Кеше Мемлекет басшысының Қостанай облысына сапары аяқталды
Шіркін, қыркүйек молшылық пен сұлулықты бірдей ұғындыратын бояулар гаммасын ала келеді. Көшенің қос қапталын көмкерген тал-қайың, жөке, шетен мен үйеңкі тамыздағы тоқ жасыл күйден алуан түске ауыса бастаған. Ақша бұлттардан ада көк зеңгір аспандағы алтын күннің шуағы бояуы қаныққан гүлдерді де, көңілдерді де құлпырта түскендей. Қостанай қаласының қасындағы осы аттас аудан орталығында мамыр айында ашылған стадионның айшықтығы да қыркүйек бояуларымен үйлесім тауып тұр. Ауыл спортшылары стадионды тиісінше еркін меңгерген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысқа сапарының екінші күнін Затобол кентіндегі осы стадионды көруден бастады. Жазық алаң болса доп қуа жөнелетін ауыл баласы енді УЕФА-ның талаптарына жауап беретін кәсіби стадионда жаттығулар өткізеді. 61 миллион теңгеден аса қомақты қаржыға салынған стадиондағы футбол алаңына жасанды кілем төселген, оның астына жылу құбыры жүргізілген, прожектор ол жанып тұр. Стадионның әкімшілік ғимаратының ішінде спортшылар мен жаттықтырушыларға арналған кабинеттер, ал жертөлесінде жаттығу залдары орналасқан. Ауыл стадионы енді республикалық чемпионат ойындары өтетін базалық нысанға айналды. Нұрсұлтан Назарбаев өзін қарсы алған спортшылармен тілдесті. Президент тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өзі әкелген гольф ойыны енді тек Астана мен Алматыда ғана емес, облыстарда да қолға алына бастады. Бес жыл бойы команда республикалық жарыстардан төбе көрсетіп жүр. Биыл облыста құрылған гольф мектебіне 120 ойыншы, 4 жаттықтырушы қабылданды. – Бізде бокс, күрес сияқты дәстүрлі спорт түрлері бар. Ал үлкен теннис, гольф сияқты дүние жүзі ойнайтын сұлу спорттың түрлерін кеңейте беру керек, – деді Елбасы қостанайлық гольфшыларға. Ал спорттың төресі жеңіл атлетиканың негізі ауылда жатыр. Ауыл баласы қашанда секіріп, жүгіріп өседі. Президент олардың жетістіктерін сұрап, ауыл балаларына ризашылығын білдірді. Дегенмен, жеңіл атлетикадан әлемдік жарыстарда елдің байрағын көтергендер аз. Президент жас спортшыларға еліміздегі спорттың осы түрінен биік жетістіктерге жету керектігін және спорт денсаулық кепілі екенін тағы да еске салды. Нұрсұлтан Назарбаев Қостанайға келген сапарларында білім ошақтарында болады. Бұл сапарында да Қостанай ауданында ашылған қазақ орта мектебіне жолы түсті. Осы ауданның Заречный ауылында биыл 1 қыркүйекте оқушыларға есігін ашқан 300 орындық жаңа мектептің құрылысы өткен жылы басталған еді. Республика бюджетінен бөлінген 729 миллион теңге қаржының арқасында сәні де, сәулеті де келіскен мектеп үйі бір жылдың ішінде ауыл балаларының игілігіне ұсынылды. Ауылда бой түзеген мұндай мектеп алдымен ауыл баласына қазіргі заманғы өркениет жетістіктерінен қалыс қалмауға мүмкіндік береді. Жаңа мектепте балалар екі интерактивті тақтаны, мультимедиялық, лингафон, заманауи жабдықталған физика, химия, биология, информатика кабинеттерін пайдаланады. Мектепте 42 балаға арналған шағын орталық жұмыс істейді, сонымен қатар 22 бүлдіршін дайындық сыныбына барады. Облыстағы тілдік ортасы жұтаң Федоров және Таран аудандарында 300 орындық қазақ мектептерінің құрылысы басталды. Есір ауылында 150 орындық мектеп мен Амангелді кентінде 100 орындық мектеп-балабақша кешені таяу уақытта пайдалануға берілмек. Осының барлығына ең алдымен білікті мұғалім мамандар қажет. Нұрсұлтан Әбішұлы, мен мектепке Қостанай педагогика институтын бітіргеннен кейін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша келдім. Жәрдем алдық, енді пәтер алуға мүмкіндігіміз бар. Мемлекет тарапынан жастарға жасалып отырған қолдау үшін рахмет, – деді ағылшын тілінің мұғалімі Арайлым Сәуекенова. Облыста «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы ерекше назарға алынып отырады. Өйткені ауыл жастармен ғана өркендейді, гүлденеді. 2009 жылы жоғары және арнайы орта оқу орындарының – 573, ал 2010 жылы 679 түлегі ауылға барды. Биыл тамыз айына дейін тағы да 379 түлек мамандығына сай қызметті ауылдан тапты. Олардың арасында әлеуметтік салаға барғандарына мемлекет тарапынан көмек көрсетілді, ауылдарда жастарға арналып үйлер салынып жатыр. – Мемлекет білім саласына жұмсайтын қаржыны жыл сайын көбейтіп келеді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 780 мектеп салынды. Мұның барлығы да экономиканың өсуі мен мемлекеттік саясаттың дұрыстығының арқасы. Ал мұғалімдерге қойылар талап күшті. Білімдеріңіз бен біліктеріңізді жақсарту үшін талаптаныңыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мұнан кейін Елбасы отырған кортеж Қостанай ауданындағы астықты алқапты бетке алды. «Заречный» тәжірибе шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің астық алқабын аралады. Бұл шаруашылықты Қостанайдағы астық өсіру ісінің аңызына және абызына айналған ғалым-агроном Валентин Двуреченский басқарады. Валентин Иванович көп жылдан бері астықты нөлдік немесе ылғал сақтау технологиясымен өсіреді. Өзі озық әдісті насихаттаудан да жалыққан емес. Президент аралаған алқаптың бидайы мен арпасы белуардан асады, масағы иіліп тұр. Шаруашылық мамандарының айтуынша, әр шаршы метр жерде 550 тал масақ өсіп тұр, әр масақтың басында 40-тан аса дән бар. Бидай орылып жатыр, әр гектарынан 30 центнерден айналуда. Мұндай көрсеткіш республиканы қайдам, Қостанайда әлі қайталанған жоқ! Валентин Двуреченский бастаған ылғал сақтау технологиясын облыстың барлық дерлік диқандары қолдайды, оның тиімділігін де жақсы біледі. Биыл Тобыл-Торғай өңірінде көктемде 4,6 миллион гектарға дәнді дақылдар себілді. Соның 3,9 миллион гектары немесе 90 пайызы нөлдік технологиямен өңделді. Осы озық технологияның арқасында облыс диқандары қатарынан екі жылғы құрғақшылықта да қамбаны астықсыз қалдырмаған еді. Ал биылғы жаңбырлы жылы Қостанай даласына бұрын-соңды болмаған бітік егін бітті. Бүгінге дейін 2 миллион 400 мың гектардың егіні орылып, 2 миллион 370 мың тонна астық бастырылды. Гектар түсімділігі 17 центнерден айналуда. Қыркүйек шуағының арқасында астықтың ылғалдылығы 12 пайыздан аспайды. Мамандардың айтуынша, биылғы алтын дәннің қамырлылығы да нормаға сай. Диқандар келесі жылдың қамын ойластырып, тұқымдыққа қажетті бидайдың 370 мың тоннасын қамбаға құйып қойды. Ендігі мақсат қысқа уақытта астықты жинап алу болып отыр. Алтын аймақ төрінде тұрып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қостанайлық диқандарды маңдайалды деп бағалады. Нұрсұлтан Назарбаев дала қосында облыстың ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен кездесіп, келелі кеңес құрды. Осы саланы, ауылды көтеру үшін тәуелсіздік алған жылдардан бастап көп жұмыс атқарылды. Алайда оның нәтижесі қанағаттандыра қоймайды. – Ауыл шаруашылығында халықтың еңбекке қабілетті бөлігінің 30 пайызы жұмыс істейді, сол 30 пайыз Қазақстан экономикасы көлемінің 5 пайызын ғана береді. Осы көңілге қона ма? Мен алдағы уақытта осы көрсеткішті 20 пайызға дейін көтеруді міндеттеп отырмын, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы ауыл шаруашылығы экономикасын көтерудің мақсатты жолдарын санамалап көрсетті. Ауыл шаруашылығы табысты негізінен егіннен алады. Президент сондықтан диқандарға ең алдымен жаңа, озық технологияны пайдалануды тапсырды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, нөлдік технология астықтың гектар айналымын 1,5 есеге арттырды. Екіншіден, техниканы барынша жаңалау осы саланы табысқа жеткізеді. Ол үшін ауыл шаруашылығына қажетті техниканың барлығын да мүмкіндігінше Қазақстанда құрастыру керек. Мұның жақсы мысалдары қазірдің өзінде бар. Мысалы, Қостанайдағы «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамы құрастырған комбаиндар шетелдік техникалардан ешқандай кем емес. Есесіне ол диқанға 30 пайыздай арзанға түседі. Үшіншіден, Елбасы диқандарға мал шаруашылығына бетбұрыс жасауды тапсырды. Іргедегі көрші Ресей Бразилиядан 800 мың тонна ет сатып алады. Ал осындай сұранысты дәл қасында отырып жіберіп алу шаруаға да сын болар еді. Кеден одағы да тиімділігін көрсетері хақ. Нұрсұлтан Әбішұлы 2015 жылы Ресейге 60 мың тонна ет жіберу міндетін айта келіп, ол үшін Қазақстан бойынша 54 бордақылау алаңдары мен 2300 фермерлік шаруашылықтар құруды тапсырғанын жеткізді. Мал шаруашылығы жем-шөпсіз тұл болады. Сондықтан малға жұғымдылығы күшті рапс, жүгері алқаптарын кеңейтетін уақыт жетті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы мал тұқымын асылдандыруды егін шаруашылығындағы техника жаңалаумен салыстыра айтты. Асыл тұқымды мал ет молшылығына жеткізеді. Елбасы, төртінші міндетті ауылдың экономикасын көтеріп, елдің молшылығын жасайтын көкөніс шаруашылығы деп атады. Тамшылатып суару технологиясы – көкөніс молшылығының кепілі. Нұрсұлтан Әбішұлы оның еліміздің оңтүстік аудандарындағы жақсы мысалын да тілге тиек етті. Тамшылатып суару көкөніс өнімділігін 4-5 есеге дейін арттырады. Көкөніс көбейсе оны өңдейтін зауыттар қатары да түзелері сөзсіз. Елбасы көкөніс сақтау қоймаларын көптеп салу бесінші міндет екенін айтты. Мұнан кейін Нұрсұлтан Назарбаев ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге ауылдың әлеуметтік жағын тапсырды. – Еліміз тәуелсіздігін алған 20 жылдың ішінде көп іс тындырылды. Алты мың километр жол салынды. 2020 жылға дейін қалалардың барлығы, ауыл-селоның 80 пайызы тұщы сумен қамтамасыз етіледі. Мемлекет осының барлығына қаржы бөліп отыр. Халықты жұмыспен қамту, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламаларын жасадық. Енді осы бағдарламалар жергілікті жерлерде жұмыс істеу керек, – деді Елбасы жиналғандарға. Елбасының бұл сөзін Қазақстанның Еңбек Ері, «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры С.Бұқанов, Алтынсарин атындағы шаруашылық жетекшісі Б.Князев, «Диев» агрофирмасының басшысы О.Даниленко, Науырзым ауданындағы Қожа ауылдық округінің әкімі А.Күйекбаева, тағы басқалар қолдады. – Нұрсұлтан Әбішұлы, ең алдымен астықтың бағасын шешіп бердіңіз. Тоннасын 25 мың теңгеден сатсақ бұл тақиямызға тар келмейді, диқандар үшін жақсы баға! Ал қазіргі рынокта бидайдың тоннасы 12-15 мың теңгеден артпайды. Азық-түлік корпорациясына биыл сатқан астығымыздан ғана біздің шаруашылық 50 миллион теңге табыс табады екен. Екіншіден, жанар-жағармайдың жеңілдігі де диқандарға үлкен мүмкіндік берді. Мысалы, базарда майдың литрі 120 теңге тұрады, ал біз оны 79 теңгеден жеңілдікпен алдық. Біз науқанға төрт мың тонна жанар-жағармай алып жұмсадық, сонда 16 миллион теңгені тек осыдан ғана үнемдеппіз. Сізге диқандарды қолдағаныңыз үшін рахмет айтамын. Өзіңіз айтқан әлеуметтік әріптестікті әрқашан қолдап келеміз. Мысалы, ауылда тұрған соң ең алдымен баспана керек. Мен биыл бір пәтерді жас мұғалімге, екінші пәтерді қаладан ауылға көшіп келген мал дәрігеріне салып бердім. Ауылдағылардың жағдайы жақсы, – деді Сайран Бұқанов. Елбасы ауыл экономикасын көтеру жолында тер төгіп, молшылық жасап жүрген кәсіпкерлермен әңгіме барысында ауыл халқымыздың кіндігі байланған қасиетті мекеніміз екенін еске салды. Ауыл шаруашылығы дамыса, ауылдағы ағайынның әлеуметтік тұрмысы жақсара түссе байлықтың да, бақыттың да мекені сол. Елбасының сындарлы саясаты да, халқы үшін жасап отырған еңбегі де осы бағытта екенін қостанайлықтар да ұғынды. Н.НАЗАРБАЕВ. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
•
09 Қыркүйек, 2011
Байлығым, бақытым – ауылым!
431 рет
көрсетілді