• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
20 Қыркүйек, 2011

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы №829

357 рет
көрсетілді

2011 жылғы 18 шілде,  Астана, Үкімет үйі Әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің қарап тексеруді ұйымдастыруы жөніндегі сертификаттау талаптарын және қарап тексеру кезінде қолданылатын техникалық құралдарға қойылатын талаптарды бекіту туралы «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 51) тармақшасына және 107-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған: 1) әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің қарап тексеруді ұйымдастыруы жөніндегі сертификаттау талаптары; 2) қарап тексеру кезінде қолданылатын техникалық құралдарға қойылатын талаптар бекітілсін. 2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі   К. МӘСІМОВ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі №829 қаулысымен бекітілген Әуежайдың авиациялық қауiпсiздiк қызметiнiң қарап тексерудi ұйымдастыруы жөніндегі сертификаттау талаптары 1. Жалпы ережелер 1. Осы Әуежайдың авиациялық қауiпсiздiк қызметiнiң қарап тексерудi ұйымдастыруы жөніндегі сертификаттау талаптары (бұдан әрі – сертификаттау талаптары) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 51) тармақшасына сәйкес әзірленді және әуежайлардың авиациялық қауіпсіздік қызметтеріне қойылатын қарап тексеруді ұйымдастыру жөніндегі сертификаттау талаптарын белгілейді. 2. Осы сертификаттау талаптарында пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар: 1) қарап тексеру кезінде қолданылатын техникалық құралдар – жолаушыларды, қол жүгін, жүкті, багажды, поштаны, борттағы қорды, әуе кемелері экипаждарының мүшелерін, авиациялық персоналды қарап тексеруді жүзеге асыру кезінде дербес немесе қандай да бір жүйенің бөлігі ретінде пайдалануға арналған арнайы құрылғы; 2) азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрі – уәкiлеттi орган) – Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және азаматтық және эксперименттiк авиация қызметi саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган; 3) өтініш беруші – әуежайдың авиациялық қауiпсiздiк қызметiнiң қарап тексерудi ұйымдастыруы жөнінде сертификат алу үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға жүгінген әуежай пайдаланушысы. 2. Әуежайдың авиациялық қауiпсiздiк қызметiнiң қарап тексерудi ұйымдастыруы жөніндегі сертификаттау талаптары 3. Әуежайдың авиациялық қауiпсiздiк қызметi (бұдан әрі – әуежайдың АҚҚ) әуежайдың АҚҚ қарап тексерудi ұйымдастыруы жөніндегі сертификат алу үшін сәйкес келуге тиіс сертификаттау талаптары: 1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 31 желтоқсандағы №1483 қпү қаулысымен бекітілген Авиациялық қауіпсіздік қызметі туралы үлгі ережеге сәйкес әзірленген әуежайдың АҚҚ туралы ереже; 2) әуежайдың АҚҚ құрылымы мен штат кестесінің болуы; 3) әуежайдың бірінші басшысы бекіткен әуежайдың авиациялық қауіпсіздік жөніндегі нұсқаулығы (бағдарламасы); 4) қарап тексеру кезінде қолданылатын техникалық құралдар; 5) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2010 жылғы 26 тамыздағы № 385 бұйрығымен бекітілген Авиациялық қауіпсіздік қызметі мамандарын, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның авиациялық қауіпсіздік және ұшу қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі лауазымды адамдарын даярлау және қайта даярлау бағдарламасына сәйкес әзірленген әуежайдың АҚҚ авиациялық қауіпсіздік бойынша даярлау және қайта даярлау бағдарламасы; 6) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін авиациялық қауіпсіздікті сақтау сапасына бақылау жүргізу қағидасының талаптарына сәйкес әзірленген авиациялық қауіпсіздік шараларының сапасын ішкі бақылау бағдарламасы; 7) әуежай АҚҚ-ның қызметтік және тұрмыстық үй-жайлары; 8) байланыс құралдарымен, жарықпен, турникеттермен, дабыл сигналы жүйесімен, қарап тексерудің стационарлық техникалық құралдарымен жабдықталған бақылау-өткізу пункттері (бұдан әрі – БӨП); 9) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Азаматтық авиацияның авиациялық қауіпсіздік жөніндегі нұсқаулығына (бағдарламасына) сәйкес әуе кемесінің бортында қару-жарақты, оқ-дәріні тасымалдау жөніндегі нұсқаулық; 10) әуежайдың бірінші басшысы бекіткен электр энергиясы ажыратылған немесе қарап тексеруге арналған жабдық сынған жағдайда АҚҚ персоналының іс-қимылы жөніндегі нұсқаулық; 11) стационарлық металл іздегіштермен, рентген-телевизия қондырғыларымен, портативті металл іздегіштермен жабдықталған ұшу алдындағы қарап тексеру пункттері; 12) жеке (дербес) қарап тексеруді жүргізуге арналған үй-жай (бөлме); 13) ұшу кезеңінде жолаушылар уақытша сақтау үшін жолаушылар берген қару-жарақты, оқ-дәріні және оның патрондарын, арнайы құралдарды қабылдауға (беруге), тексеруге және ресімдеуге арналған үй-жай (бөлме), бұл үй-жай жолаушыларға қызмет көрсетуге ыңғайлы орындарда ұшу алдында қарап тексеру пункттеріне жақын орналасады; 14) қарап тексеру кезінде жолаушылардан алынған, әуемен тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттар мен нәрселерді уақытша сақтауға арналған үй-жай; 15) жолаушыларды ұшу алдында қарап тексеру пункттері мен әуе кемелері арасындағы аймақтар, оларға кіру қатаң бақыланады; 16) жолаушыларды тіркеу аймақтарында авиациялық қауіпсіздік жөніндегі арнайы ақпараты бар плакаттар ілінеді, онда мыналар көрсетіледі: әуе көлігінде тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттар мен нәрселердің тізбесі; әуе кемелерінде қару-жарақты, оқ-дәріні, арнайы құралдарды, радио, фото және бейнеаппаратураны, электрондық-есептеу және телевизия техникасын тасымалдау қағидасы, сондай-ақ қол жүгін алып жүрудің рұқсат етілетін нормалары; 17) қарап тексеруден өткен жолаушылардың қарап тексеруден өтпеген жолаушылармен немесе шығарып салушылармен қарым-қатынасын болдырмау үшін қарап тексеру пункттері қоршалады; 18) әуежайдың бірінші басшысы бекіткен жолаушыларды, қол жүгін, әуе кемелері экипаждарының мүшелерін және авиация персоналын ұшу алдында қарап тексерудің технологиясы, ол мыналарды қамтиды: әрбір қарап тексеру пунктінің персоналмен жасақталуы (жолаушыларды ұшу алдында қарап тексеру пунктіндегі персонал саны 4 маманнан кем болмауға тиіс), ауысым бойы жұмыс орындарын үнемі ротациялауды жүзеге асыру; жолаушының жеке заттарын қарап тексеру тәртібі (техникалық құралдарды пайдалана отырып, жолаушылардың сыртқы киімін, бас киімдерін, аяқ киімін, белбеулерін, жұмысқа қабілеттілігін имитациялай отырып, компьютерлік және тұрмыстық техниканы міндетті түрде қарап тексеру); сұйықтықтарды, аэрозольдер мен гельдерді қарап тексеру тәртібі; қарап тексеру немесе заттарды қолмен қарап тексеру кезінде қолданылатын техникалық құралдарды пайдаланғанда күдікті заттар табылған кездегі іс-қимыл тәртібі; іріктеп тексеруге қатысты талаптар (кемінде 10 % іріктеп қолмен қарап тексеруге тартылады); ішкі істер органдарымен өзара іс-қимыл тәртібі; ресми делегациялар залы арқылы өтетін жолаушыларды қарап тексеру рәсімдері; транзитпен немесе трансферттік рейспен өтетін жолаушыларды қарап тексеру тәртібі; Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Азаматтық авиацияның авиациялық қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаулыққа (бағдарламаға) сәйкес жолаушыларды қарап тексеру карталарын ресімдеу тәртібі; қарап тексеру пунктінде тәркіленген заттарды ресімдеу, сақтау, иесіне қайтару және жою қағидасы; авиациялық қауіпсіздік шараларын бұзуға жоғары қауіп төнген кезеңде қарап тексеруді жүргізу тәртібі; медициналық проблемалары бар жолаушыларды қарап тексеруді жүргізу тәртібі (кардиостимуляторы бар жолаушылар, қол-аяқтары гипстелген мүгедектер); 19) әуежайдың бірінші басшысы бекіткен багажды, жүкті, поштаны және борттағы қорды қарап тексеру технологиясы, ол мыналарды қамтиды: әуе кемесінің бортына орналастырылатын барлық заттарды толық қарап тексеру талабы; рентген жабдығында немесе багажды, жүкті, поштаны жеке қарап тексергенде күдікті заттар табылған кездегі іс-қимыл тәртібі; жүк бөлігінде тасымалданатын трансферттік багажға қатысты қағида; жолаушыларға багаждың тиістілігін белгілеу тәртібі; багажды, жүкті және борт тамағын (борттағы қорды) қарап тексеру карталарын ресімдеу және олардың қозғалу тәртібі; қарап тексеруден өткен жүктерді нөмірлі жапсырмалармен таңбалау тәртібі; қарап тексеру рәсімінен өткен борт тамағы мен бажсыз саудаға арналған тауарлары бар контейнерлері жеткізу тәртібі; қарап тексеру пунктінде тәркіленген заттарды ресімдеу, сақтау, иесіне қайтару және жою қағидасы; 20) әуежайдың бірінші басшысы бекіткен әуежайдың зарарсыздандырылған аймағындағы бажсыз сауда дүкендеріне түсетін тауарларды қарап тексеру жөніндегі нұсқаулық; 21) багажды, жүкті, поштаны және борттағы қорды қарап тексеру байланыс құралдарымен, дабыл сигналымен, авариялық жарықпен және электрмен жабдықтаумен, стационарлық техникалық қарап тексеру құралдарымен, рентген-телевизия қондырғыларымен, сондай-ақ бейнебақылау және ақпараты күнтізбелік 15 күн бойы сақталатын бейнежазба жүйесімен жабдықталған қарап тексеру пункттерінде жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2011 жылғы 18 шілдедегі №829 қаулысымен бекітілген Қарап тексеру кезінде қолданылатын техникалық  құралдарға қойылатын талаптар 1. Жалпы ережелер 1. Осы қарап тексеру кезінде қолданылатын техникалық құралдарға қойылатын талаптар (бұдан әрі – талаптар) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының (бұдан әрі – Заң) 107-бабына сәйкес әзірленді және қарап тексеру кезінде қолданылатын техникалық құралдарға қойылатын талаптарды белгілейді. Осы талаптар қарап тексеру кезінде әуежай АҚҚ қолданатын техникалық құралдарға таралады. 2. Осы талаптарда пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар: 1) қарап тексеру кезінде қолданылатын техникалық құралдар – жолаушыларды, қол жүгін, жүкті, багажды, поштаны, борттағы қорды, әуе кемелері экипаждарының мүшелерін, авиациялық персоналды қарап тексеруді жүзеге асыру кезінде дербес немесе қандай да бір жүйенің бөлігі ретінде пайдалануға арналған арнайы құрылғы; 2) рентгендік-телевизия қондырғысы – металл заттарды көзбен шолып сәйкестендіруге арналған техникалық құрылғы; 3) стационарлық металл іздегіш – адам денесіндегі металл заттарды анықтауға арналған техникалық құрылғы; 4) портативті (ықшам, жылжымалы) металл іздегіш – адам денесіндегі металл заттың нақты орналасқан жерін анықтауға арналған техникалық құрылғы; 5) жарылғыш заттарды табуға арналған жабдық (жарылғыш заттардың бу детекторлары) – жарылғыш заттардың буын немесе микробөлшектерін анықтауға арналған техникалық құрылғы. 2. Қарап тексеру кезінде қолданылатын техникалық  құралдарға қойылатын талаптар 3. Стационарлық металл іздегіштер: 1) адам денесіндегі және оның киіміндегі әуе кемесінде тасымалдауға тыйым салынған металл заттарды табуға мүмкіндік беруге тиіс, бұл ретте жалпы салмағы 100 грамнан аспайтын өзі пайдаланатын металл заттарға жалған іске қосылу мүмкіндігі бар; 2) тыйым салынған металл зат болғанда автоматты жарықпен және дыбыспен сигнал беруге, орнатылған табу параметрлерінің санкцияланбаған өзгерісін болдырмауға тиіс, оның электрондық бұйым схемасы дабыл сигналы сөнгеннен кейін 3 секундтан соң автоматты түрде бастапқы қалпына келуге тиіс (дабыл белгісінің аяқталуы қондырғының жұмысқа әзір екендігін білдіруге тиіс), жұмыс режиміне шығу уақыты желіге қосылғаннан кейін 30 секундтан аспауға тиіс; 3) датчиктердің блоктары арасындағы қашықтық 1 м болғанда жоспардағы жұмыста бір бірінен 3-тен 8 м-ге дейін арақашықтықта бір желіде орнатылған саны 2-ден 4 данаға дейін ұқсас құрылғылар тобының құрамында қазіргі заманғы әуежайлардың электромагнитті жағдайлар шарттарында рентген-телевизия қондырғыларымен бірге қалыпты жұмысты қамтамасыз етуі тиіс; 4) тәулік бойы режимде жұмыс істеген кезде барлық талаптарға сәйкес болуға тиіс, істен шығуға дейін жұмыс істеу – кемінде 6000 сағат, регламенттік жұмыстар уақыты – пайдалану уақытының кемінде 5%-ы, кепілдік берілген пайдалану мерзімі – пайдалануға берілген сәттен бастап кемінде 1 жыл, орташа қызмет мерзімі – кемінде 6 жыл, кепілдік берілген сақтау мерзімі – бұйым шығарылған сәттен бастап кемінде 1 жыл; 5) пайдалану орнында диагностика мен жөндеуді жүргізуге мүмкіндік беруге, диагностика әдістерімен бірге Бұйымды пайдалану және оның толық техникалық сипаттамасы жөніндегі нұсқаулықтан тұратын оның қалыпты және қауіпсіз пайдаланылуын, жарамды жай-күйін және жөнделуін қолдау үшін жеткілікті құжаттамамен жабдықталуға тиіс; 6) биіктігі кемінде 2 метр және ені 0,76 метр ойығы бар арқасы, шолу және реттелетін дыбыс сигналы, сондай-ақ құбылмалы жағдайларға байланысты сезімгіштік деңгейін өзгерту мүмкіндігі болуға тиіс. 4. Портативті (ықшам) және жылжымалы металл іздегіштер: 1) қондырғыны ауыстыру жылдамдығы секундына 0,2 – 0,5 метр болған кезде 0,12 – 0,15 метр қашықтықтағы металл заттарды табуды қамтамасыз етуге (мөлшері 100х100х1 милиметр болат пластинка), металл зат болғанда дыбыстық сигнал беруге, қазіргі заманғы әуежайлардың электромагнитті жағдайлары шартында қалыпты жұмысты қамтамасыз етуге; 2) пайдалануға берілген сәттен бастап кемінде 1 жыл кепілдік берілген пайдалану мерзімі, орташа қызмет мерзімі – кемінде 3 жыл, кепілдік берілген сақтау мерзімі – бұйым шығарылған сәттен бастап кемінде 1 жыл болуға; 3) пайдалану орнында диагностика және жөндеу жүргізуге мүмкіндік беруге; 4) автономды қорек көзінен жұмыс істеу кезінде бұйым қоректену көздерінің 60 % разрядталған кезде (кернеуі бойынша) табу сипаттамаларын сақтауға, кемінде 10 сағат автономды қорек көзінен бұйымның үздіксіз жұмыс істеу ұзақтығын қамтамасыз етуге тиіс. 5. Рентген-телевизия қондырғысы: 1) металл және металл емес атыс қаруын, оның бөлшектерін, барлық калибрдегі оқ-дәріні, гранаталарды және басқа да жарқыншақты/жарылғыш әсері бар қару түрлерін, пышақтарды, келдекті, қылыштарды, әскери және коммерциялық мақсаттағы жарылғыш заттарды, детонаторларды және сағатпен жүретін механизмдерді, электр және электронды бұйымдарды, электр энергиясы көздерін анықтауға; 2) пайдалану режимінде рентгендік сәулелену генераторының сипаттамалары мен көрініс сапасы мынадай: ену қабілеті – болат бойынша 27 миллиметр; рұқсат берілетін қабілеті – 0,1 миллиметр; анодты кернеу: номиналды – 160 киловатт, жұмыс істеу – 140 киловатт; түтікше тогы - 0,7 миллиампер болуға; мәжбүрлі желдеткіші бар герметикалы май ваннасында түтікше сууға; 3) «Жоғары ену қабілеті» опциясын пайдалану кезінде ең жоғары режимде рентгендік сәулелену генераторының сипаттамалары мен көрініс сапасы мынадай: ену қабілеті: 35 миллиметр; рұқсат берілетін қабілеті: 0,1 миллиметр; анодты кернеу: 160 киловатт - атаулы, жұмыс - 140 киловатт; түтікше тогы - 0,7 милиампер болуға; сәулеленудің азаюының үлгілік деңгейі сағатына 0,1 микрорентгеннен аспайды; 4) рентген-телевизия қондырғысы конвейерінің жылдамдығы кемінде секундына 0,15 метр болуға; 5) пайдалануға берілген сәтінен бастап кемінде 1 жыл кепілдік берілген пайдалану мерзімінің, орташа қызмет мерзімі – кемінде 6 жыл, кепілдік берілген сақтау мерзімі – бұйым шығарылған сәттен бастап кемінде 1 жыл болуға; 6) пайдалану орнында диагностика және жөндеу жүргізуге мүмкіндік беруге; 7) рентгендік сәулеленуді қосуда жарықен сигнал беруге, қорғау экрандарының тұтастығы бұзылған кезде рентгендік сәулеленуді ажыратуды және пайдалану жүктемесі асып кеткен және жарамсыз жағдайда электр тогын беруді тоқтатуды қамтамасыз ететін блоктағышы болуға; 8) кинофотоматериалдарды, электрондық тасығыштарды рентген-телевизия қондырғысының жұмыс аймағы арқылы он еселенген өткізу кезінде рентген-телевизия қондырғысындағы сәулеленудің олардың тұтастығын бұзуға мүмкіндік бермейтін деңгейі болуға; 9) рентген жабдығының сыртқы панельдерінен 5 сантиметр арақашықтықта рентгендік сәулелену дозасының қуат деңгейі секундына 0,03 рентгеннен аспауға, жұмыс істеп тұрған рентген жабдығының шуылдау деңгейі 60 децибельден аспауға; 10) рентген жабдығының конструкциясы рентгендік сәулеленудің әсерінен қорғауды қамтамасыз етуге тиіс. 6. Жарылғыш заттарды табуға арналған жабдық (жарылғыш заттардың бу детекторлары): 1) бұйыммен жұмыс істеуге арналған жарылғыш заттарды табу бойынша сезімталдығы бір текше сантиметрге 1x10-14 граммнан кем болмауға тиіс, бірақ бұл ретте жарылғыш заттардың жұбын талдау циклінің уақыты – 60 секундтан аспайды, жарылғыш заттар жұбының болуына бұйымның жұмыс істеу уақыты – 5 секундтан аспайды, іріктеудің келесі цикліне дайындық уақыты – 30 секундтан аспайды, жұмыс режиміне шығу уақыты қосылғаннан кейін 35 минуттан аспауға; 2) желілік қоректену блогынан да, кернеуі 9–12 вольт автономды қоректен (батарея, аккумулятор) де жұмыс істеуге тиіс; 3) операторға тәуелсіз жұмыс істейтін сигнал беру жүйесі болуға, бұл ретте дабылдың дыбыстық сигналының деңгейі қазіргі заманғы әуежайлардың шуылының аясында жақсы ажыратылуға, қоректену көздері 70 % разрядталған кезде (кернеу бойынша) жұмыс істейтін автономды қорек көзі разрядының индикаторы болуға; 4) кепілдік берілген пайдалану мерзімі пайдалануға енгізілген сәттен бастап кемінде 1 жыл, орташа қызмет мерзімі – кемінде 6 жыл, кепілдік берілген сақтау мерзімі – бұйым шығарылған сәттен бастап кемінде 1 жыл болуға; 5) пайдалану орнында диагностика және жөндеу жүргізуге мүмкіндік беруге; 6) пайдалану жүктемесі асып кеткен және жарамсыз болған жағдайда электр тогын беруді тоқтататын алдын ала қорғау жүйесінің, оны пайдалану процесінде жұмысқа қабілеттілігін бақылау құралы болуға; 7) тәулік бойы режимде жұмыс істеген кезде барлық талаптарға сәйкес болуы тиіс, істен шығуға дейін жұмыс істеу – кемінде 6000 сағат, регламентті жұмыстар уақыты пайдалану уақытының кемінде 5%, кепілдік берілген пайдалану мерзімі пайдалануға берілген сәттен бастап кемінде 1 жыл, орташа қызмет мерзімі – кемінде 6 жыл, кепілдік берілген сақтау мерзімі – бұйым шығарылған сәттен бастап кемінде 1 жыл болуға тиіс. 7. Қарап тексеру кезінде қолданылатын барлық техникалық құралдар мынадай қауіпсіздік талаптарына сай болуға: 1) электр тогымен зақымдануды болдырмайтын қорғаныш тұйықталу контурын қамтуға; 2) электр қауіпсіздігін қамтамасыз етуге; 3) бұйымдарда қолданылатын материалдар адам денсаулығы үшін қауіпсіз болуға тиіс.