Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы жан-жақты талқыланған актив жиналысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі тұрлаулы жалғастырудың нақты жолдары айқындалды.
Алқалы басқосуда аймақ басшысы Ерік Сұлтанов баяндама жасап, Үшінші жаңғырту талабы еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру маңыздылығымен ерекшеленетінін, бес негізгі басымдық озық мемлекеттердің қатарына қосылуға бағдарланғанын, «Қазақстан-2050» стратегиясының заңды жалғасы екенін атап көрсетті.
Алдымызда экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуын жүзеге асыра отырып, жаңа индустрияландыруды өркендету секілді өте ауқымды кешенді міндеттер тұр. Бұл үдерістер барлық саланы қамтып, экономиканың құрылымына сапалық өзгерістер әкеледі. Дәстүрлі базалық салалардың әлеуеті артып, экспорттық өндіріс жолға қойылады, дей келіп, Ерік Хамзаұлы өз сөзіне дәйек ретінде жергілікті жерлерден мысалдар келтірді.
Е.Сұлтанов, сондай-ақ, Жолдауда экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін тау-кен металлургиясының стратегиялық маңызын сақтауға зор мән берілгенін, бұл бағыт бойынша геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, жерасты байлықтарын игеру өндірісіне басымдық беріліп отырғанын жеткізді. Қалайының молдығы жөнінен Орталық Азия бойынша ең ірі «Сырымбет» кен орнында тау-металлургия комбинатын тұрғызуға 10 миллиард теңге бағытталатын болады. Сонда жылына 2 миллион тонна өнім шығарылып, 600 жаңа жұмыс орны ашылады.
Баяндамашы жол, тұрғын үй, басқа да инфрақұрылым құрылысын жандандыру, жергілікті құрылыс материалдарын өндіру жайына да айрықша тоқталды.
Аймақ басшысының айтуынша, Елбасының тапсырмасы бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру шеңберінде алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын баспанамен қамтамасыз ету секілді іргелі міндет тұр. Жергілікті бағдарламада тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді шаралары жан-жақты қарастырылған. «Солнечный» және «Южный» шағын аудандарынан төрт мыңға жуық жер телімі бөлініп, жеке адамдардың баспана салуына қамқорлық жасалады. Сондай-ақ, 250 үй тұрғызу үшін типтік жобалар жасалып, мердігерлер бекітілген. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына арналып 530 пәтерлі 6 көп қабатты жалгерлік үй тұрғызылады.
Е.Сұлтанов бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылық, адами капитал сапасын жақсарту басымдықтары бойынша алда атқарылатын шараларды әңгімеледі. Тиісті орындарға нақты тапсырмалар беріп, сапалы әрі уақытында орындалуын қадағалауды жүктеді.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы