• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2017

Жеңіл атлетикамыз неге жүдеу?

406 рет
көрсетілді

“Спорт патшайымы” аталатын жеңіл атлетика Қазақстанда жақсы дейтін деңгейде дамыған спорт түрі болатын. Бұл кешегі жағдай еді. Ал қазір ше? Кешегі мен бүгінгінің арасына көз жүгіртіп көрелікші.

«Бұл не деген батпан құйрық...»

Мына қызықты қараңыз, қазіргі кезде жазғы Олимпия ойындарында бір ғана жеңіл атлетиканың өзінен 47 медаль жиынтығы (!) сарапқа салынады. Сонда бәрін қосып санағанда – 141 жүлде. Осы спорттың түрін қарыштата дамытып, жүлдені күреп алып отыруға болады, әрине... Мысалы, былтырғы Рио-2016 додасында АҚШ жеңіл атлетиканың өзінен 32 медаль (13 алтын, 10 күміс, 9 қола) олжалады. Тіпті, Ямайканың өзі Рио Олимпиадасынан, осы «Спорт патшайымы» жарыстарының қысқа қашықтықтағы сындарынан 11 медаль (6 алтын, 3 күміс, 2 қола) еншіледі. Ал Кенияға 2016 жылғы ойындарда бұйырғаны – 13 медаль (6 алтын, 6 күміс, 1 қола). Олар да осы жүлделерін түгелдей тек жеңіл атлетикадан иеленді. Негізінен, алыс қашықтықтардағы бәйгелерден қол жеткізді. Тек бір күмісті ғана найза лақтырудан алды. Ал біз ше? Бағымызға қарай, Тәуелсіздігімізге қол жеткізгелі үш талантты жеңіл атлетіміз бірінен соң бірі ел намысын абыроймен қорғап, жерге қаратпай жүр. Олар – Ольга Шишигина, Дмитрий Карпов және Ольга Рыпакова. Осы үшеуі халықаралық дүбірлі додаларда жеңіл атлетикамыздың туын жықпай  келеді...

Инфрақұрылымның иіні түскен

Қазір қақаған қыс. Ал бізде жеңіл атлетикаға арналған манеждер тым аз. Алматыда, Қарағандыда, Өскеменде, одан соң Шымкент пен Петропавлда. «Көктем шыққан соң көкке ілігеміз» деген қазақтың мәтелі бұл жерде өзімізді жұбатуға келмейді. Себебі, біздің елде бір-ақ стадион бар. Иә-иә, жеңіл атлетикадан халықаралық, тіпті республикалық жарыстар өткізуге болатын бір ғана спорттық кешеніміз бар. Ол – Алматыдағы Орталық стадион. Қалған стадиондардағы жүгіру жолдарының сертификациясы жоқ. Яғни заман талабына сай емес. Әрине, біздің спортшыларымыз қол қусырып бос отырмайды. Әркім бар мүмкіндікті пайдаланып, маусым бойы дайындалады. Қайсыбіреуі саябақта, енді біреуі заман талабына сай емес стадионда жүгіріп жаттығады. Содан кейінгі бір қиындық, жеңіл атлеттеріміз жаттығу жұмысын жыл он екі ай үздіксіз жүргізе алмай отыр. Мәселен, бізде Сергей Рубцов деген спортшы болды. Ол ядро серпуден Қазақстан рекордшысы болатын. Осы спортшымыз қыс кезінде жаттығу жұмыстарын жүргізе алмай жүретін. Себебі, дала – аяз, айнала – қалың қар. Қайда барып дайындалады? Осылай жеңіл атлетиканың техникалық түрлеріндегі спортшыларымыз бірнеше ай бойы жаттығу жұмыстарын жүргізе алмай, спорттық баптарынан айырылып қалады. Жаз шыққанда олар шетелдік бәсекелестерін қалайша қуып жетсін? Жыл сайын кемі бес ай омалып үйде отыру оңай емес... Проблема деген өте көп. Мәселен, сырықпен секіретіндер не істейді, биіктікке және ұзындықа қарғушылар қайда барады? Найза лақтыратындарға адам көп жүретін жерлерде жаттығуға мүлде болмайды. Балға және диск лақтыратындар да амалсыз солардың кебін киеді. Кедергілер арқылы жүгіретіндерге жол кептелісінде тұрған автокөліктер арасымен жүйткуге болмайды ғой енді... Таланттардың бәрі ауылда дейміз. Қажырлы, төзімді жігіттер де ауылда дейміз. Ал біздің жеңіл атлетикамыз ауыл тұрмақ, қалада қолдау таппай отыр. Лайықты деңгейде қолдау көрсетіліп отырған жоқ. Шалғайдағы ауыл тұрмақ, елордамыз Астанада жеңілатлеттерге арналған не бір стадион, не бір манеж жоқ... Алматыдағы жалғыз стадионның өзін «Қайрат» клубының қожайындары тек қана футболға икемдеп, қайта құрылымдап алғысы келеді...

Маман қайда, майталман?

Бізде бұрын білікті бапкерлер көп болатын. Бірақ қолда бар мамандарымызды бағалай алмадық. Бәрінен айырылып қалдық. Бұл жерде талай таланттың томағасын сыпырған білікті бапкерлерімізді тізіп шыққымыз келіп отырған жоқ. Бүгінде олардың аттарын атап, түстерін түстегеннен уақыт кері айналып келмейді. Ал біздегі тәжірибелі жаттықтырушылардың көбісі кезінде жағдай жасалмағандықтан, шет елдерге кетіп қалған. Тек қана Ресей емес, Еуропа елдері мен Америка асып кеткендері де бар... Кейіннен Ресейден қайтып келгендері де болды. Бапкерлер тұрмақ,  Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында жүлдеге ілігіп жүрген әйгілі спортшыларымыз да шет елге кетіп қалды. Олардың бәрі де кеңес заманында шыңдалып, тәжірибе жинаған мамандар. Мысалы, Владимир Муравьев Германияға, Григорий Егоров пен Игорь Потапович Испанияға, Ольга Турчак Ресейге кетіп қалды. Бұл тізімді одан әрі жалғастыра беруге болушы еді, бірақ одан пайда бар ма?!

Мешел менеджмент, мүшкіл маркетинг

Қазіргі Қазақстан жеңіл атлетикасының қарыштап дамып кете алмай отырған себебінің бірі – менежменті мен маркетингтің тұралап қалуынан. Қазақстан жеңіл атлетикасы федерациясында білікті мамандар санаулы ғана. Штаттық кестесінде адамдар аз. Негізінен бар шаруаға федерацияның бірінші вице-президенті ғана жүгіріп жүргені. Бірақ, 47 медаль жиынтығы сарапқа салынатын спорт түрінде қалайша бір адам бәріне бірдей үлгереді? Бар ауыртпалықты жалғыз өзі көтеруі әсте мүмкін емес сияқты. Иә, бұл екі медаль жиынтығы ғана сарапқа салынатын батутта қарғу спорты емес қой! Мысалы, осыдан екі-үш жыл бұрын онсайысшы Дмитрий Карпов федерацияның осындай шикіліктерін аймаңдай қылып, жайып салды. Отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында Афины Олимпиадасының қола жүлдегері Қытайда өткен Азия чемпионатында өзінің басқа біреудің сырығымен секіруге мәжбүр болғанын айтып қынжылды. «Сырықпен секіретін сайыста маған басқа біреудің сырығы берілді. Сырық па, таяқ па белгісіз. Бұл дегеніңіз бөтен адамның іш киімін киюмен бірдей ғой», деп мұңын шаққан. Бетін аулақ қылсын, бірақ әлгі сырық сапасыз болып шығып, сынып кетсе не болар еді?! Сондықтан, жеңіл атлеттеріміз шет елге шыққанда олардың сырықтарын, басқа да керек-жарақтарын алып бару мәселесімен айналысатын адамдар да болуы керек қой. Шет елге барған соң олардың сол жақта жаттығу жұмыстарын ұйымдастыру керек. Спортшылардан нәтиже талап ету үшін, бірінші кезекте оларға жан-жақты жағдай жасау керек емес пе? Тіпті қонақ үй мен стадион арасына қатынау мәселесі де алдын-ала шешіліп қоюы керек. Өз елімізде болса бір жөн, бірақ шет елде жеңіл атлеттерді күнделікті күйбең тірлік тауқыметіне салып қою дұрыс емес. Олардың бар ойы жоғары нәтиже көрсету болуы керек. Негізі, Халықаралық жеңіл атлеттер федерациясы қауымдастығы (IAAF) туы астында көптеген коммерциялық жарыстар мен сайыстар өткізіледі. Бірақ оған қатысып жүрген Қазақстан спортшылары бірлі-жарым. Осы олқылығымыздың да орнын толтырып, заман үрдісіне сай «тазы болып шалуды» да үйрену керек сияқты.

Түйін

«Елу жылда – ел жаңа» дейді халқымыз. Қазақтың жеңіл атлетикасының да жаңаратын, өзгеретін кезі келді. Жалпы, бұл спорт түрі бізге жат емес. Қолға алсақ, жоғары нәтижелерге жете аламыз. Оған шамамыз жетеді. Бұл сөзімізге жоғарыда өзіміз атап өткен марқұм Ғұсман Қосанов пен бұйыртса, бірер күннен кейін 80-ге толатын Әмин Тұяқов ағаларымыздың жетістіктері дәлел бола алады. Сонымен қатар, әлемдегі сахаралардың бәрін аралап шыққан марафоншы тек қазақ баласы ғана екенін де ұмытпайық. Марат Жыланбаев дүние жүзінде Азия, Африка, Австралия және Америкадағы барлық шөл далаларды жүгіріп өткен жалғыз адам. Бұл да қазақтың қайсарлығы мен төзімділігінен хабар бермей ме?! Ендеше, жеңіл атлетиканы дұрыс жолға салып, заман талабына сай дамытуды қолға алсақ, атақ-даңқтан кенде қалмасымыз анық. Бұл жерде ұлттық және мемлекеттік мүдде жеке бастың қамынан жоғары болуы тиіс. Жеңіл атлетикамыздың тамырына қан жүгірте алатын білікті, білімді мамандарды бұл іске жұмылдыру да асқаралы мақсаттардың бірі. Нұрғазы САСАЕВ