Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті және Қазақ еліндегі орыс қауымы еліміздегі Ресей ынтымақтастық өкілдігінің қолдауымен «Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі мен Қазақстанның орыс қауымы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы» меморандумға сәйкес жақында Қазақстан халқы тілдерінің ХІІІ фестивалі аясында Ресей ғылым және мәдениет орталығында «Тіл – барлық білімнің кілті» атты орыс тілі білгірлерінің байқауын өткізді.
Байқау мемлекеттік тілде оқитын жастардың басқа тілдерді меңгеруге деген шығармашылық қабілеттерін жандандыруды, сөйлеу мәдениетінің деңгейін арттыруды, оларды толеранттылық тұрғыда тәрбиелеуді негізге ала отырып ұйымдастырылды. Шараның негізі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыруға бағытталған.
Бұл байқауға барлық облыстарда және Астана, Алматы қалаларында өткен жарыстарда озып шыққан 14-22 жастағы жоғары оқу орындарының, колледждердің студенттері, мектеп оқушылары қатысты.
Осы шараға Мәдениет вице-министрі Ғ.Телебаев, Парламент Сенатының депутаты А.Башмаков, Тіл комитетінің төрағасы Ш.Құрманбайұлы, Қазақстан Республикасындағы Ресей елшілігінің аға кеңесшісі С.Анненков, профессорлар В.Коченов, Н.Шаймерденова, өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.
Байқау қорытындысында бас жүлдені Павлодар облысынан келген 11-сынып оқушысы Б.Қайырбеков, ал бірінші орынды оңтүстікқазақстандық 11-сынып оқушысы Ә.Бауыржанқызы алса, екінші орынды астаналық 11-сынып оқушысы М.Мусина, үшінші орынды ақмолалық студент Ә.Нұрғожина иеленді. Оларға бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Сүлеймет МӘМЕТ.