• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2017

Қазақстанда қандай мемлекеттік органдар толыққанды ақпарат береді?

225 рет
көрсетілді

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бүгінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ашық ақпаратты жариялау тұсы ақсап тұрғанын мәлімдеді. «Министрлік өткізген мониторингке сәйкес, орталық мемлекеттік органдардың ішінде Энергетика министрлігі, Әділет министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігі, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің (қазіргі кезде екі бөлек министрлік - авт.) ресми сайттарында толыққанды ақпарат бар. Ал жергілікті атқарушы органдардың ішінде Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облыстарының порталдарында xалыққа қажетті ақпаратты жариялау жағы жақсы. «Ақпарат туралы» заң күшіне енгелі бері біршама өзгерістер байқалып отыр. Алайда, ашық ақпаратты ресми сайттарда жариялау жұмысы әлі де ақсап келеді», – деді Абаев. «Мемлекеттік органдардың тиісті ақпаратты ресми сайттарда жариялау міндеті Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында да көрсетілген. Дегенмен, кейбір мемлекеттік органдар ашық ресурстар арқылы өз жұмысын жеткілікті түрде көрсетпейді яғни, халыққа толыққанды ақпарат берілмейді. Мәселен, мемлекеттік органдардың ресми сайттарындағы бөлімдерді ақпаратпен толтыру бойынша нақты міндет бар. Алайда, ол міндетті орындау жағы кенжелеп тұр. Осы уақытқа дейін жіберілген ескертулерге қарамастан, ресми ақпаратты жаңарту жағы сын көтермейді», – дейді Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы аясындағы шараларды атқаруды бақылау жөніндегі арнайы топтың мүшесі Виктор Бусс. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар өз сайттарын ағылшын тілінде жүргізуге асықпайды. Соның салдарынан шетелдік сарапшылар олардың жұмысына баға бере алмауда. «Мемлекеттік органдардың барлығында дерлік жемқорлыққа қарсы қосымшалар ағылшын тіліне аударылмаған. Мұның өзі тиісті жұмысқа атүсті қарайтынын көрсетсе керек. Негізі, халықаралық сарапшылар ресми мәліметтермен бірге сайттардан қажетті ақпаратты алып отырады. Демек, қазір олар ондай ақпаратты ала алмай отыр. Содан мемлекеттік органдардың имиджі  төмендейді. Сондықтан осы саладағы жұмысты күшейту керек», – дейді Бусс.