Кеше Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай 8-9 қыркүйек күндері елордамызда өткен Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкесін аралап көрді.
Мемлекеттік хатшы алдымен Астана қаласындағы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда «Көне Тараз жәрмеңкесі» деген атпен өтіп жатқан Жамбыл облысының жәрмеңкесіне атбасын тіреді. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев Мемлекеттік хатшы мен Астана қаласының әкіміне өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктері туралы баяндап, көне Әулиеата жерінен жеткен жәрмеңкедегі ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің өнімдерімен таныстырды.
Одан кейін Қанат Саудабаев пен Иманғали Тасмағамбетов «Отан-Ана» монументі алаңында бой көтерген Атырау облысының жәрмеңкесін аралап көрді. Өңір басшысы Бергей Рысқалиев оларды өңірдің макроэкономикалық көрсеткіштерімен таныстырып, Атырау облысының тәуелсіздіктің 20 жылында жеткен әлеуметтік-экономикалық жетістіктері туралы қысқаша айтып берді.
Астана қаласы әкімдігі алдындағы орталық алаңда қоныс тепкен Шығыс Қазақстан облысының жәрмеңкесі мен өңірде шығарылып жатқан автомобиль көліктерінің көрмесін аралап шыққан Мемлекеттік хатшы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орайластырылған облыс күндері аясында ұйымдастырылған Шығыс өңірінің жәрмеңкесіне жоғары баға берді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекеттік хатшы мен Астана қаласының әкіміне өңір жетістіктері көрмесіне қойылған техникалар мен жәрмеңке сөрелерінде сыңсыған ауыл шаруашылығы өндірісі тауарларын паш ете келіп, еліміздің ірі өндірістік аймағының 20 жыл ішінде жеткен жетістіктері туралы жан-жақты баяндап берді.
Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Астана қаласында өткізілген өңірлердің бұл жәрмеңкесінің әлеуметтік маңыздылығын атап көрсетті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.