Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Сонымен бірге, осы жиынның аясында Бас қолбасшылықтың әскери қызметшілеріне Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов қызметтік пәтерлердің кілттерін салтанатты түрде табыс етті.
Мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналған жиында Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының қоғамдық тәртіп пен мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып, үздік қызметімен дараланған әскери қызметшілерді, ықпалдастық құрылымдарының қызметкерлерін марапаттауға арналған бұйрықтары оқылатын болады. Мұнан соң Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының офицерлеріне қызметтік пәтердің кілттері салтанатты түрде табысталатын болады.
Әскери қызметшілердің әлеуметтік лайықты қорғалуын қамтамасыз ету мен оларды баспанамен қамту мәселесіне Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы ұдайы баса назар аударып келеді. Бұл мақсатта жыл сайын қомақты қаражат қарастырылып, жаңа пәтерлер сатып алынуда. Биылғы елдігіміздің асқақ мерекесі – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында бұл дәстүр оң жалғасын тауып, әскер тарихында алғаш рет 39 әскери қызметшіге бір мезгілде қызметтік пәтерлердің кілттері табыс етіліп отыр. Бұл баспаналарды сатып алуға республикалық бюджеттен 900 миллион теңге бөлінген болатын.
Атап өтерлігі, биылғы жылы пәтер кілттерін Бас қолбасшылықтың офицерлері алды. Ал, келер 2017-2018 жылдарға бекітілген жоспарға сәйкес, осыншама шамадағы баспанамен Ұлттық ұланның еліміздің әр өңірлеріндегі әскери бөлімдерінің әскери қызметшілерін қамтамасыз ету қарастырылып отыр.
Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»