Парламент
«Егемен Қазақстанның» арнаулы беті
Парламент сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бесінші сессия барысында Парламент алдында тұрған заң шығармашылық міндеттің төрт блогын атап көрсетті. Солардың бірі – құқық қорғау органдарын реформалау жөнінде бірқатар нақты талаптар қойды. Қылмыстық атқару жүйесі, құжат ресімдеу ішкі істер органдары құзырынан алынып, Әділет министрлігіне берілгені белгілі. Өкінішке қарай, олар бұл жұмысты дөңгелетіп алып кете алмады. Осы ретте жағдайды батыстық стандарттарға сай бейімдеу оңай шаруа емес екендігін орынды атап кеткен жөн. Кеңестік дәуірден жылдар бойы қалыптасқан дағдылар бұған мүмкіншілік бере де бермейді. Әрине, оның шешімі бар, бірақ оған қомақты қаржы қажет. Сот жүйесін реформалау мәселесі де өткір күйінде қалып отыр. Қазіргі кезде сот жүйесіне қоғамдық бақылау жетіспейді. Олар өз заңдарын қабылдап алғанымен, көптеген кемшіліктерге жол беріп отыр. Жоғарғы Соттың алты бірдей судьясының үстінен қозғалған қылмыстық іс осындай кемшіліктердің салдарын көрсетсе керек. Өткен жылдың өзінде әр түрлі деңгейдегі 11 судья заңды бұрмалағаны, пара алғаны және өзге де қылмыстары үшін жазаланды. Менің пайымымша, судьялық кадрларды іріктеген кезде жариялылық қажет. Халық тағайындалатын судьялар туралы өз пікірлерін айтса, сонда ғана дұрыс таңдау жасалады. Сот жүйесінің жұмысы азаматтық қоғамға ашық болғаны жөн. Қарап отырсақ, құқық қорғау органдарының ұйымдасқан қылмыспен күресуге барлық мүмкіншіліктері бар. «Қорғас» кедені тәжірибесінен құқық қорғау органдарының қылмыспен байланысы болғанын көреміз. Осы мәселе Елбасының тікелей бақылауында. Осы жерде кімнің кінәлі екендігі ашық айтылып, сол адамдар жазасын тартуы тиіс. Егер олар жазасын алмай кетсе, онда бұған дейін қолға алынған шаралардың барлығы да түкке тұрғысыз болып қалады. Елбасы өз сөзінде жемқорлыққа қарсы күресті кеңейту керек дегенді атап айтты. Осы орайда назар аударатын нәрсе, жемқорлықпен күресті халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырған жөн. Мемлекеттік қызметкер жауапкершілігін арттыру – уақыт талабы. Елбасы сәуір айында болған Үкімет жиналысында да осыны атап көрсеткен-тін. Содан бері алты ай өтсе де облыстарда, аудандарда жоғары лауазым иелері парамен ұсталып жатыр. Бірақ өз орынтағын тастап кеткен ешбір басшыны көрмейсіз. Елбасы қызметінен кет демегенше отыра беруі тиіс пе екен. Сондықтан да бұл норманы заңға кіргізіп, нақты шаралар қолданған ұтымды. Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ, сенатор.