• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2017

Ақылдың азабы

416 рет
көрсетілді

Бүгінде адам баласының ақыл-ойы арнасынан асқандай. Соның арқасында ілім-білімнің ілгерілегені сондай, екі күннің бірінде елді есінен тандыра жаздайтын таңғажайып жаңалықтарға таңдай қағып, бас шай­қап үлгермейтін болдық. Эври­ка­лаған дауыстарға елең етуден қал­дық. Тіпті, біреу-міреу «күнге кора­бль ұшыратын болыпты» десе де міз бақпайтын мінез таптық. Ғылыми-техникалық жетістіктер игі мақсаттарға бағытталса, әрине, ға­ни­бет. Ал ақылды бастар ойлап тап­қан ға­жайыптар бәріміздің алтын бесігімізге ба­ланатын ғаламшарға қауіп-қатер төн­діретін қуатты құралға айналса, н­а­ғыз нәубет емей, немене?! Қазіргі таң­да қыруар қаржы жұмсалатын іргелі ғы­лыми ізденістер нәтижесі негізінен әскери-өнеркәсіптік әлеуетті арттыруды көздейтіні шымбайға батса да, шындық. Атом арсеналына ие елдердің қашан да бір тамыры артық соғады. Әлемге әмірлерін жүргізіп, айналасына астамси қарайтындарын қайтерсің. Аспан асты, жер үстіндегі қарайған халық солардың қас-қабағын бағады. Коммунизм мен империализм ымы­ра­ға келе алмай, итше ырылдасқан «қыр­ғи-қабақ соғыс» кезінде жанта­ла­са қарулану жарысы шарықтау ше­гіне жеткені белгілі. Меніңше, соның қасіретін қазақтар қаттырақ тартты. Жерімізде 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалды. Замана зұлматының зар илеткен зардабын айтып тауыса алмаймыз. Тұңғыш Президентіміз өзінің Жарлығымен Семей полигонын жапқаннан кейін ғана дүние жүзін дүрліктірген дүлей дүмпулер тыйылып, тыныштық орнады. Сөйтіп, Қазақстан жаһандық қауіпсіздік жолындағы батыл қадамдарын бастады. Тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма бес жылда республикамыз бірқатар бағалы бастама көтерді. Былтыр Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Әлем. XXI ғасыр» манифесін жариялап, еліміздің бейбітсүйгіш ерік-жігерін, ізгі ниетін тағы да паш етті. Соғыстың тамырына балта шабу адамзаттың ең күрделі өркениеттік міндеті екенін атап көрсетіп, халықаралық қоғамдастықты «соғыссыз әлем» құруға үндеді. Мей­ма­насы тасыған мемлекеттер бас­шы­ларының планета тағдырына жауапты екендіктерін ескертті. Басқаны қайдам, өз басым үрейлене қарайтын және бір үрдіс, кейінгі кез­дері космостық елдердің қатары кө­бей­іп келеді. Осы жақсы ма, жаман ба? Анау жылдары атышулы «Қазсаттың» тәжірибелік нұсқасымен та­­нысуға қазақстандық журналистермен Мәскеуге барғанымда мен бұл сұ­­рақ­ты Хруничев атындағы Ресей ға­рыш ғы­лыми-зерттеу орталығының бас дирек­торы Александр Медведев мыр­заға қойдым. Та­лайды көрген тақуа кеңге көсілгісі келмеді ме, «Онда тұрған не бар, қоршаған ортамыздың ой-шұқырын бірлесе танып-білуге күш саламыз», деп қысқа қайырды. – Дұрыс қой... Бірақ, бес құрлықтың бе­тінде сыйыса алмай қырқысып жүргенімізде космостың төрі де тарлық етпей ме? – деген екінші сауалымызды естігенде ол еріксіз мырс етті де, екіұштылау жауап қайырды. – Бәрі де мүмкін... Осыдан соң ойланбай көріңіз. Айтпақшы, қара суды теріс ағы­зар­дай терең білімдері әлемге қан­ша­лық­ты қасірет әкелетініне көзі жеткен көп­теген ғұлама-ғалымдардың алған бет­терінен айнығанын неге еске алмаймыз. Физикадағы салыстырмалылық тео­риясының негізін салушы Альберт Эйн­штейннің ең соңғы еңбегі адамзатты атом апатының алдын алуға шақырған үндеу болыпты. Ажалға амал қайсы, жартысын ғана жазып біткенде жан тап­сырған. Рас-өтірігін қайдан білейік, да­ра тұлғалы данышпан кейінгі ғылыми жұмыстарының қолжазбасын отқа жақ­қан көрінеді. Кешегі Кеңестер Одағының қор­ға­ныс қабілетін арттыру желеуімен «же­лігіп» сутегі бомбасының кіндігін кес­кен, соңынан бұл сұмдықтың залал-зар­дабынан қорқып, райынан қайтқан ака­демик Андрей Сахаров өнегесінен бү­гінгі әріптестері неге сабақ алмайды? 2003 жылдың мамыражай көк­те­мі­нде, Жеңіс мерекесінің қарсаңында Қазақстанға жолы түскен атақты конструктор Михаил Калашниковтің шаш­бау­ын көтеруші шағын топтың құ­ра­мын­да Алматы облысындағы Матай стан­сасына бардым. Дүние жүзіне ең көп та­раған атыс қаруының авторы баяғыда өзі жұмыс істеп, автоматының алғашқы нұсқасын сынаған депоның ұжымымен кездесіп, ескі достарымен емен-жарқын әңгімелесіп, өткен-кеткенді емірене еске алды. Ағынан жарылған әңгіме үстінде былайша өкініш білдіргені есімде қалып қойыпты. «Мен бұл автоматты Отан қорғаушыларға арнап жасап едім. Алайда, оны теріс пиғылды террористердің қолында жүргенін те­ле­дидардан көргенде өлердей өкі­не­мін. Бәлкім, қарапайым шаруаның қа­же­тін өтейтін шөп шапқыш агрегат жа­са­ға­ным­да көңілім бұлай бұзылмас па ­еді, кім білсін?!» Жан сырын жайып салған жа­рық­тық­ты сол арада бір түрлі аяп кеттім. Асып-төгілген ақылы арылмас аза­бы­на айналған Адамзатты алда не күтіп тұр екен?..

Талғат БАТЫРХАН,

«Егемен Қазақстан»