Еліміздің қос палаталы Парламент депутаттарына аса маңызды міндет жүктеліп отыр. Олар ақпанның алғашқы онкүндігінде облыстардың аудандары, қалалары мен шалғай ауылдарында болып, Елбасының халқымызға арнаған Жолдауының басты басымдықтарын және билік тармақтары өкілеттіктерін бөлу шарттарын жұртшылық жүрегіне жеткізуге тиіс.
Ақмола облысына келген Мәжіліс депутаттары екі топқа бөлініп, жұмысты белсенді түрде жүргізді. Елге танымал азаматтар алдымен Астрахан және Целиноград ауданының халық тығыз қоныстанған төрт елді мекенінде болды. Депутаттар Мұрат Теміржанов, Сергей Звольский, Майра Айсина, Петр Шарапов, Ирина Аронова, Ирина Унжакова Новочеркасское, Астрахан, Родина, Ақмол ауылдарында көпшілік көңіліндегі келелі әңгіме өрбітті.
Халық қалаулылары Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының стратегиялық бес басымдығының мазмұнын, соған байланысты алға қойылған міндеттер мен мүмкіндіктерді саралай талдады. Сонымен қатар, мемлекеттік билік өкілеттіктерін бөлудің демократиялық қадамдарды қуаттандырудағы мақсаттары ашып көрсетілді.
Жұртшылықпен кездесулердегі пікір алмасулар барысында ел ішін толғандырып отырған сұрақтар қойылып, нақты ұсыныстар айтылды. Мәселен, ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарламалардың ықпалын арттыру қажеттігіне назар аударды. Әсіресе, «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында ауыл тұрғындары үшін жеке тұрғын үй құрылысына несие қаражатын бөлуді оңтайландыру өзекті болып отыр. Бұл тұрғыда «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің» алдын ала қаржы жинақтау талаптарын қайта қарау жөнінде өтініштер түсіп жатты. Жоғарыдағы төрт ауылдағы кездесулерге қатысушылардың дені шағын және орта бизнесті дамыту үшін екінші деңгейдегі банктер несиесінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, ауылдық кооперативтердің болашағы, жекеменшік құқығының қорғалуы, баға мен тариф саясаты, қаржылық сауаттылықты арттыру, үштұғырлы тіл сияқты мәселелерді көтерді. Бұған Мәжіліс депутаттары тиянақты түсінік берді.
Мұрат ТЕМІРЖАНОВ: Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Жолдауында сіздерді мазалайтын сұрақтарға жан-жақты жауап қайтарылған. Елімізді түбегейлі жаңғыртудың үшінші кезеңі осы мәселелердің кешенді шешілуіне де байланысты болмақ. Сайлаушыларымыздың 40 пайызы ауылдық жерлерде тұратындықтан, өзім де осы саланың өкілі болғандықтан, Елбасы Жолдауындағы «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» деген басымдықты мерейлі міндет санаймын. Бұл қоғамның ортақ күш-қарымымен жүзеге аспақ. Оның тиімді жолдары ашып көрсетілді. «Made in Kazakhstan» бренді әлемнің көптеген мемлекеттеріне белгілі. Әйткенмен, диқандарымыз тәуекелшілдікпен жұмыс істейді. Субсидиялау жалғасын табатын болады. Бірақ, ауа райына тәуелділік сақтандыру мәселесін жетілдіруді талап етуде. Ендігі жерде өндірілген өнімді сақтандыру тәртібі кепілді өтемді қамтамасыз етумен қатар, шетелдік сақтандыру компанияларының қызығушылығын арттырады деген ойдамын.
Үй шаруашылығы мен фермерлік құрылымдарды кооперативтерге біріктірудің ақмолалық тәжірибесі назар саларлықтай. Қаржыландыру мәселесі де артып келеді. Мемлекет бұрынғы 3 миллион теңгелік шағын несиені 16 миллионға жеткізу арқылы кәсіпкерлікті барынша дамытуға жол ашып беріп отыр. Бұл қала мен ауыл тұрғындарының бірдей мүмкіндікке ие екендігін көрсетеді.
Майра АЙСИНА: «Жаңғыру 3.0» Жолдауының барлық басымдықтары Қазақстан халқының, мемлекетінің абыройлы дамуын көздейді. Мұнда индустрияға цифрлық технологияны енгізу аса маңызды. Мемлекет басшысы алғашқы басымдықтар қатарында Үкіметке ІТ-стартаптар халықаралық технопаркін құруды тапсыруы жаңа дәуір талаптарымен үндес келеді. Бұл экономиканы барынша дамытумен бірге қолданыстағы құрылымдарды жетілдіруге мүмкіндік береді. Отбасылық бизнес, қаржылық сауаттылық, тағы басқа қажеттіліктер осыдан басталады. Өмір сапасын арттыру өз қолымызда дегеніміз де осы.
Балаларымыз базалық білім алып қана қоймай, оны тиімді пайдаланатын тұлға дәрежесіне көтерілуі керек. Біз жедел банкинг, электронды қызметті пайдалануымыз қажет. Жаңа дәуір адамдары ендігі жерде сырттай байқаушы бола алмайды. Осы жерде кең ұғымдағы тәрбие ісінің ауқымы артатындығына, оған баршамыздың қатысуымыз керектігіне назар аударғым келеді.
Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы