Прокуратура органдарының Қызылағаш су қоймасының жарылу дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс жөнінде соттардың заңды шешім шығаруына ықпал еткен шараларына тоқталғалы отырмыз.
2010 жылғы наурыз айының 11-інен 12-іне қараған түні, Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылының тау шатқалында орналасқан су қоймасы, осыған жауапты лауазымды адамдардың салақтығынан жарылып, одан аққан тосын су Қызылағаш ауылының тұрғындарының ту сыртынан ұрып, соның салдарынан 45 адам, оның ішінде 15 бала қайтыс болғаны және аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірілгені мәлім.
Аталған дерек бойынша 2010 жылы тамызда «Қызылағаш» су қоймасының басшысы Қ. Бекеев, оның орынбасары М. Жүнісов ҚР ҚК-нің 232-бабымен, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Б.Тынышбаев, Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Е.Жүнісов, аудандық төтенше оқиғалар жөніндегі бөлім бастығы Қ.Байзақов ҚР ҚК-нің 316-бабы 2-бөлігімен, облыс әкімшілігі су ресурстары комитетінің бұрынғы бастығы А.Сабиров ҚР ҚК-нің 308-бабы 3-бөлігімен және облыстық төтенше оқиғалар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Е. Енин ҚР ҚК-нің 381- бабы 2-бөлігімен айыпталып, Талдықорған гарнизонының әскери сотына жолданды.
2011 жылы 9 ақпанда әскери соттың үкімімен Қ. Байзаков ҚР ҚК-нің 316-бабы 2-бөлігімен 3 жыл бас бостандығынан айыруға, ҚР ҚК-нің 63-бабының негізінде шартты түрде 2 жылға сотталып, оған 3 жылға дейін мемлекеттік қызметке орналасуға тиым салынған.
Ал, Қ. Бекеев және М. Жүнісов ҚР ҚК-нің 232-бабымен 5 жыл бас бостандықтарынан айырылып, олар жазаларын колония қоныстарда өтеуі белгіленген. Олар 3 жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Осы сот үкімімен А.Сабиров ҚР ҚК-нің 308-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп таныла отыра, ҚР ҚК-нің 69- бабы 1-бөлігімен ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған.
Сонымен қатар, Е.Енин ҚР ҚК-нің 381-бабы 1-бөлігімен және Б.Тынышбаев ҚР ҚК-нің 316-бабының 2-бөлігімен ақталған.
Аталған сот үкіміне облыс прокуратурасы 2011 жылы 23 ақпанда ақталған Е.Енин мен Б.Тынышбаевқа қатысты ақтау үкімінің күшін жойып, қылмыстық жауапкершілікке тарту және Қ.Байзақовқа тағайындалған жаза тым жеңіл болғандықтан оған бас бостандығынан айыру жазасын қолдану туралы апелляциялық наразылық келтірген.
2011 жылы 12 сәуірде қылмыстық іс ҚР Әскери сотының апелляциялық сатысында қаралып, облыс прокуратурасының апелляциялық наразылығы қанағаттандырылмай, сот үкімі өзгеріссіз қалдырылған.
Осыдан кейін, бұл сот актілеріне ҚР Бас прокуратурасы жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша ҚР Жоғарғы Сотының қадағалау алқасына қадағалау тәртібінде наразылық енгізген. 2011 жылы 13 қыркүйекте аталған қылмыстық іс ҚР Жоғарғы Сотында қаралып, ақталған Е.Енин мен Б.Тынышбаевқа қатысты ақтау үкімінің және Қ.Байзақовқа тағайындалған жаза заң талаптарына сәйкес келмейтіндігінен үкімнің күші жойылып, істі қайта басқа сот құрамында қарауға жолданып, наразылық толығымен қанағаттандырылды.
Марат ҚАЙЫБЖАНОВ, Бас прокуратураның департамент бастығы, аға әділет кеңесшісі.