Өмірде Мұқағалидан бір-ақ күн кеш туған Есенқұл ақын 60 жасын атап өтіп үлгермей жатып, оқыста дүниеден өткен күні қазақ ақындарының «Жетісудағы жыр бәйтерегі құлады» деп жүректері «қарс» айырыла күңіренгені әлі көз алдымызда...
Есенқұл Жақыпбековті еске алу кеші Ұзынағаштың Мәдениет үйінде атап өтілді. Сахнаға көзі түскен қауым:
Сарғалдаққа бір қуанып,
Қызғалдаққа бір қуанып,
Өмір өтті-ау сырғып ағып,
сырғып ағып... –
деп Есенқұл жазған жыр жолдарына көзі түсіп, бір мұңайды... бір қуанды. Мұңая отырып, Есенқұлдың халықтық әнге айналған жыр жолдарын іштей ыңылдап айтып, ара тұра көзіне жас іріккендер де аз болмады. Атшаптырым залда ине шаншар орын қалдырмай ақын жырымен үнсіз ғана іштей тербеліп, толқып отырған халықтың қуанғаны ақынның екінші өмірінің басталғаны еді.
Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Дастан Шалтабаев қызметке тағайындалғаннан кейінгі бірінші өткізіп тұрған бұл кеші оның мәдени саладағы қызметінің тұсаукесеріндей болғаны да ақиқат. Халық ол жауапкершілік жүгін өмірден асығыс өткен ақ жүрек ақынның пәк жүрегіндей, мұнтаздай тап-таза өткізгені үшін Шалтабаевқа ризашылық танытты. Өмірден жұлдыздай ағып өткен ақынның халық арасындағы екінші өміріне мән бере тоқталып, елінің арлы ақынын ешқашан ұмытпайтынын алға тарта сөйлеген Дастан Шалтабаев қазақы салттан да аттамай, ақын Есенқұлдың жары Меңсұлудың иығына камзол жапты, бір құшақ райхан гүлін сыйлады.
Сахнаға бірінен соң бірі шыққан Есенқұлдың өнердегі сыралғы достары, шәкірттері тағдыры қызық, таланты дара ақынның шығармашылығын мейлінше дәріптеді. Жыр оқылды, ән айтылды, театрландырылған қойылым көрсетілді. Журналист, сатирик, сазгер, лирик әрі айтыс ақынының Жамбыл атамыздың ізін басқан жас өреннің бірнеше буынын халықтық саф өнерге өндіре баулығаны өз алдына бір төбе. «От тілді, орақ ауызды» бүгінгінің айтыс ақындары – Есенқұлдың шәкірттері сахна төрін бермеді. Әрбір көрініске көз тіге тынып, Есенқұлдың әні мен жырын құлағына құйып тыңдап, дүркін-дүркін қол соғып отырған халық екі сағаттан аса уақыт алып, шашаусыз өткен кеш біткен сәтте «үһ» деп бір күрсінді. Мұнысы – мұңлы ақынның ән-жырымен шын сезімге беріле тербелгені еді.
Есенқұлдың ел аузындағы аса танымал «Өмір өтті...» өлеңіне ән жазған, ақынның тірісінде шығармашылықта үзеңгілес болған адал досы Бағлан Омаровты сөзге тарттық:
– Есенқұлдың еске алу кеші бүгінмен, яғни, бір күнмен аяқталмақ емес. 23-24 ақпан күні Қарасай ауданында ақынға арналған шығармашылық үлкен жиын өтеді. Қазақтың барша әдебиет-өнер жұлдыздары сонда жиналады, келіңіздер, есік ашық, – деді шығармашылық жиынның бас режиссер-модераторы композитор Бағлан Омаров.
...Алдай-ау, алдай, алдай-ау,
Дүние түбі балдай-ау.
Алқынған күндер
талпынған,
Жәутеңдеп қарап
артымнан,
Қалды-ай-ау, бәрі...
қалды-ай-ау, –
деп жиналған жұрт Мәдениет үйінің маңдайын тұтастай ала жазылған үкілі бөрік, зерлі шапан киген 25-тегі Есенқұл ақынның суретіне қарайлай, бір қуанып... бір мұңайып бара жатты.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Ұзынағаш ауылы
Суретті түсірген Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ