• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Ақпан, 2017

Үміттерді үкілейтін орталық

245 рет
көрсетілді

Әр адамның, әр отбасының арман-мұраты ұрпақ жалғастыру екені сөзсіз. Алайда, тағдырдың жазуымен, әртүрлі себептермен балалы болу бақытына қол жеткізе алмайтын жандар да кездесіп қалады. Адам баласының осындай өзекті мәселесін шешуде медицина ғылымы көмекке келді. Бұл – аналарды жасанды ұрықтандыру жолымен өмірге сәби әкелу мүмкіндігін сыйлау. Әлем елдерінде бедеулік 8-29 пайыз шегінде болып келеді. Қазақстанда отбасы жұптарының 16 пайызында бедеулік кездеседі. 2016 жылы бедеулік дертінен емделуге 1348 отбасылық жұп дәрігерлік көмекке жүгінген, соның ішінде 674 жұптың емде­луінің жалғыз жолы қосалқы репродуктивтік технологияларды, соның ішінде ЭҚҰ және ИКСИ болғандықтан облыстық перинаталдық орталығының кеңес беру-диагностикалық бөлімінің бедеулік кабинетіне бағытталды. Осы жұптардың бедеулігінің ең қысқа мерзімі – 7 жыл. Жыл сайын Қазақстанда ЭҚҰ бағдарламасына 700-800 квота, ал Ақтөбе облысына 40 квота бөлінеді. Сонымен қатар, ЭҚҰ қажет 674 жұптың 300-і квота алу үшін қажетті өлшемдерге сай болған. Осыған орай облыстық пери­на­талдық орталығының кеңес беру-диагностикалық бөлі­мін­де экстрокорпоралдық орта­лығы ашылды. Орталықта бедеу­лікті қосалқы репродуктивті техно­логиялармен емдеу әдісі қолданылады. Облыстық перинаталдық орталықтың басшысы Асхат Балықовтың айтуынша, бүгінде 2000-ға жуық бедеулік белгісі бар аналар кезекте тұрған көрі­неді. Бұған дейін Алматы, Астана қалаларында жасанды ұрық­тандыру жолымен балалы болуға 40 квота бөлінсе аталмыш орталықта 50 анаға осындай меди­циналық көмек көрсетілуде. Аналарды жасанды ұрықтандыру әртүрлі жағдайларға байланыс­ты 250-280 мың теңге көлемінде түседі. Ал бұл көршілес Орынбор облысында 2-5 мың АҚШ доллары болады. Орталықты күрделі жөн­деуге 60 миллион теңге қаржы жұмсалды. Мекемені меди­циналық жарақтармен жабдықтау 420 миллион теңгеге түсті. – Біздің орталық медици­налық қондырғылармен жарақ­тандырылуы бойынша ТМД елдеріндегі бірегей мекеме. Шетел­дік қондырғы арқылы бала­лардың ана жатырындағы дамуын айқын анықтаймыз. Осы қондырғы арқылы мүгедек балалардың өмірге келуінің алдын алуға мүмкіндігіміз бар, бұл ТМД елдерінде жоқ. Бізге осындай жағдай жасағаны үшін Елбасымызға, өңір басшысына алғысымыз шексіз, – дейді орталықтың медициналық-генети­калық қызметінің меңгеру­шісі Любовь Бойко. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы