Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин біздің елімізге алғаш рет ресми сапармен келген Чехия Парламенті Депутаттар палатасының төрағасы Ян Гамачек бастаған делегациямен кездесті. Бұл – екіжақты парламентаралық қарым-қатынас үшін тарихи оқиға, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Бұл Н.Нығматулиннің пікірінше, Чехияның екіжақты әріптестікті одан әрі ынталандыруға деген мүдделілігін білдіреді.
Чехия Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі екенін алға тартқан Мәжіліс Спикері қос мемлекет президенттерінің өзара сенім мен сындарлы қатынасқа құрылған маңызды кездесулері екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға серпін беріп келе жатқанын атап өтті.
Палата Төрағасы кездесу иелеріне Қазақстан Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы Үндеуі және биылғы халыққа арнаған Жолдаудың басым бағыттары жайында әңгімеледі.
Жолдауда, әсіресе, экономикалық бағытты жаңғыртуға айрықша назар аударылғанын алға тартқан Н.Нығматулин Қазақстан экономикасында Чехияның өзіндік орны бар екеніне тоқталды.
Мәселен, біздің елімізде чехиялық капиталдың қатысуымен 100 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 186 млн долларды құрайды.
Ал бүгінгі күні өзара іс-қимылды одан әрі күшейтудің басым бағыттары – ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика, фармацевтикалық өндіріс және туризм салалары.
Өз кезегінде Ян Гамачек, Қазақстанның 25 жыл ішінде жеткен жетістіктерін тарихи табыс деп бағалай келіп, Қазақстан Президентінің тек аймақтық емес, әлемдік саясаттағы тұлғалық рөліне айрықша көңіл бөлді.
Кездесу иелері осы жылдың маусым айында Астанада ашылатын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін де назардан тыс қалдырмады. Онда Чехия Президенті Милош Земан құрметті қонақ ретінде қатысады деп күтілуде. Көрмеде аталған мемлекеттің арнайы павильоны болады, бұл Праганың ЭКСПО мамандандырылған көрмесіне алғаш рет қатысуы.
Жүздесу барысында, сондай-ақ, аймақтық қауіпсіздік, мәдени-гуманитарлық, сонымен бірге, парламентаралық ықпалдастықты күшейтудің маңызды мәселелері талқыланды.