ҚР Үкіметінің шешімен Қазақстан Республикасы Эфиопияның табиғи апаттардың қатерін басқару жөніндегі ұлттық комиссиясына соңғы жарты ғасырдағы ең қатты құрғақшылықтың салдарын жою үшін 50 000 АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Қазақстанның Эфиопиядағы елшісі Ерлік Әли: «Қазақстан Үкіметі мен халқы Эфиопия тұрғындарының қасіретіне бей-жай қарай алмады, сондықтан біз зардап шеккен халыққа осы көмегімізді ұсынып отырмыз", - деді. Сонымен қатар Эпиоприя халқы мен билігі қиыншылықтардан мүдірмей өтетініне сенімділігін жеткізді.
Эфиопиядағы табиғи апаттардың қатерін басқару жөніндегі ұлттық комиссиясының басшысы М.Касса көрсетілген көмек үшін ҚР Үкіметіне зор алғысын білдіріп, кең пейіл қазақ халқына табыс тіледі.