артықшылықтарға ие болады. Бұған қоса, аталған үрдістің Түркі әлемінде және Еуразия кеңістігінде әсерлері сезілетін болады. Өйткені, жүйелер мен биліктер бір-бірімен үстел басында отырған ресми делегациялар сияқты институттық және құрылымдық сәйкестілік немесе сәйкессіздік мәселесімен бетпе-бет келуде. Назарбаев және Қазақстан – аймақтағы ынтымақтастық үлгілерінің ортасында орналасқан ел ретінде көршілеріне, экономикалық және саяси серіктестеріне күшті сигнал беру қасиетіне ие мемлекет. ЕҚЫҰ, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ және Түркі кеңесі сияқты институттану үрдісінің бел ортасында ойып тұрып орын алған Қазақстан Республикасындағы соны талпыныстар көптеген елдің өз ұстанымын қайтадан тұжырымдауға негіз қалыптастырады. Қазақстанның Түркі әлемінде өте маңызды орны және ықпалы бар. Қазақстанның өз Конституциясын жетілдіру саласында жасаған осы күшті қадамы Түркі әлемінде және барған сайын кеңейе түскен ортақ кеңістікте жоғары бағаланатын болады. Күршад ЗОРЛУ, саясаттанушы, Түркия, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін