• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Ақпан, 2017

«Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты көптомдықтың тұсауы кесілді

351 рет
көрсетілді

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Халықаралық түркі академиясының ұйытқы болуымен жиын өтті. Түркі тілдес халықтардың Атажұрты саналатын Қазақстан Астанасындағы жиынға қазақ зиялыларымен қатар, батыс пен шығыстан, түстік пен теріскейдегі түбі бір туыс халықтардың зиялы қауым өкілдері қатысты. Отырыс барысында «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты көптомдық еңбектің тұсауы кесілді.   ЮНЕСКО-ның шешімімен «Халықаралық ана тілі күні» деп жарияланған 12-ақпан қарсаңында басылып шыққан бұл сүбелі еңбек Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қолдауымен жарық көрген. Түркиялық профессор Суер Екердің ғылыми жетекшілігімен іске асқан жобаға әлемнің 26 елінен 130 ғалымның 132 зерттеуі топтастырылған. Ал мақалалар ағылшын, түрік, орыс, қазақ, өзбек және басқа да тілдерде жазылған. Түрлі-түсті фотосуреттермен көркем безендірілген көптомдықты оқырман қауымға таныстырған академия басшысы туыс халықтардың тамырына қан жүгіртетін мұндай туындыны басып шығару бастамасы ЮНЕСКО-ның арнайы бағдарламасы аясында орындалып отырғандығын атап өтті. Шара аясында сөз алған Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы, профессор Мұса Йылдыз бен Башкент университетінің профессоры, жоба жетекшісі Суер Екер кітаптың жазылу тарихын әңгімелеп, тағдырлы тілдерді зерттеу мен қорғау жайлы пайымды пікірлерімен бөлісті. Әңгіме барысында жинаққа зерттеулері енген мамандардың әлемнің түрлі елдері мен сан түрлі университеттерінде, ғылыми ұйымдарында жұмыс істейтіні белгілі болды. Ал оларды тауып, танып, ұжымдық еңбекке жұмылдыруда байланыс тетігі ретінде әлеуметтік желілердің өзін әжетке жарата білген. «Мәселен, біз осы кітапқа материалдар әзірлеу барысындағы соңғы бес жыл ішінде байланыс құралы осы екен телефонмен ғана шектелген жоқпыз. Хат, хабар алмасуда электронды поштаны былай қойып, әлеуметтік желілердің ішіндегі фейсбуктың өзін пайдаға жараттық. Соның нәтижесінде әлемге тарыдай шашылған түркі тілдес халықтардың өкілдерінен бас-аяғы 10 мыңнан астам деректер жиналды», – деді С.Екер. Сондай-ақ, алқалы жиында туыс халықтардың атынан тілектестігін білдіріп, сөз сөйлегендер қатарында мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков пен  Астанада Түркі кеңесі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов бұрынғы түрік дәуірінің асқақ өркениет болмысын танытатын зерттеулердің бүгінгі бүтін Түркі әлемі үшін зор маңызға ие екенін айтты. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан Омаров