Адамдар кейде болмайтын нәрсеге қиқылдасып, кешегі сыйлас ағайындар бір-бірінің жағасынан алуға дейін барып жатады. Кейін ақыл тоқтатып, ашуын сабыр жеңгеннен кейін: “Өй, болмашыға бола ағайыннан айырылып қала жаздаппын ғой”, деп өкінетіні бар. Тағы да қайталарын сезбейді. Онысын ақтап алатын мәтелі де дап-дайын. “Бір атым насыбайға бола да көңіл қалады”, деп қояды.
Адамдардың бәрі осындай шығар деп ойлайсың ғой. Өзің де соның ішіндесің. Бая-шая болып жатқаның. Жоқ, олай емес екен.
Сабырынан еш төгілмейтін адамдар да бар болып шықты. Ғалымжан деген журналист досым бар. Тонның ішкі бауындай араласып жүргеннен кейін әке-шешесінің алдын талай көрдік. Әкесі Орекең, Ордабек Зиябекұлымен талай мәрте дастарқандас болдық. Жымиып қана отыратын кісі. Қашан барсаң да осы қалпынан танбайды. Балаларына, құдай қосқан қосағы Рахия шешемізге өтірік болса да бір кейігенін көрмеппіз. Кейінірек, журналистік әуестік жеңе бастады. Осы кісіде ашу дегеннен мысқалдай болса да бар ма екен деп. Байқай алмадық. Сұрастырдық. Білетіндерден. “Олар: «Бұл кісі ежелден осылай ғой, ашулануды білмейді”, дейді. Ондай болса жасық біреу шығар-ау деп ой түюіңіз мүмкін. Ондай да емес. Жақсы-ақ қызметтердің құлағын ұстаған. Тіс дәрігерінен үлкен кеңшардың бас зоотехнигі болып өскен. Екеуінің де оқуын тәмамдаған ғой.
Мақтааралда, Манкентте, Сүткентте жұмыс жасаған. Зейнеткерлікке шыққан соң Темірланға көшіп келген. Аудан орталығының жоғары жағынан жай алған. Іргесін сұлу Арыс өзені көктей өтетін Ордабасы ауданы суға бай жер. Орекеңнің жерінің төменгі етегінен Орыс арық, қыр беткейінен Найман арық өтеді. Су – тіршілік. Орекең ақсақал балаларымен, немерелерімен бірлесіп бау егіп тастаған. Көктем, жаз барсаңыз бұрқыраған алма иісі иран бағындай есіңізді алады. Сәлем салғандай иіліп тұрған келіншекталдың саясы алты қанат ақ ордадай. Орекең, міне, осы жерге тапшан орнатып, ордалы қауымымен тыныстап отырады. Жылқы ұстайды. Қымыз ішеді. Ірі қара, ұсақ мал баршылық. Түйетауық, үйрек дегендеріңіз бұл үйге таңсық емес.
Ғалымжан дос айтады. «Әкей білдей бір кеңшардың бас зоотехнигі бола жүріп, кейбіреулердей мемлекеттің меншігіне қол салған емес. “Балаларыма арам ас жегізбеймін” дейтін. Онысы дұрыс та шығар, бірақ бас зоотехнигінің келіншегі керзі етігі сатала-сатала болып шаруашылықтың бұзаушысы болғанын кім көрген. Бізді оқытқан – тауық. Анам мыңға дейін тауық, түйетауық өсірген. Отбасында 8 бала болдық. Бәрімізді соның жұмыртқасымен оқытты».
Сөйтіп: “Балаларыма арамнан ас жегізбеймін” дейтін Орекең көштен қалмапты. Тұқымының өзі бір ауыл. Немерелері шұрқырап ата-әже деп жатады. Шөбере де көрді. Немересінің алды Асқар Бейжіңде дәрігер мамандығына оқып жатыр. Бірге барған құрдастарынан жеке-дара түскен. Оқытушылары мықты маман болады деп мақтайды екен. Орекеңмен уақытты кең салып әңгімелескенім бар еді.
– Мәңгілік ешкім жоқ, – деген. – Қысқа ғана ғұмырда кісінің көңілін қалдырып, ғайбат сөйлегенді жақтыра бермеймін.
Алла тағалла адамға өмір берді. Қызығын көрсін деп ұрпағын көбейтті. Шуағына бөленіп жүргенге не жетсін. Адамға басқа не керек.
...Өтірік айтпайтын, біреудің хақысын жемейтін, елге ойлайтыны жақсылық, бұл өмірге адам болып келіп, адамдығына сызат түсірмей өткен Орекеңнің де бұл дүниеден өткеніне бір жыл болды. Темірланға барған сайын осы ашуы жоқ, алды кең, жайсаң ағаны көңіл іздейді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
Оңтүстік Қазақстан облысы.