Елімізде 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясында мемлекеттік басқару органдарының арасындағы әйелдер өкілеттігін 30 пайызға жеткізу міндеті қойылғаны белгілі. 2010 жылы бұл көрсеткіш тек 10 пайызды ғана құраған. Елбасы Н.Назарбаев биылғы жылы өткен Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезінде нәзік жандылардың орталық органдарда да, жергілікті жерлерде де басшылық лауазымдарға өте нашар ұсынылатынын алға тартып: «Бүгінде елімізде бірде-бір әйел облыс әкімі жоқ, 3 аудан әкімі мен 5 облыс әкімінің орынбасарлары ғана әйелдер», дей келе, Үкіметке Президент Әкімшілігімен, Ұлттық комиссиямен, «Нұр Отан» партиясы басшылығымен бірлесіп, әйелдерді шешім қабылдау деңгейіне дейін тарту жөнінен 2016 жылға дейінгі кезеңге арналған нақты іс-қимылдар жоспарын жасауды тапсырған болатын.
Міне, сол үш аудан әкімінің бірі – Алматы сияқты ірі мегаполистегі өндіріс, сауда орындары, әлеуметтік нысандары көп орналасқан іргелі Бостандық ауданының тізгінін ұстап отырған Зәуреш АМАНЖОЛОВА. Ол – егемендік алғаннан кейін Алматы қаласында аудан әкімдігіне тағайындалған тұңғыш әйел. Кешегі дәрігер, бүгінде білікті ұйымдастырушы, жігерлі де іскер басшымен сыр-сұхбатымыз әкімдік жұмыстың қыр-сыры, ауданның қол жеткізген жетістіктері мен кемшін тұстары жайлы өрбімек.
– Зәуреш Жұманәліқызы, қалалық денсаулық сақтау департаментін басқарған жылдары жұмысқа білек сыбана кірісіп, салаға қан жүгірген тұста, күңгейдегі бас шаһардың ең ірі ауданына әкім болып тағайындалдыңыз. Сол кезде жұртшылық арасында: «Дәрігер қалай әкім болмақ?» деген сияқты аз-кем әңгіме өрбіп барып басылған-ды...
– Сауалыңның астарын түсіндім. Уақыт зымыран деген, әкім болғаныма да екі жылдан асып барады. Шынымды айтсам, қала әкімі Ахметжан Есімов шақырып, маған үлкен сенім артып, қаламыздағы бетке ұстар ауданның тізгінін ұстатқанда таңғалып, қатты сасқаным соншалық, қала әкіміне: «Менен қандай әкім шығар, дәрігер емеспін бе?» деппін. Сонда ол кісі: «Бүгінде Елбасының әйел адамдарды басшы қызметке көтеру керек деген саясаты бар. Неге әкім болмасқа? Сенің қолыңнан іс келеді. Қазақ тілің де, орыс тілің де жоғары деңгейде. Оның үстіне адамның басты байлығы – денсаулығы үшін күресіп, денсаулық сақтау саласын басқардың. Халықтың мұң-мұқтажын, жағдайын жақсы білесің. Одан кейін дәрігерге тән ерекше бір қасиетің болар, адамдардың көңіл-күйін түсінуге тырысатының. Біле-білген әкімге, ең алдымен, осындай қасиеттер керек. Одан кейінгі сенетінім – еңбекқорлығың», деді. Осылайша, ойламаған жерден осы қызметке келдім.
Ұжымға әкеліп таныстырарда көп жылдар осы ауданды басқарған, үлкен азамат Аманкелді Каримуллин ағамыздың адамгершілігіне риза болдым. Көпті көрген, өмірдің үлкен мектебінен өткен тәжірибелі адам ғой, сыртқа шығып әкімді күтіп тұрғанбыз. Еңсем түсіңкіреп кетсе керек: «Қарындасым, саған не болған? Өне бойы жарқырап жүретін қызымыз едің ғой. Көтер еңсеңді», дегені. Онысы рас. «Қалай болар екен, жұмысты алып кете алар ма екенмін», деп біраз қобалжығаным анық-тын. Өйткені, отыз жыл бір салада ғана жұмыс жасадым. Ал аудан басқару оңай шаруа емес. Маған сол мезетте Әбекеңнің сөзі үлкен демеу болды.
Ертеңінде кабинетке келіп, есікті жауып алып: «Әкімнің жұмысы қандай? Неден бастасам екен? Қалай болар екен?» деп біраз уақыт ойландым. Әрине, пенде болған соң адам баласы өмірінің бір белесінде бір сәт айналасына көз салып, қол жеткізген жетістіктерін саралап, ой өрісінде шомылары рас. Осы ретте айтарым, тәуелсіздік бізге көп мүмкіндік берді. Егемендіктің арқасында еңсеміз түзеліп, керегеміз кеңейіп, тереземіз өзге елмен теңесті. Менің әкім болып тағайындалуымның өзі тәуелсіздіктің арқасында екені рас. Егемен елдің 20 жылдық тарихында нәзік жанды әйелдерге көрсетілген құрмет, берілген мүмкіндік кемеңгер Елбасының кемел саясатының жемісі деп білемін.
Біраз ойдан соң алдымен ауданды аралап, көзіммен көрейін дедім. Рас, бұрын емдеу мекемелерін білгенмен, қаланың инфрақұрылымына көңіл бөлмеппін. Оның үстіне уақыт та бола бермейтін. Көлікте келе жатып көбіне оқитынмын, болмаса жазғаныңды, сөйлейтін сөзіңді пысықтап отырғаның. Енді әкім болғанда көлікте келе жатып: «Мынау неге былай тұр? Анау не?» деп басың «360 градусқа» бұрылады. Үлкен аудан. Көшелердің 30 пайызы шаһардың шырайын келтіріп отырған магистральді көшелер. Көптеген ірі шағын аудандар орналасқан. «Орбита», «Алмагүл», «Қазақфильм» шағын аудандарын, көше, аула, ойын алаңдарын, жолай балабақша, мектепке кіре кетіп, танысып, қандай проблемалары барын байқадым. Алматы әсем, үлкен қала болғандықтан, бірінші кезектегі мәселе – тазалық. Оны бәріміз бірге күш салып атқару міндетіміз.
Бағамдап қарасам, әкімдік қызметке 20 жыл басшылық өтілмен келіппін. Әрине, ол аз уақыт емес. Перзентхананы, үлкен перинаталды орталықты, ірі мегаполистегі денсаулық сақтау саласын басқару өз алдына, мамандығымның өзі бір мезетте бір емес, екі адамның өміріне жауапты болды. Бұл – үлкен сын. Оған қоса оның шаруашылық жағы, экономикалық, қаржы, заңдылық жағын бірге алып жүресің. Сондағы көрген-білгенім, тәжірибем әкімдік қызметті алып кетуге көп септігін тигізді. Оның үстіне, қала әкімдігінің командасына, әріптестеріме ризашылығымды білдіргім келеді. Олардың қамқорлықтарын өне бойы сезініп отырдым. Міне, осындай қолдау, қамқорлық үлкен күш-қуат, жігер берді.
– Қашанда ел басқару, көш бастау оңай шаруа болмаған. Осы қызметке отырарда алдымен не ойладыңыз?
– Халық – құдайдың бір аты деген. Халық сыншы, көреген, әрі қашанда әділ, сенің еңбегіңді жемейді, дұрыс бағасын береді. Ал сол халыққа қызмет жасау үлкен мәртебе болса, екіншіден, басшылық қызметтің адамға ең бірінші міндеттілігі – үлкен жауапкершілігі мен халықтың артқан сенімін ақтау. Одан соң саған сенім артқан азаматтарды ұятқа қалдырмау. Ал оны қалай ақтайсың? Ол үшін жаныңды салып ертелі-кеш еңбек етуге, адал қызмет жасауға тиіссің.
– Адамнан адамның жаратылуы қаншалықты табиғи құбылыс дегенмен, қазекем оның қауіптілігін, қиындығын «Екіқабат әйелдің бір аяғы жерде болса, бір аяғы көрде», деп екі ауыз сөзбен айтып қойған. Міне, сондай қиын жағдайда қолынан қандауыры түспеген дәрігер ретінде сан мәрте ана мен баланың өмірін сақтап қалуда жедел шешім қабылдауға тура келген шығар. Демек, сіздің осы кәсіби қасиетіңіз әкімдік қызметте шешім қабылдауда, уақытында шара қолдануда септігін тигізетін болар?
– Оныңыз рас, отыз жылдан астам акушер-гинеколог болып қызмет атқардым. Адамнан адам шыққан оңай емес. Сәбидің дүние есігін қашан шыр етіп ашатынын ешқашан дәл айта алмайсың. Ол дәрігерден сұрамайды. Бұйырған уақытында, мезгілінде келеді. Сонда күн, түн демей адамның өмірі қыл үстінде тұрғанда дұрыс шешім қабылдау – тек білікті маманның ісі. Міне, осы шешімді қабылдауда дәрігердің кәсібилігімен, білігімен қатар, жүрек қажет. Атақты ғалым Әбу Әли Ибн Сина: «Дәрігерде қыран құстың қырағылы, арыстанның жүрегі мен қыздың нәзік қолы болуы керек», деген емес пе. Сол айтқандай, біреудің ғана емес, екі адамның өміріне жауап бересің. Кейде ауыр жағдайда операцияны бастаған кезде: «Қалай болар екен, нәтижесі қандай болады?» деп қобалжып, ішкі жандүниеңнің дірілін сезгенмен, барлық жиған біліміңді, тәжірибеңді салып, елді дүрліктірмей салқынқанды әрі батыл шешімге келіп, іске кірісуің қажет. Өйткені, саған үміт артып, тағдыры мен өмірін тапсырған қаншама адам тұр. Оның үстіне операция үстелінің жанында жалғыз өзің ғана емессің. Ол жауапкершілікті сенімен бірге команда мүшелері де бөліседі. Бірақ, сен көшбасшы болып тұрған соң, олар саған қарайды. Ал енді бәрі артта қалып, «уһ», деп оң нәтижеге қол жеткізгенде, өзімізге өзіміз қуанып қол соғамыз. Себебі, дәрігерлік істе бәрі соңғы нәтижемен өлшенеді. Әкімдік қызметте де сондай, шешімді дер кезінде қабылдауға тура келеді.
– Жұмыс істегісі келген адамға екі жыл да аз уақыт емес, атқарған шаруалар да баршылық болар. Бүгінгі ауданның жағдайы, ахуалы қалай?
– Ауданымыз қала бойынша жер көлемі жағынан бірінші, халқының саны жағынан екінші орында. 289 мың тұрғынымыз бар. Ауданда негізінен байырғы алматылықтар тұрады. Әкім қашанда халқының арасынан көрініп, ортасында жүруі тиіс қой. Осындайда халықпен кездескенде ақсақалдарымыз, аудан тұрғындары шешілмей жатқан мәселелерді өздері атап көрсетіп береді. Әрине, ауданның ең негізгі көрсеткіші – экономикалық дамуы. Құдайға шүкір, қазіргі таңда ауданымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жаман емес, жоғары деуге де болады. 19 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы 57,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, негізгі инвестициялық капитал 139,4 млрд. теңгені құрады. Былтыр салық басқармасына 35 431 орта және шағын бизнес нысаны тіркелсе, оның 23 050-і жұмыс жасауда. Сондықтан да, ауданымыз салық пен төлемдер түсіруден қала бойынша екінші орында. Бұл – қала бойынша салықтың 20 пайызы біздің үлесімізде деген сөз. Бұл – өте жақсы көрсеткіш.
Үкіметтің «Жол картасы» бағдарламасы аясында ауданда біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Соның арқасында қаншама тұрғындарымыз жұмыспен қамтылды. Көптеген азаматтар оқуға жіберіліп, қайта даярлау курсынан өтуде. Қазіргі кезде, өзіңіз білесіз, қаламызда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көптеген көздің жауын алатын зәулім ғимараттар бой көтеріп жатыр. Сонымен қатар, жұмыссыз жүрген азаматтар да аз емес. Бір өкініштісі, құрылысшыларға деген сұраныстың көптігін біле тұра жұмыссыз азаматтарды, жастарды сылақшы, сантехник, краншы, слесарь мамандықтарын меңгеруге жіберсек, оқуға, жұмыс істеуге деген ниеттің жоқтығы байқалады.
Жоғарыда айтып кеткен «Жол картасы» бағдарламасы аясында денсаулық сақтау, жалпы білім беру мекемелері, балабақшалар күрделі жөндеуден өткізіліп, көлік жолдары да біршама ретке келтірілді. Биыл Президентіміз «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында тиісті министрліктер мен аймақ басшыларына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту туралы бірқатар міндеттер жүктеген болатын. Осы бағыттағы жұмыс біздің ауданымызда да қолға алынып отыр. Айта кететіні, бұл бағдарлама көптеген адамды жұмыспен қамтуда. Содан болар, аталған бағыттағы жұмыстар қала әкімінің тікелей бақылауында.
Елбасының халқына деген қамқорлығының арқасында «Балапан» бағдарламасы да жүзеге асырылуда. Қазір 2400 бала кезекте тұрғанмен, олардың саны жылдан жылға азаюда. Жылына қалада он-он екі балабақша ашылуда. 15 балабақша мектеп жанында жұмыс істейді. Сондай-ақ аудан аумағында ең бетке ұстар 25 мемлекеттік медициналық мекеме жұмыс жасайды. Олар – ауданның абыройы.
Жалпы, білім саласын үлкен алып кеме десек, онда үлкен болашақтың істері атқарылуда. Ауданда 35 жалпы білім беру (28 бюджеттік, 7 жеке), 34 мектепке дейінгі мекеме (27 бюджеттік, 7 жеке) бар. Ауданның тағы бір ерекшелігі, бізде жастар көп шоғырланған. Аудан аумағында 16 жоо болса, оларда 80 мыңға жуық студент оқиды. Оның ішіндегі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «үлкен қаламыздағы кішігірім қала» деп атаймыз. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті де ірі оқу орындарының бірі.
Ауданда қала жұртшылығы мен қонақтары емін-еркін демалып, әсем табиғатын тамашалайтын әдемі мәдени орындар баршылық. Солардың бірі – Алатаудың бөктерінде 73 гектар жерді алып жатқан тұңғыш Президенттің саябағы. Ол қаланың көркіне көрік қосып, алматылықтардың ең бір әдемі демалыс орнына айналған. Әрине, былтырғы жылы өткен Азиада жайында қалай айтпай өтеміз. Осынау халықаралық деңгейдегі спорттық доданы әлем мойындаған Қазақстан жоғары дәрежеде ұйымдастыра білді. Ол да болса тәуелсіздіктің үлкен жетістігі. Қаладағы жеті Олимпиада нысанының екеуі – Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы мен халықаралық стандартқа сай салынған бес мың орындық трамплин бізде орын тепкен. Сырт көз – сыншы дейді ғой халқымыз, оған Олимпиадаға қатысушы шет ел спортшылары жоғары бағасын берді де. Әрі осынау маңызды оқиғаның салтанатты жабылуының біздің қаламызда, соның ішінде Бостандық ауданында өтуі үлкен мәртебе мен асқан жауапкершілік.
Мысалы, мен келгенде трамплиннің 20 пайыз жұмысы ғана атқарылған-ды. Қала әкімі апта сайын жиын өткізіп, өзі қадағалап отырды. Халық арасында: «Үлгере ала ма, алмай ма?» деген сөз де жүрді. Спорт сарайын да елге көрсетуге ұялмайтындай жоғары деңгейде бітірдік. Міне, мұның бәрі өмір мектебі, содан көп нәрсе үйрендік. Одан кейін 1958 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген Орталық стадион да әлемдік стандартқа сай етіп жасақталды. Ондағы жүгіру жолағы әлемде үш мемлекетте ғана болса, соның бірі – Қазақстан. Міне, қаламызда осындай тарихи нысандарды салуда оның басы-қасында болғаным мен үшін үлкен тәжірибе әрі мәртебе.
Мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша да қоғамда ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу жүйелі түрде жолға қойылған. Қарқынды, жан-жақты дамудың басты кепілі – ол ұлтаралық татулық пен қоғамның бір мүддеге бірігуі, топтасуы. Міне, осыны сақтап, достығымызды әрі қарай да нығайту үшін біздің тарапымыздан идеологиялық бағыттағы көптеген шаралар іске асырылуда.
– Ауданда бар шаруа оңтайынан келіп жатпаған болар, қандай қиындықтармен бетпе-бет келуге тура келеді?
– Әрине, қиындықтар бар. Мәселен, аудандағы өнеркәсіп өндірушілердің көпшілігі құрылыс материалдарын шығарады. Олардың жұмыстары жаз айында жүргенмен, қыста белсенділігі төмендейді. Солардың жұмыстарын бірқалыпты жүргізуге әрекет жасасақ деймін. Екінші проблемамыз – жабайы сауда. Әкімшілік, құқық қорғау орындары, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметі, партиялық бақылауымыз бар, бір жағын қадағаласақ, екінші жағынан шығып жатады. Алайда, осы шаруаны үнемі қадағалап отыруға тура келеді.
Алматы – көрікті, әдемі қала. Бүгінде шаһарда базар жеткілікті, жол-көлік мәселесі шешілген. Дегенмен, біздің халық есік алдына шығып сауда-саттық жасасақ, болмаса есік алдынан сатып ала қойсақ дейді. Қазір қала әкімі базарларды жоғары деңгейге көтеруді, өз қаражаттарына бір үлгіде, жақсы дизайнда болуын қамтамасыз етуді қолға алып отыр. Кейбірі қызыл сызықта тұр. Сондай-ақ, бірінші қажеттіліктегі тауарлардың бағасын бақылап, қадағалау мақсатында әр апта сайын аудандағы ірі сауда орындарында мониторинг жүргізіледі. Бірақ әлі де болса себепсіз бағаны өсіру фактілері орын алып жатады. Мұның алдын алу үшін Алматы облысының Іле ауданымен және Жамбыл облысымен бірлесе отырып, тұрақты түрде арнайы ауылшаруашылық жәрмеңкелерін өткізіп тұрамыз.
– Әкімнің үстелінен стетоскопты көру қызық екен. Бұл бір жағынан өзіңіз қалаған мамандыққа деген құрмет шығар деп ойлаймын. Медицинаны сағынып жүрсіз бе?
– Менен көбіне: «Сіз медицинаны ұмытып қалған жоқсыз ба?» деп сұрайды. Мен айтар едім, білген нәрсе ұмытылмайды екен. Егер әріптестерім кеңесімді қажет етіп шақырып жатса, көмегімді аямаймын. Бір түсінгенім, адам бір-бірін іздеп, бір-бірін керек етіп, шын ниетімен араласып-құраласып тұрса, барлық ауыртпалық жеңілдейді. Жұмыс бәрімізге жетеді. Ал адамдарды алдай да, ешкімнің аузына қақпақ бола да алмайсың. Егер дәрігер білімді маман болса, онда ол қандай жағдайдан да шешім іздеп табады. Бір түйгенім, алдыңа келген адамның проблемасын өзіңдікіңдей сезінсең, ол адам да соны түйсініп, үлкен құрмет білдіреді.
Дәрігер – ұлы мамандық. Отыз жылдан бері 13 мың баланың кіндік шешесі болыппын. Бұл дегеніңіз, бір кішкентай қалашық емес пе? Қандай ғанибет! Қонаққа барсаң да, көшеде көрсе де: «Зәуреш Жұманәліқызы, мынау сіздің балаңыз», дегенде бар ниетіңмен балақайдың маңдайынан иіскеп, бір рахаттанасың. Әрине, олардың барлығын есіңде сақтай алмайсың. Бірақ, сен сол отбасының көкейінде, жүрегіндесің. Міне, бұл – дәрігер мамандығының құдіреті. Бұл – жеке басыңдағы тірлікті қалдырып, адамның денсаулығы үшін төгілген тердің өтемі.
– Зәуреш Жұманәліқызы, қалалық денсаулық сақтау саласын басқарып жүргенде бастаған шаруамды бітіріп кете алмадым-ау деген «әттеген-айларыңыз» болды ма?
– Бір қуанатыным, Президентіміздің «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы қалалық денсаулық сақтау департаментінде істеген кезімде қолға алынды. Бұған дейін қала басшыларына: «Алматыда соңғы 18 жылдан бері бірде-бір аурухана, емхана салынған жоқ...», деп жазатынбыз. Сол бағдарламаны жүзеге асыруда сала басшысы ретінде қандай профильді аурухана салу керектігін анықтау үлесіме тиіп, бес аурухана, бір үлкен емхана салуға шешім қабылдап, жұмысты бастадық. Солардың алдыңғыларының төрт қабаты, артының нөлдік циклы біткенде қызметтен кеттім. Жүрек-қан тамырлары ауруының адам өміріне деген қаупін ерекше сезіне отырып, жедел жәрдем ауруханасының бір ғимаратында қалалық кардиология орталығын ашқанбыз. Сонда: «Бұл аурухананың 100 жылдық тарихы бар», деп дүрліккенде, ең бірінші жедел жәрдем ауруханасының орнына салынатын аурухананың жобасы көрсетілді. Ол былтыр пайдалануға берілді.
Алтынсарин көшесі бойында ХХІ ғасырға тән заманауи, керемет №2 балалар ауруханасы ашылды. 260 орындық қалалық тубдиспансер, күніне бір уақытта 500 адамға қызмет көрсететін №17 емхана мен 150 орындық перинаталдық орталық салынып, іске қосылды. Құрылысшыларға рахмет, жақын арада сол алты нысанның соңғысы – №4 клиникалық аурухана пайдалануға берілмек. Міне, осындай біткен үлкен шаруаға аз да болса үлес қосқаныма мақтанамын.
Дәрігер ретінде айтарым, бүгінде медицинада жұмыс жасауға барлық мүмкіндіктер бар. Тек кәсіби біліміңді жетілдіріп отыру қажет. Өйткені, қанша мықты аппарат, қымбат құрал-жабдық болғанмен, білікті кәсіби мамансыз алға жылжу жоқ.
– Мәселенки, бұл қызметтен кетуге тура келді делік, дәрігерліктен қол үзіп қалдыңыз, қай жұмысты таңдайсыз?
– Әрине, дәрігерлікті. Маған қашанда басшылық қызметте күш беретін үлкен кәсібилік білігім. Өйткені, ертең жұмыссыз қаламын деп қорықпаймын. Кәсіби дәрігер қашанда қажет. Ал жақсы білген нәрсең ешқашан ұмытылмайды. Оның үстіне, мен дәрігер ретінде өз мүмкіндігімді көрсете алған адаммын. Реті келгенде айта кетейін, өмірді, адамдарды жақсы көремін. Кетіп бара жатқан кішкене баланың басынан сипап өткім келеді. Сол саған үлкен қуат береді... Ендігі бір жаңалығым, әрі үлкен олжам – осы жұмыста жүріп, бұрын бастаған докторлық диссертациямды аяқтап, қорғадым.
– Құтты болсын! Докторлық еңбегіңіздің жаңалығы неде?
– Бұл еңбек жүктілік пен босанудың нәтижесін жақсартуға бағытталған қазіргі заманға сай медициналық-ұйымдастырушылық технологияларды ғылыми негіздеу, әзірлеу және енгізу. Сонымен қатар, олардың медициналық-үнемдік тиімділігін анықтауды көздеді. Бір сөзбен айтқанда, ананы босандырудың қауіпсіздігі. Бұрындары қалай еді, ананың қағанағынан суы кетті ме, бір-екі сағатта жеделдетіп босандырып алатынбыз. Қазір қағанақ суының мерзімінен ерте кетуі кезінде толғақ өздігінен басталмаса, екі күннен екі айға дейін жүктілікті созуға болады. Мысалы, су кеткенде шарана 900 грамм болса, бұл әдістен соң 2900 грамға жеткізіп босандыруға мүмкіндік бар. Бұл – керемет жетістік емес пе.
– Әңгімеңізге рахмет. Сізді әлі де биіктерден көре берейік.
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Сергей ПЕРМИНОВ.