Күз айы еді. Күн борасындау. «Бөген» елді мекенінен автобусқа отырдым. Бұл баяғы, 1921 жылы, пролетариат көсемі В.И.Ленин Арал балықшыларына хат жолдап, аштыққа ұшыраған Поволжье халқына жомарт қолдарыңды созыңдар деп өтініш еткенде айрықша үлес қосқан ауыл-ды.
Жаныма етженді кісі жайғасты. Көптен таныспыз. Қайып Сүлейменов. Қазір Қызылордада тұрады, жасы сексенге таяп қалған. Өзі «Бөгеннен» 7-8 шақырым аралықтағы 20-30 үйлі, теңіз жағасындағы «Тәуір» қыстағында туып өскен. Әкесі Есенов Сүлейменнің кәсібі балықшы екен. Ильичтің хатына жауап ретінде 2,5 ай аулаған балығын тегін бергендердің бірі.
– Жалғыз біздің әкей ме? – деді Қайып күліп, – Сағындық, Төлеген, Әбдікәрім және басқалары да күзгі абыржымен алысып, жүріп, жанқиярлықпен еңбек еткен. Содан бері де зулап 95 жыл өте шығыпты-ау!
– Жас кезіңде ойнақ салған атамекенге тағзым еткелі келе жатқан боларсыз?
– Жоқ-ә... Қазір «Тәуірде» де, онымен іргелес « Қызыл қайырда» да ел жоқ. Бұл жолы 63 жыл бұрынғы айыбымды өтеп, көңілім тыншып қайтып барамын.
– Қалай дедіңіз! – деп оның әжімсіз ажарына таңдана қарап қалыппын. Айыбы несі?
Ол да маған тесіле қалды.
– Әй, балалық-ай!.. Әлде әсіре қызығу ма? «Тәуірде» аралас заттар дүкені болды. 1948 жылы ғой. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығы қалпына келмеген қиындау кез. Ашқұрсақбыз. Киім-кешек тапшы. Үлкен калошты кезек-кезек сүйретеміз. Қалың қарда мектепке қарай жалаң аяқ жүгірдік те... Осындай күндердің бірінде дүкенге аяқ киім түсіпті. Қазіргі үй ішінде киетін жеңіл аяқ киім. Оны кию бізге арман. Онша қымбат та емес. Бірақ ақша жоқ. Бесінші сыныптамын. «Кіші түбектегі» жеті жылдық мектепке жаяу қатынап оқимын. Дүкенші Жұпан есімді ағай. Соғыстан қайтқан майдангер. Әкесі Тәжімбет ишан мешіт ұстаған деседі. Өзімше жоспар құрдым. Іңір қараңғысы. Қарауылда туыстас інім Әділхан тұрды. Дүкеннің үп-үлкен терезесін оп-оңай аштым. Сөйтіп, «тәпішкенің» 4-5 жұбын қойынға тықтым. Терезе әйнегін қайта жауып, тайып тұрдық... Сыбағама екі жұбы тиді. Есік алдына келгенде бір тылсым «Тоқта!» деп жекіргендей болды.
Ал үйге кірем. Қайдан алдың дейді. Ақша жоғы аян. Не деймін. Ал мектепке киіп барам. «Әдемі екен» дейді. «Бағасы қанша?» дейді. Не деймін? Құрысын, басым қатты. Содан қораның қуысына, шөп-шалаңның арасына екі жұп аяқ киімді тыға салдым.
Жеті жылдықтан соң Аралға келіп, нағашымның үйіне жатып №13 мектепте оқуымды жалғастырдым. Аттестатқа ие болғасын шоферлық курста оқып, Арал автобазасында 10 жыл жүк машинасын жүргіздім. 1967 жылы Қызылордаға көшіп №1 автобазада ұзақ жыл еңбек еттім. Зейнетке шықтым. Үйлі-баранды, бала-шағалы болдым. Тыл ардагерімін.
Десе де, баяғы ұрлығым ойымнан кетпейді. Жүрегіме қара дақ болып жабысты да қалды. Қалай құтылам? Сұрастырсам, Жұпан аға дүниеден озған. Қымбат жеңгей сол қара шаңырақта отыр екен... «Бөгенге» жедел келіп, мешітке соғып аға рухына құран бағыштадым. Бір қызығы, әлгі мешіт Тәжімбет ишанның атында екен де, Жұпан ағаның Әнуарбек есімді баласы сонда имам екен. Қымбат жеңгеме барып сәлем бердім. Осылай да осылай деп «жырлап» аяқ киімнің құнын әлденеше өсіммен төлеп, «мені кешіріңіз», батаңызды беріңіз, – дедім.
– Ой-й, айналайын-ай, – деді жеңгей сөз төркінін түсініп, – пәленбай жылғы балалық шалысыңды ұмытпай, алдыма келіп тұрған саған рахмет. Кештім, кешірдім, жай қолыңды, деп ақ батасын берді.
* * *
Қамыстыбас стансасына жеткесін Қайып мырза автобустан түсіп қалды... Көзден таса болғанша терезеден қарап отырдым. Баяғы етженді, ауыр денесі жеңілденіп, қанат байлап ұшып бара жатқандай елестеді... «Иманды адам – ибалы адам» демекші, жол үстінде кейіпкердің өз аузынан есіткен хикаяны әлдекімдерге үлгі болса игі, деген ниетпен қағазға түсірдім.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер
Қызылорда облысы,
Арал ауданы