
Тарихтан ұққанымыздай, ұлы адамдардың, атақты тұлғалардың, кемеңгер ойшылдардың негізі, зерделік санасы, сана құдіреті сонау балалық кезден қалыптасып, байқалатын көрінеді. Осы реттен келгенде, егемендіктің қиын кезеңдерінде сабырлы да салиқалы саясатымен, жанкешті еңбегімен туған халқының аяғын үзеңгіге салып, атқа қондырған, бүгінде тұлпардың шабысындай қарыштап алға басқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та шыбық мініп, ойын қуған, оқушы болып партада отырған, мұғалімнің алдын көрген кешегі шәкіртердің бірі. Олай болса, Президентіміздің ұстазы кім болған, ол қандай оқушы болған деген сауал бәрімізді қызықтырары заңдылық сияқты.
«Егер мұғалім өз бойындағы жақсы қасиеттері мен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктіре алса, ол – кемел ұстаз» деген екен ұлы ағартушы К.Д.Ушинский. Ендеше, Елбасына дәріс берген сондай кемел ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің иегері, соғыс және еңбек ардагері, бүгінде жүз жасты алқымдап отырған абыз ақсақалымыз – Сейітхан ИСАЕВТЫҢ кешегі шәкірті жайлы әңгімесін тыңдап көрелік...
– Адам өміріндегі ең бір сәулелі, шуақты, жаныңа соншалықты ыстық, қимас сезімдегі періште кездер – балалық бал дәурен мен мектеп қабырғасындағы тезірек ержетуге асыққан шақтар екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас. Бағамдап қарасаңыз, осы бір алаңсыз бақытты балалық шақ – бүкіл адамзатқа ортақтығымен де қымбат. Сейітхан ата, бәріміз де бір-бір ұстаздың шәкіртіміз. Бірақ, Нұрағаңдай шәкірт әр ұстаздың пешенесіне жазыла бермейтін Алланың сыйы, бағы болар. Қаншама уақыттың жүзі өтіпті десек те, сонау жылдарғы оқушы Нұрсұлтанды бір сәт көз алдыңызға әкеліп көріңізші…
– Нұрсұлтанның балалық шағы, жасөспірім болып бой түзей бастаған кезі әлі көз алдымда. Сұңғақ бойлы, аққұба, сабырлы, сөзін ойлап, салмақтап жеткізетін және оны асырып, әсірелеп сөйлемейтін бала жадымда жақсы сақталған. Әсіресе, Нұрсұлтанды басқа мұғалімдерден гөрі жақынырақ білуіме, сол кездегі қызмет жағдайым себеп болды. Мен Қаскелеңдегі Абай атындағы мектеп-гимназияда 53 жылдай сабақ берсем, соның 37 жылында мектеп директорының орынбасары қызметін атқардым. Оған қосымша партия ұйымының хатшысы болдым. Міне, осындай жағдайда Алла тағала Нұрсұлтан екеуімізді кездестірді.
1957 жылы Шамалғандағы мектептің 9-шы класын бітірген жеті бала келіп, мектептің жанындағы интернатқа орналасты. Міне, сол балалардың ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы бар еді. Өзімен бірге келген тұрғыластарының ішінде осы аққұба оқушы қай жағынан да ерекшелеу болып көрінді. Ол баланың киген киімінен, жүріс-тұрысынан бірден аңғарылды. Жоғарыда айттым ғой, парторг, әрі завуч болғандықтан, мектептің оқу үрдісі, сабақтан, мектептен тыс жұмыстың барлығы маған жүктелген. Сондықтан мектептегі көмекшілерім пионер, комсомол ұйымдары. Жалғыз өзім үлгермейтіндіктен, ұйымдастыруға соларды жұмылдырамын. Байқаймын, Шамалғаннан келген баланың қоғамдық жұмыстарға ебі бар сияқты. Бала өзім сабақ беретін шәкірттерімнен де, жаңадан келгендерден де өзгеше. Ойластыра келе, бұрынғы комсомол комитеті хатшысының орнына Нұрсұлтанды ұсынуды жөн көрдім. Таңдау Нұрсұлтанға түсті. Бүгінде сол кездегі бала Нұрсұлтанға деген сенімім алдамағанын, ал шәкіртімнің соны ақтай білгенін ерекше мақтаныш етемін.
– Жаңа сөзіңізде Нұрағаны басқа балаларға қарағанда ерекше оқушы болды дедіңіз. Мектептегі ондай зерек, алғыр шәкіртті өзге мұғалімдердің байқамауы, ол туралы сөз етпеуі мүмкін емес. Ойланып көріңізші…
– Оның рас, Нұрсұлтанның қоғамдық жұмысқа бейімділігін, өз құрдастарының арасындағы беделі мен ықпалын, сөзінің өтімділігін жалғыз мен емес, басқа мұғалімдер де байқаған. Сондайда мұғалімдердің: «Анау Шамалғаннан келген аққұба бала ерекше, өзі сыпайы, оқуға зейіні де басқалардан ерек. Оның үстіне сұрақ қоюы қандай!» дейтін әңгімелеріне қанық едім. Ұстаздар арасында жасы алпысқа таянған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғаббас Бейсенбетов ағайдың мінезі қаталдау, онша көп ешкімді жақтыра қоймайтын, кеудесі бар адам еді. Бірде Ғабекең: «Ой, ана Нұрсұлтан деген оқушы мені қатты ұялтты. Сендер де сақ болыңдар. Кейде аңғармай аузымызға келген сөзді соғып жібереміз ғой», – деді. Сосын мұғалімдер «не деді, айтыңызшының» астына алды. «Класта жаңа сабақ өтіп, «Сұлушаш» романын талдап тұрғанмын. Бір жерінде қыз бен жігіттің көлеңкеде әңгімелесіп тұрғанда ағаштың бұтағына қонған торғайдың саңғытып жіберетін жері бар. Соған келгенде «саңғытты» деген сөз аузыма түспей, «нетіп кетті» деппін. Және бір рет емес, үш рет қайталасам керек. Содан шығарманы талдап біткенде әлгі бала: «Ағай, менің бір сұрағым бар еді», деп қолын көтерді. Ойымда ештеңе жоқ: «Айта ғой» дедім. «Ағай, ол қызды торғай неге «нете» береді дегені. «Өзіңіз бүлдіріпсіз ғой» деп мұғалімдер күліп жатты.
Нұрсұлтанға тарих пәнінен сабақ беріп жүргенімде, өзіме де сан рет сұрақ қойғаны бар. Ол кезде Қазақ КСР тарихы жеке пән болып оқытылмайтын. Ал КСРО тарихында Ресейдің мемлекеттік құрылысы, экономикасы мен мәдениетінің дамуы, басқарған патшалары, батырлары түгелімен қамтылады. Бірде Нұрсұлтан: «Ағай, сіз ылғи Ресейдің тарихын түп-тамырымен айтасыз да, Қазақстанға келгенде ол жайларға тоқталмай кетесіз? Орыстың патшасын, батырларын айтқанда неге қазақтың хан, би, батырларымен байланыстырмайсыз?» дегені. Сасып қалдым. Көрдіңіз бе, оқушы осы нәзік жайды аңғарып қойған. Сосын: «Қазақ КСР-ін өтуге сағат аз бөлінген, кейін көбейген кезде талдап оқимыз. Ал егер кейбір түсініктер қажет болса, сабақтан кейін қал, жауап берейін», дедім. Содан артынан оқу бағдарламасының жоғары жақтан осылай бекітіліп келетінін айттым да: «Ал мұны қайдан білесің?» деп сұрағанымда: «Ағай, пәлен жазушының кітабында пәлен деген хан, би, пәленбай деген батырды оқығанмын» дей келе, сол замандағы мемлекетті басқару тәртібі, халықтың бірлігі сияқты әңгімені айтып бала сайрап тұр.
Сізге тағы бір қызықты айтайын, Нұрсұлтан 10-шы класта оқып жүргенде КазГУ-дің филология факультетінің бір топ студенттері – Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырзалиев, Дүкенбай Досжанов, Мұхтар Мағауин біздің мектепте педпрактикадан өтті. Мырзатай бірге оқитын Мәрия келінмен үйленген екен, екеуі де келді. Мәрия оныншы класқа сабақ беруге барса, Нұрсұлтан сұрақтың астына алатын көрінеді. «Оныншы кластағы Нұрсұлтан деген бала сұрақты көп қояды, баруға жүрексінемін» деген соң, Мырзекең келіншегінің орнына өзі сабақ беріп жүрді.
– Шәкіртіңіздің тағы да қандай қасиеттерін бөле-жара айтқан болар едіңіз…
– 53 жылда алдымнан талай шәкірт өтті. Көпшілігінде жақсы оқитын, көшбасшылық қабілеті бар оқушылар жастықтың әсері ме, өзін білгіш санап, кеуде көтеріп, яки, білгенін мақтан еткісі келіп тұрады. Ал Нұрсұлтанда ондай мінез жоқ еді. Қарап отырсам, Нұрсұлтанның болашақта үлкен ой азаматы болатындығы, келешекке қарай ұмтылу, талаптануға бейімділік қасиеті сол жас кезінен қалыптасқан екен. Аудан орталығындағы орыс және қазақ мектептері бір-бірімен ылғи бәсекеде болдық. Қашанда аудандағы мереке, митингіде колонналарды безендіру, парад менің мойнымда. Жалғыз адам не істесін, мұндайда көмекшілерім военрук, комсомол комитетінің жетекшілері. Сонда Нұрсұлтанға тапсырма берсең жауапкершілікпен қарап, тиянақты істейді. Еш жағымпаздық, жалпаңдау жоқ. Мектеп намысын қорғап тұрғаны байқалатын. Кейде тапсырманы алып тұрып: «Ағай, мына жерін былай жасасақ қайтеді?» деп маған ақыл тастағанда оқушыма иланатынмын. Сондайда Нұрсұлтанды сүйікті шәкіртім ғана емес, жас көмекшім санап риза болатынмын. Көрдіңіз бе, сол кезде балада үлкен келешек, тұлғалық негіздің ізі болған. Тағы бір қасиеті – реті келгенде әзіл-қалжыңның да түбін түсіретін. Әсіресе, бірге жүрген ұл-қыздарды қайран қалдыратын ақжарқын, ақтарыла салатын әдемі бір күлкісі болушы еді. Және бір жақсы қасиеті – жастайынан спортпен шұғылданып, шымыр балаларды ұйымдастырып, өзі төреші болып жүретін. Қыста жоғары класс оқушылары арасынан шаңғышылар тобын құрып, өзі басқарды. Ол кісінің шаңғыға әуестігі сол бала кезден қалыптасқан.
Сондай-ақ ол өнерлі оқушы еді. Мектепте өтетін кештерде сырнай тартып, әдемі қоңыр дауысымен ән салатын. Әсіресе, домбырамен жүректі қозғайтын әндерін айтсаңшы…
– Нұрсұлтан Әбішұлы он жыл бойы оқу озаты болып, алтын медальға ұсынылғанмен, оны алмауының себебін білесіз бе?..
– Ол рас. Директорымыз Ә.Байжанов пен орыс тілі пәнінің мұғалімі Юлия Байер баланың обалына қалмайық деп шырылдап министрлікке дейін барды. Ондағылар: «Бұл мәселені қайтесіңдер, қойыңдар. Бала орыс тілінен жазған шығармасында бір үтір артық қойған» деп, шығарып салған. Содан директорды қайта-қайта шақыртып жүріп, аяғында бала алтын медаль алмады. Сөйтсек, Нұрсұлтанның медалі бір бастықтың баласына керек болған екен.
– Мектеп бітіруші Нұрсұлтан Әбішұлының металлург мамандығын қалауына 1958 жылы Қазақстан Магниткасына жастарды шақырған үндеуді Абай атындағы орта мектеп оқушыларының қолдауы әсер еткен бе?
– 1958 жылы елімізде металлургия зауыты салынатын болып, Қазақстан Компартиясының нұсқауымен Қазақстан Орталық комсомол комитетінде оныншы класты бітірген жастарға республика бойынша үндеу тастау жөнінде келісімге келеді. Үндеу тастауға министрлік біздің мектепті ұсынып, үндеуді жариялап жіберді. Міне, осы кезде мектептің комсомол ұйымына жетекшілік жасайтын Нұрсұлтанның беделі үлкен болды. Енді аудандық емес, облыстық, республикалық комсомол комитеттерімен байланысы күшейді. Содан мемлекеттік емтихан аяқталып, үндеудің шешімін орындайтын уақыт та жетеді. Қысқасы, бастама көтерген мектептен Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған 7-8 бала ғана Теміртауға аттанды. Украинаның Днепродзержинск металлургия зауытына практикаға жіберілген 200 баланың біразы қиындықтарға шыдамағандықтан біразы орыс тілін білмегендіктен оқуды тастап кеткен. Ал орыс тілін жетік білетін, жұмыс істеп шыныққан Нұрсұлтан Теміртаудың алғашқы болатын қорытқан қазақ жігіттерінің бірі болды.
– Сейітхан аға, ел басқару айтуға ғана оңай. Қашанда Мемлекет басшысының уақыты шектеулі, есептеулі. Дегенмен, оқу бітіргеннен кейін пешенелі шәкіртіңізбен қанша рет кездесудің сәті түсті?..
– Мектеп бітіргеннен кейінгі ең алғашқы жүздесуіміз Алматыдағы Жоғары партия мектебіне оқуға келгенде. Екінші рет Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы болғанда қызметімен құттықтап бардым. 1988 жылы Министрлер Кеңесінің Төрағасы кезінде Қарасай аудандық партия конференциясына келіп қатысып, сөз сөйледі. Сонда кездескенде екеуіміздің ескерткішке суретке түскеніміз бар. Ал мектептің 55 жылдығына шақыруға барғанда үлкен ықыласпен қарсы алды. Үлкенді сыйлап, ұстазын құрметтеген шәкіртіңе қалай жүрегің елжіремесін!? Мектептің 55 жылдық тойына қатысуға келгенде тағы жүздестік. Одан соң мектеп директоры Мәрия Хамзина екеуіміз Нұрекеңнің қабылдауында болып, мұражай ашу жайлы ойымызды жеткіздік. 2000 жылы бір жолы түскенде Нұрекең мұражайға келіп, аралап көріп кетті. 1958 жылғы мектеп бітірушілердің 50 жылдығына келе алмаса да, облыс әкімі Серік Үмбетов Нұрекеңнің сәлем-сауқатын ала келіп, мектепке автобус және өзімен бірге бітірген кластастарына алтын сағаттан сыйлады. Содан бір айдан кейін кіші қызы Әлиямен келіп кетті. Байқадыңыз ба, менің шәкіртіммен кездесуім жиі болып тұрады. Тағы да Астанада бес рет, Талдықорғанда екі рет жолыққанымыз бар. Нұрсұлтан Әбішұлы Жеңістің 60 жылдығында «Парасат» орденімен марапаттап тұрған сәттегі суретті «Мұғаліміме жіберерсіңдер» деп тапсырыпты. Онысына қатты риза болдым. Әрине, ол мен үшін ең қымбат сурет.
– «Ұстаз талантты болса, шәкірт талапты, ұстазы ақылды болса, шәкірті дана болады» деген. Сізбен әңгіме барысында осы тәмсіл еске оралғандай...
– Оның рас. Нұрсұлтан Әбішұлы Алланың берген қабілет-қарымын, талабын, дарынын аңғара білген, оны қателеспей бағдарлай, бағамдай, бағалай білумен бірге, өмірлік мұратында дұрыс пайдалана білген, сонымен қатар аңғарымпаздықпен ары қарай дамытуға орасан қызмет жасаған. Мүмкін ол Президент боламын деп те ойламаған шығар, бірақ келешекте осы жолмен жүрсе, адал еңбегімен қызмет етсе, әйтеуір қатарынан кем қалмайтынын білген. Мен мектепте жүргенде Нұрсұлтан үлкен ғалым болады деп ойлайтынмын. Әл-Фараби бабамыз айтқан емес пе, қанша оқып, білгеніңмен, тәрбиең, адамгершілігің болмаса, онда өзіңе де, халқыңа да пайдаң шамалы деп. Байқасаңыз, Нұрекеңнің өсу, даму жолында тәрбие мен ұлағат қатар жүріп отырған. Яғни, адами парасат болмаса мұндайлық биікке шықпас еді. Ақ тілегін, ақ жүрегін құдайым қолдап, бүгінде халқы, елі, жұрты, көп ұлтты Қазақстан, дүние жүзі таныған көшбасшы дәрежесіне жетті. Ал ол лидерлігі қара басы үшін емес, өзі туып өскен елінің атын шығаруға, қаншама кездескен қиындықтарды жеңе білуге, халқының жарқын болашағын, кемел келешегін қамдауға қызмет жасап жатыр. Лайым тіл-көзден аман болсын.
– Сейітхан ата, әңгімеңізге рахмет. Шәкіртіңіздің жетістігіне қуанып, жақсылықтарына куә бола беріңіз…
Әңгімелескен
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».