«Елордамыздың өсіп-өркендеуімен бірге үлкен әдеби орта қалыптасты. Қаншама ақын-жазушылар, шығармашылық адамдары Астанаға көшіп келіп жатыр. Дегенмен де, қазіргі заманда әдебиетке де қорғаушы керек болып тұр. Міне, «Әдебиет порталы» интернет-жобасы сол құндылықтарымызды, әдебиетіміздің асыл мұраларын насихаттаса деген ойым бар», дейді қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков әдеби порталды таныстыру рәсімінде.
Иә, шынында, Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне қарасты «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» – замануи ақпараттық технологиялар жетістігін пайдалана отырып, қазақ әдебиетін насихаттау, оқырмандар мен қаламгерлер арасындағы әдеби байланысты жандандыру, түрлі шығармашылық іс-шараларды ұйымдастыруды жүзеге асырып отырған Орталық Азия кеңістігіндегі тұңғыш ғаламторлық бірегей әдеби жоба.
– Әдебиеттің мәні үлкен, – дейді белгілі жазушы Төлен Әбдік. – Адамгершіліксіз өмір сүруге болмайды. Бойында ондай қасиет болмаған адам аңға айналады. Ал ол білімді болса, тіптен қауіпті. Адамгершілік қасиет ең алдымен отбасындағы тәрбие, сосын әдебиет арқылы беріледі. Сондықтан, әдебиетті, кітап оқуды барынша насихаттау керек. «Әдебиет порталы» – қазіргі технологияның дамыған кезеңінде осы іске жаңаша серпін береді деген сенімдемін.
Иә, портал отандық рухани өнімдердің цифрлы форматтағы базасын құру, қазақ, орыс және өзге тілде жазатын қазақстандық қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау, жалпы, әдеби үдерісті жандандыру арқылы қоғамда биік талғамның, мемлекетшілдік ой-сананың қалыптасуына игі ықпал етуді көздейді.
– Бұл әдеби порталдың мүмкіндігі өте көп, – деді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев. – Технологияның соңғы мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тек жазба түрінде ғана емес, оқырмандарға аудио, бейнежазбалар арқылы да қызмет етеді. Елдің руханиятын дамытуға атсалысып жатқан мұндай порталдарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде.
Іс-шарада сондай-ақ, ақындар Қалқаман Сарин, Қанат Омаров, Жанат Әскербекқызы және басқа да шығармашылық өкілдері өз ойларын білдіріп, тұңғыш ғаламторлық әдеби жобаға сәттілік тіледі. Мінбеге шыққандардың барлығының сөз соңында өзіне ұнайтын бір өлеңді оқып беруі бұл шараның басты ерекшелігі болғаны анық. Бұл күні министр де, ғалым да, жазушы да жырдан шашу шашты. Интернет жобаның жетекшісі Бауыржан Қарағызұлының айтуына қарағанда, дәл қазір әдеби портал қорында 5 мыңға жуық
электронды кітап бар екен. Және тағы бір айтары, бұл порталға кез келген ақын-жазушы өз еңбектерін салып, әлеуметтік желі ретінде пайдаланып, өз оқырмандарымен байланыса алады. Алдағы уақытта қазақстандық және шетелдік үздік ақын-жазушылардың шығармалары мен сұхбаттары жиі беріліп тұрмақ.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА