Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық қызметіне орай Мемлекет басшысы үндеуінде еліміздің ұстанымы мен міндеттері нақты айқындалып берілді. Негізінен әлемдегі халықаралық беделді Ұйымға төрағалық ету еліміз үшін үлкен сенім. Сонымен қатар, бұл мәртебелі орынтақ бізге үлкен жауапкершілік те жүктеп отырғандығын назардан шығармағанымыз жөн.
Менің ойымша, 2010 жыл Қазақстан әлем алдында үлкен бір сынақтан өтетін жыл болғалы тұр. Енді нақты қандай міндеттер тұр, қай бағытта жұмыс істейтіндігімізді Елбасы өз сөзінде жақсы айтып кетті. Ең бастысы, менің мақтаныш сезімімді тудырғаны – Еуропадағы үлкен белді халықаралық Ұйымды Орталық Азия аймағының өкілі басқаруы. Сондықтан ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің көрермендері мен тыңдармандары Қазақстан Президентінің үндеуіне ерекше назар аударғанына ешқандай күмән жоқ. Өйткені, “қалай болар екен?” деген сұрақ көптің көкейінде, оған себеп аталған халықаралық Ұйымның басында проблемалар туындай бастағаны белгілі жәйт. Мүше елдердің арасындағы келіспеушіліктер осыны анық байқатты, оның несін жасырамыз. ЕҚЫҰ қағидаттары мен құндылықтары сақталады дегенді Президент қадап тұрып айтып, саясат сол бағытта жүргізілетіндігінен хабардар етті. Бұл күпті көңілге басу айтқандай жылы қабылданды.
Ұйым алдында лаңкестікпен, есірткі саудасымен, кедейшілікпен және аштықпен күресу, сондай-ақ гуманитарлық, экологиялық проблемаларды шешу міндеттері тұрса, соларды еңсерудің жаңа жолдарын іздестіруіміз керек. Қазақстанның аталған Ұйымға төрағалығы тіпті бір өзгеше көзқарас алып келуі тиіс. Президент өз сөзінде ЕҚЫҰ саммитінің 10 жылдан бергі үзілісі тоқырау ахуалында тұрғанының көрінісі деген пікір білдірді. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммитін өткізуі туралы Елбасының ұсынысы аталған Ұйым жұмысын жаңа деңгейге көтеруден туындаған ұсыныс деп қабылдау керек. Сол арқылы көптеген шешімін күткен проблемаларды еңсеруге болады.
Қазақстан үшін мұндай маңызды жұмысты атқару мемлекетіміздің бүкіл әлемде саяси беделін өсіретіні күмәнсіз. Екіншіден, осы лауазым экономикамызға да өз пайдасын тигізуі тиіс. Мысалы, инвестиция тартуға мол мүмкіншіліктер береді. Қазірдің өзінде 2008 жылдың қорытындысымен алсақ, Қазақстан мен Еуропалық Одақтың тауар айналымы 39,5 миллиард долларға жетсе, сол жақтан тартылған инвестиция 2009 жылға дейін 40 миллиард долларды құраған.
Сондықтан төрағалық өзара қарым-қатынастарға да үлкен серпін алып келеді. Олай болса, төрағалық біздер үшін үлкен жетістіктер мен ізденістердің мүмкіндіктерін алдымызға тосып отыр.
Шавхат ӨТЕМІСОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.
БАРЫСША БИІККЕ ҰМТЫЛАЙЫҚ
Жаһан елдерінің назары Қазақстанға айрықша ауатын күн туды. Себебі, кешеден бері біздің тәуелсіз еліміз Еуропа төріндегі мәртебелі ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық жұмысына кірісті. Бұл – Қазақстан халқы, соның ішінде қазақ халқы үшін шын қуанатын, мәртебе санайтын ерекше сәт. Енді әлем жұртшылығы Қазақстанның ішкі-сыртқы саясаттағы беделіне, саяси, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына бұрынғыдан да сыни көзбен қарайды. Елдің абыройы мен айбынын асқақтатар осынау жауапкершілігі жоғары міндетті ойдағыдай атқару барша қазақстандықтарды биік белеске, ұйымшылдық пен татулыққа бастар үлкен қадам болғалы тұр. Міне, осы сәтте еліміздегі саяси тұрақтылықтың, қазақ халқы мен түрлі этностар арасындағы достықтың, татулықтың буыны қатая берсе екен деймін. Өйткені, біз ЕҚЫҰ-ның төрағалығына оңай қол жеткізген жоқпыз. Бұл Қазақстандағы демократиялық үрдістердің, экономикалық реформалардың, ең бастысы, елдегі саяси тұрақтылықтың арқасында ғана мүмкін болды.
ЕҚЫҰ төріндегі төрағалық Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік қоғамдастықтағы саяси беделі мен саясаткерлігінің жемісі екені талас тудырмайтын шындық. Мемлекет басшысының ЕҚЫҰ-ға төрағалығымызға орай жасаған үндеуінде Қазақстанның ұстанар басты қағидаттарына қанықтық. Шынында да біздің еліміз төрағалыққа аса күрделі кезеңде кірісіп отыр. Соған қарамастан, Қазақстанның Іс басындағы төрағалығы кезінде талқыланатын мәселелер ауқымы шектелмейтіні нақты айтылды. Әсіресе, Қазақстанның төрағалық кезіндегі ұраны өте орынды таңдалғаны көңілге қонды, ерекше қуантты. Себебі, қазақ халқының ежелден сенім мен дәстүрге, ашықтық пен төзімділікке беріктігі дәлелденген. Демек, Қазақстан осы ұранды ұстану арқылы Еуропа елдеріне де үлгі-өнеге көрсете алатынына сенеміз.
Елбасының ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің саммитін өткізу идеясын да құптаймын. Он жыл бойына ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен елдер саммит өткізуге көңіл аудармай келген екен. Демек, мемлекет басшылары деңгейінде шешуді талап ететін мәселелер жинақталып қалғаны анық. Сондай-ақ бұл саммитті Қазақстанда өткізу еліміздің жауһар елордасы – Астананы Еуропа елдеріне және бір рет танытуға да таптырмайтын мүмкіндік болғалы тұр. Елбасы ұсынған 1 тамызды – ЕҚЫҰ күні деп жариялау ұсынысы да қолдау табарына сенемін. Сол себептен ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің саммитін Астанада 1 тамызға орайластырып өткізген орынды болады деп ойлаймын.
Барыс – Қазақстанның символдық белгісі. Бұл – ең биікке, шыңның ең құзар басына ұмтылатын аң. Ендеше, барыстың биікке секіретін қасиеті ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы – Қазақ еліне жұғысты болғай. Елімізді биік белестерге бастаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Қазақ елі саяси, экономикалық-әлеуметтік дамудың биік шыңына қадам жасай берсе екен деймін.
Әлия БЕКҚОЖИЕВА, Атырау облыстық кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты.Атырау облысы.
БҰЛ – ШЫНЫНДА ДА МӘРТЕБЕЛІ МИССИЯ
Австрияның астанасы Венада Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығы қызметіне кіріскен тарихи күні Елбасы Н.Назарбаев үндеу жариялады. Бұл үндеуді тыңдап болған соң мен қалың ой құшағына берілдім. Тәуелсіздік алған 18 жыл ішінде Қазақстанды бүкіл әлем таныды десек артық айтқандық емес. Он жыл ішінде әсем Астана бой көтеріп, ол әлем жұртшылығының қызығушылығын тудыруда. Еуропаның паң мемлекеттері мен мұхиттың арғы жағындағы дамыған елдер басшылары да Қазақстан Президенті Н.Назарбаевты қайраткерлігі үшін сыйлайтыны сөзсіз.
Үндеуде не айтылды? Енді солар туралы қысқаша сөз қозғайық. Мен орыс ұлтының өкілімін. Ұзақ жылдар “Имсталькон” акционерлік қоғамын басқарудамын. Біздің кәсіпорында жиырмадан астам ұлттың өкілдері еңбек етеді. Елбасының қамқорлығы нәтижесінде кәсіпорын өсіп-өркендеу үстінде. Былтыр жазда Кенді Алтайға сапары кезінде Елбасы облыс активінде бізбен кездесіп, алдағы жылы еліміздің ЕҚЫҰ төрағалығына кірісетінін, бұл үлкен жауапкершілік жүктейтінін, демек, әрбір қазақстандық татулық пен бірліктің үлгісін жалғастыруы керектігін айтқан еді.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету оңай шаруа емес. Оның үстіне бүкіл әлем қаржы дағдарысын бастан кешуде. Бұл мәртебелі Ұйымға 56 мемлекет мүше. Өзі құрылған 35 жылда ЕҚЫҰ талай бейбітшілік пен татулық үдерістеріне қол жеткізгенін жақсы біледі. Ресей мен Украина, Ресей мен Грузия, сонау кездегі Армения мен Әзірбайжан елдері арасындағы Қарабақ мәселесі, Балқан түбегі елдері арасындағы дау-дамай, Орталық Азия мемлекеттерін Еуропамен байланыстыру мәселелерін енді Қазақстан араласып шешпек. Бұл шынында да оңай шешілетін шаруалар емес. Бірақ біз соған ұмтылатын боламыз.
Елбасы үндеуінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының қатысуымен саммит өткізу жөнінде бастама көтерді. Несі бар, өте құптарлық бастама. Өйткені, мұндай берері мол саммиттің өтпегеніне 11 жыл. Париждегі хартия жиынынан бері 20 жыл өтіпті. Ендеше Қазақстанда өтетін саммитке барлық мемлекет басшылары қатысып, үлкен проблемаларды шешіп жатса, елімізге де бедел емес пе.
Қазақстан қаржы дағдарысынан қысылмай шығып келеді. Қазірдің өзінде ел экономикасы сауығып, тек былтыр “Жол картасы” бойынша елімізде жүздеген мың жұмыс орындары ашылды. Біздің облыстан да бір мысал. Жүздеген әлеуметтік ғимараттар пайдалануға беріліп, балабақшалар, мектептер күрделі жөндеуден өтті. Бүгін облыстық мәслихаттың ХVІІІ сессиясы өтіп, депутаттар қосымша бөлінген 32 миллиард теңгені әлеуметтік ғимараттар мен жол жөндеуге жұмсайтынын бекітті. Сонымен Кенді Алтайдың жылдық бюджеті биыл 120 миллиард теңгені құрады. Ал бұдан сегіз жыл бұрын облыстық бюджетте небәрі 17 миллиард теңге қаржы болған. Ендеше, кемелденіп, өсіп-өркендеп келе жатқанымызды осы бір көрсеткіштен-ақ аңғару қиын емес. Еліміз аман, тыныштық пен бейбітшілікте жолығайық, ағайын.
Михаил ЛАБУКОВ, облыстық мәслихаттың депутаты, “Парасат”, “Құрмет” ордендерінің иегері.
Өскемен.
ТАБЫСТАРЫМЫЗҒА БЕРІЛГЕН ЖОҒАРЫ БАҒА
Бүгінгі өркениетке бет алған қоғамда өмірдегі күн сайынғы іргелі істер мен жаңалықтардан хабардар болу үшін бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне жүгінетініміз анық. Күні кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалық міндетіне кірісуіне орай үндеу жариялады. Онда Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне байланысты осы бағытта қолға алынған жұмыстар егжей-тегжейлі ортаға салынды. Еліміздің сыртқы саясатының басты бағыттары мен Еуропа төріне шығуы көршілес мемлекеттермен қарым-қатынасы қамтылып, оның басымдықтары түсіндірілді.
Қазіргі кезде ел қауіпсіздігі нығайтылып, ішкі-сыртқы саясаттағы бағытымыз айқындалған. Сондай-ақ, экономика, әлеуметтік, ғылыми-техникалық, мәдени салаларды дамыту мақсатындағы жұмыстар барынша өрістетіліп, жыл сайынғы Жолдауларда тиянағын тауып келеді.
Үндеуде Елбасы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі туралы шешім қабылданғаннан-ақ оның елімізге тигізген жақсы жақтары мол екенін ортаға салды. Бүгінде әлемдік дағдарысты халық басынан қиналмай өткізіп, экономиканың негіздері нығая түсуде. Қоғамдағы халықтың саяси белсенділігі артып, құқықтық мәдениеті жандана бастады.
Еуропа төрі еліміз үшін оңай ашылған есік емес. Өйткені, Қазақстанның төрағалыққа қойылатын бейресми талаптарға бүгінгі мүмкіндігі мол екендігі айқын аңғарылды. Өткен уақытта демократиясы нығайған, экономикасы тұрақты еліміз әлем алдындағы өз беделін мейлінше арттырды. Осылайша тарихы бай, беделі жоғары мемлекетіміз қандай мәселеде де үлкен сенім, шынайы құрметке ие болды.
Жаңа 2010 жыл біз үшін осындай қуанышты да мәртебелі жаңалықтарымен есте қалмақшы. Еліміздің бас газеті “Егемен Қазақстанның” беттерінен еліміздің төрағалығына, ЕҚЫҰ-ға қатысты материалдар мен ақпараттарды жібермей оқимын. Әлем назары Қазақстанның бүгінгі дамуы мен демократияны өрістетудегі іргелі істеріне ауған. Бұған дейін Ұйым хатшылығы жұмыстарын жандандырса, еліміздің мәдениеті де еуропалықтардың назарына ұсынылуда. Осындайда халқымыздың “Бармасаң, келмесең жат боласың” дегені еске түседі. Тәуелсіз мемлекетіміздің бүгінгі дамуы мен өскелең мәдениетін, салт-дәстүрін өзгелерге танытудың өзі де бір ғанибет.
Бұған дейін Елбасы Австрияға бірнеше мәрте жұмыс сапарын жалғастырып, екі ел арасындағы қарым-қатынас қай жағынан да нәтижелі болғанын білеміз. “Еуропаға жол” бағдарламасы сол жұмыстардың ұтымды жалғасы деуге болады.
Қазақстанды 143 этнос мекендейтінін ескерсек, біздегі этносаралық келісім, достық қарым-қатынас қай елдің болса да назарын өзіне аударып отыр. Мемлекет басшысының өзі құрған Қазақстан халқы Ассамблеясы ортақ шаңырақтағы ел бірлігі мен ынтымақтастығының жаңа бір жемісі. Мұны бәрі шүбәсіз мойындап, қазақтан тағылым алуға ұмтылуда.
Үндеуде Ұйымға төрағалық етудің бүгінгі күрделі уақытта өтіп отырғаны атап көрсетіліп, ол бүгінгі қаржы дағдарысы, энергетикалық, азық-түлік тапшылығының қауіпті кезеңге жетуі, жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау, адамзат қоғамының болашақ қарым-қатынасы жайлы мәселелердің шешімін күткен кезбен тұспа-тұс келгендігін еске салды. Осындай сындарлы сәтте білдірілген сенім еліміз үшін биік мәртебе, Елбасының сарабдал саясаты мен көрегендігіне берілген жоғары баға деп білеміз.
Ержанбек НҰРБЕКОВ, облыс әкімінің аппарат жетекшісі. Алматы облысы.