• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
09 Қыркүйек, 2011

Дін істері заңнамасын жетілдіру – өмір талабы

293 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Мәжілісінде Дін істері жөніндегі агент­тік төрағасы Қайрат Лама Шариф «Дін істері және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң жобасын таныстырып, тұсаукесерін жасады. Қазір қоғамымызда көкейкес­ті мәселенің бірі болғандықтан, оған деген қызығушылық ә дегеннен орасан болды. Қайрат Лама Шарифтің баяндамасында жаңа заң жобасының негізгі тұ­жы­рымдамалары мен ерекшеліктері, мақсаты мен қағидаттары туралы айтылды. Соның ішінде елдегі қазіргі діни ахуалға шолу жасалып, заң жобасының қажет­ті­лігіне назар аударылды. «Дәл қазір мемлекеттің діни қоғам­дастықтармен тығыз, өзара әре­кеттесуі мен сындарлы үнқа­ты­суы арқылы біздің елдегі дінсіздік, сондай-ақ діни көзқарастың шектен шығуы сияқты келеңсіз құбылыстардың таралуына жол бермеуге ықпал ететін уақыт келді. Дін – біздің қоғамымыздың ажы­рамас бөлігі. Сондықтан да мемлекет Қазақстандағы діндер­дің дамуы­на әрқашанда назар ауда­ра­тын болады. Қарастыры­лып отыр­ған заң жобасы қоғам­дық және діни мүдделердің тепе-теңдігін сақтауға бағытталған», деді ол. Діни сенім-наным бостанды­ғы заң жобасында үш негізгі қа­ғидатқа сүйенетіні айтылды. Олар бейтараптық, толерантты­лық және теңдік, деді шешен. Заң жобасы бойынша діни бірлестіктер 18 жасқа толған азаматтар­дың бастамасымен құрылады. Бұ­дан 18-ге толмаған жастың діни бірлестікке мүше болуға құқы жоқ деген ұғым туатын секілді. Заң жобасы діни бірлестіктердің қай конфессияға жататындығын көрсетпей, жалпылама атаумен тіркелуіне де жол бермейтіні белгілі болды. Бұл «Ата жолы» деген секілді жалпылама аттарды жа­мы­латын секталардың тіркелуін шектейтін дұрыс тұжырым екен. Сонымен қатар, отбасын бұзуға, дүние-мүлкінен айыруға шақыра­тын немесе мәжбүрлейтін бірлестіктер де тіркелмейтін болып шықты. Баяндамада ауруханалар, қарт­­тар мен мүгедектер үйлері және түрмелерде әкімшілік адам­дар­дың діни сенім бостандығын сақтау жөніндегі тілегін қанағат­тан­дырып, діни қызметшілерді шақыруға көмек көрсетеді делінді. Сонымен қатар, сырттан әке­лінетін діни әдебиеттерге сараптама жасалы­на­тындығы ай­тылды. Миссионерлік қызметтерді ауыз­ға алғанда Қ.Лама Шариф көп­теген елдерді мысалға келтіріп, оларда шетелдік миссионерлерге тыйым салынғанын немесе қызметтеріне шектеу қойыл­ға­нын атап өтті. Солардың қата­рында Қытай, Грекия, Австрия, Малайзия аталды. Ал бізде бү­гінгі күні 27 мемлекеттен шамамен 300-ден астам миссионер келіп, тіркеуден өтіпті. Олар көбі­несе Польша, Корея, АҚШ, Германия Ресей, Украина, Италия, Швейцария және Испаниядан келгендер екен. Заң жобасында шетелдіктер миссионерлік әрекетті Дін істері жөніндегі агенттікте тіркеуден өт­кеннен кейін ғана жүргізе ала­тындығы және жыл сайын қайта тіркеуден өтетіндігі міндеттеліпті. Шешен сөзін аяқтаған бойда сұрақтар жауып кетті. Со­ның ішінде депутат Қ.Уәли Қа­зақ­станның батысында пайда бол­ған ағымдарды, сондай-ақ «Асыл Арна» телеарнасын, әй­ел­дер мен жас қыздардың хиджап киюін сынап, осыларға қандай тосқауыл болатындығын сұрады. Әрине, кәсіпкер дипломат бол­ған төте сұрақтарға мүмкін­дігінше жұмсақ жауап беруге тырысты. Соның ішінде хид­жап­тың араб бәдәуилерінің ұлттық киімдері екендігін деректерге сүйеніп айтып берді. Депутат Н.Сабильянов діни ғибадат­ха­на­ларға әке-шешесінің атын беруді шектеу туралы арнайы бап неге енгізбеске деген ұсыныс жа­сады. Сондай-ақ ол жобада ғибадат­ха­налардың өндіріспен ай­на­лысуы­на рұқсат берілетінін жақтырмай­тынын білдірді. Ғиба­дат­­ханалар коммерциялық құры­лым емес қой, сондықтан олар­дың өндіріс­пен айналысуына жол берілмегені дұрыс, деді депутат. Депутат Б.Тілеухан діни мақ­сатпен заң бұзушылық жасаған­дарға 50 АЕК көлемінде айыппұл салудың аз екендігін, оларға қылмыстық іс қозғалуы қажетті­гін көрсетуді сұрады. А.Смайыл заң жобасының кіріспесінде дін дегеннің өзі не екеніне түсінік берілуі қажеттігін еске салды. Депутат Г.Сейітма­ған­бетова жатақ­ханада тұрып, намаз оқитын студенттерден қауіп­тенетінін жеткізді. Маған бір ата-ана шағым жасап, Еуразия университетінде оқитын қызы­ның жанында тұратын қыз­дар­дың дін жолында екендігінен шо­шынып, оны басқа бөлмеге ауысуға көмек беруін сұрады, деді ол. Осы сұрақ туралы пікірін айт­қан Сәдуақас Ғылмани мешітінің имамы Бақтыбай Қыдырбайұлы адамдардың намаз оқитын жастардан қауіптенетініне қынжы­лы­сын білдірді. Керісінше, ата-ана қызының ондай иманды адам­дармен бірге жүргеніне қуа­нуы керек. Әрине, кейбір қауіпті ағым­дардың бары рас, бірақ жас қыз­дардың сондайлардың қата­рын­да екеніне көзі жетпей тұрып байбалам салу қателік, деді ол. Сөйтіп, көп пікірталастар мен түрлі ұсыныстар тудыратын заң жобасы Парламенттің қарауына алынды.