• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2016

Жарқын шежіре

290 рет
көрсетілді

Ел тарихында тарихи құжаттарды сақтаудың орны ерекше екені белгілі. Тәуелсіздігіміз жарияланғаннан бергі уақыттарда мемлекетіміз осы бір аса құнды дүниелерді тиянақтауға ерекше мән беріп, Астанамызда оған арнап заманауи ғимарат тұрғызып, құжаттарды сақтаудың озық үлгідегі әдістерін қолға алған болатын. Енді, міне, Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай елордадағы Ұлттық мұрағат мекемесі өз жәдігерлерінен сұрыпталған құжаттар негізінде «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты деректі көрме ұйымдастырып, қалың көпшілікке тарту етті. Әрісі 1976 жылдан бас­тап 2016 жылдар арасын қамтыған құжаттарды көрермендерге ұсынудағы мақсат – архив іс-қағаздары негізінде Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуындағы рөлін көрсете отырып, қолтаңбасын айшықтау мен Республика Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде орын алған маңызды оқиғалар мен фактілер деңгейін паш ету болып табылады. Деректі көрмеде негізінен Қазақ­станның тәуелсіздік кезеңіндегі қалып­тасуы мен даму тарихын баяндай­тын аса құнды архивтік құжаттар, тәуел­сіздік алған алғашқы жыл­дардағы заң жобалары, 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Кон­ституциясы, еліміздің астанасын белгілеу, кө­ші­ру мен атын өзгерту, Қазақстан Рес­публикасының Мемле­кеттік рәміз­дерін айшықтау, Тәуелсіз Қазақ­станның сыртқы саясаты мен халық­аралық ынтымақтастығы жөнін­дегі тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішіндегі не­гізгі құжаттар қойылыпты. Біле білсек, Қазақ елінің ең ұлағатты, ең тағылымды тарихы – осы. Ұлттық тарихтың жарқын беттері осылайша парақталмақ. Көрме қалың көрерменге еліміз тарихынан сыр шертер құнды дүниелерді ұсына біліпті. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»