Жуырда аудандық «Баянтау» газетіне 80 жыл толды. Осы уақыт ішінде ел тынысын жазудан танбай келе жатқан бұл басылымның қатардағы аудандық газеттердің бірі емес, қазақ үшін жолы үлкен, тарихы сан тарауға түскен тағдырлы басылым екенін де айта кеткен жөн.
Тарихы сан тарау басылым демекші, «Ленин туы» деп аталған осы газетке 1931 жылы ақын, әрі жорналшы Ғалым Малдыбаев тұңғыш редактор болған екен. Ел аузындағы әңгімеге құлақ ассақ, сол кездері ғалым ағамыз Мәшекеңе – Мәшһүр Жүсіп атамызға басылымға ақжол айтсаңыз деп барған екен. Жазған дүниелерін жариялап тұрғысы келетінін де ұмытпаса керек. Сонда әулие Мәшһүр: «Қарағым, мен ақырет қамындамын. Қолқа салма. Тағы айтарым, газетіңнің шырағы сөнбесін!», – депті. Бірер айдан соң әулие қайтпас сапарға аттанады.
– Еліміз тәуелсіздігін алды. Ел-жұртымыздың да атауы өзгеріп, ес жидық. Егемен ел атандық. Әлгі «Ленин туы», «Коммунизм туы», «Жеңіс» деген қызыл атаулар келмеске кетті. Шынын айтсам, осы Баянауылдың газетінің неге «Жеңіс» деп аталғанын кейде өзім де түсінбей қаламын, кімді, нені жеңдік деп. Табиғаты ғажайып, әр тасы шежіреге толы мынадай еліміз, жеріміз бар. Тәуелсіздікке қол жеткен алғашқы күннен-ақ аузыма «Баянтау» деген әсем атау орала бергені де сол еді, – дейді газет редакторы Шәкірат Шалбай. – Бүгінгі күні 80 жыл толып отырған біздің «Баянтау» атты аудандық газетіміздің де көрмегені жоқ. Қолдан келер қайраның жоқ, қатал заман үкімі солай болды. Аласапыран уақыт, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргін зобалаңы. Одан әрі сойқанды соғыс, соғыстан соңғы қалпына келтіру, тізіп айта берсең толып жатыр. Тәуба, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұған жетер бақыт жоқ.
Иә, айтса айтқандай, «Баянтау» аудандық газетінің редакторы Шәкірат Шалбай ағамыз, міне, осылай толғанады, толғанатын да жөні бар. Газеттің 80 жылдық тарихының 50 жылын ол көз алдынан өткізді. 50 жыл бойы қазақ тіліне, қазақ газетіне қызмет етіп, өткеннің шежіресін, тау баурайында отырған ауылдардың тыныс-тіршілігін қолындағы қаламымен өрнектеп бүгінге жеткізді. Қане, тағы да әріптес әңгімесіне құлақ түрелік.
– 1960 жылы мектеп бітірген соң, осы редакцияға келдім. Корректорлығынан бастап, редакторлыққа дейінгі сатылардан өттім. Ал 1972 жылдан бастап газет редакторы қызметін атқарып келемін. Алғашында бұл газетті Ғалым Малдыбаев, соғыс жылдары Смағұл Торғаев, Елубай Сағынаев деген азаматтар басқарған. Одан кейінгі жылдары Балтабай Сейсембеков, Рафағат Сыздықов, Хакім Бөпеғалиев, Төлеутай Құлмағамбетов деген ағаларымыз редакторлық жасады. Бұл өшпейтін тарих, ағалар жолы, өзге елдің құзырында болсақ та елді, жерді сақтап келген халықтың талайлы тағдыры деп білемін. Мұның бәрі, әрине, газеттің сарғайған беттерінде қалды.
Өзімізге белгілі, еліміз енді еңсе көтеріп жатқан тұста, сонау 90-жылдары қаражаттың жоқтығынан кейбір аудандық газеттердің уақытша жабылып та қалғаны есімізде. Баянауылдың «Баянтауына» да оңай болған жоқ. Кеңес кезінде газет аудандық партия комитетінің органы болды да, материалдық жағынан қиындық көре қоймадық. Қиындық деген бертін, ауыспалы кезеңде келді. Жалақы төленбеген соң, тілшілері кетіп қалып, Шәкірат ағаның бір өзі редакцияда жалғыз қалған кездері де болыпты. Содан біраз уақыт облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің қосымшасы болып та шығып жүрген көрінеді.
– Сол кезде бәрін тастап, редакцияның ғимаратын жекешелендіріп, кәсіпкерлікпен айналысып кетуге де болар ма еді. Бәрінен де бұрын қазақ газетінің шамшырағын сөндірмеу міндеті, парызы биік тұрды. Әрі қазақ тіліндегі газеттің жабылып қалуына жол бергім келмеді. Бұл қиындықтан өттік. Алайда, осы бертінде, 2000 жылдары сол кездегі аудан басшылығы «Баянтауды» жауып тастап, «Баянауыл баурайы» деген екінші бір аудандық газет ашқаны бар. Аудандық бюджеттен бөлінетін қаржы екіге жарылып, бұл жағдай да оңайға түспеді. Әйтеуір, жаңадан ашылған газет жабылып, біз «Баянтаудың» іргесін құлатпай, аман сақтап қалдық, – дейді Шәкірат аға әңгімесін әрі қарай жалғастырып. – Өзіңіз де білесіз ғой, облыстағы басқа аудандарда орыс тілінде шығатын газет қашанда алдыңғы қатарда тұратын еді. Оларға ерекше мән берілетін. Ал қазақша аудандық газеттер күні бүгінге дейін кейбір аудандарда мүлде болмады. Қазақша беттері ғана бар немесе орыс газетінің аудармасы іспетті болып жүрген болса, облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен былтырдан бастап облыстағы Успен, Железин, Павлодар ауданы, Павлодар қаласы, Қашыр, Шарбақты аудандарында ашылған газеттер қазақ тілінде шығатын болды.
– Ал енді, «Баянтауды» айналып өткен жазушы-ақын жоқ. Марқұмдар Дихан Әбілев, Әзілхан Нұршайықов, Зейтін Ақышев, Рамазан Тоқтаров, Қалижан Бекхожин, қазіргі көзі тірі Қалмұқан Исабаев секілді ағаларымыздың жазғандары «Баянтауда» жарияланып тұрды. Бір ғажабы, «Баянтауға» деп Алматыдан өздері хатпен поштаға салып жіберетін. Сөйтсек, қазақ газетіне тілекші болып, ел мен жерге, баянауылдықтарға ой салса деген мақсат екен ғой ол кісілердің жазғандары. Марқұм Ісіләм Жарылғаповпен де байланысымыз жақсы болды. Барлығымен үзбей хат жазысып тұрдық. Бір кезде ол уақыт әбден сарғайтқан бума-бума қағаздардың жібін шешіп, бірінен соң бірін көрсетті. Газеттің мерейтойы қарсаңында Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Мейіз Сәтбаева секілді ғалымдардың ертеректе осы басылымда жарияланған мақалаларынан үзінділер де бердік. Бұлар тарихи жәдігер, кейінгі ұрпаққа қажет дүниелер ғой. Бұл күндері де «Баянтаудың» оқырманы да, ауыл-ауылдан жазатын меншікті тілшілері де жетеді. Онсыз Баянауыл болмас. Әр ауылда бір-бір қаламгер, бір-бір шежіреші, ақын-жырау, жазушы бар десек, артық емес. Күркелі ауылынан Нығмет Жәмінов, Бірліктен Бағзат Әбденова, Жаяу Мұса ауылынан Мұхаметқайыр Шәріпов және т.б. газеттің тұрақты оқырмандары. Ал енді Баянауылдың өткен-кеткен бүкіл шежірелі ғұмырын термелеп, жырдай ғып айтып беретін Рамазан Нұрғалиев, Алтынбек Жұматов деген шежірешілермен тарихшылардың өзі байқап сөйлеседі десе де болады. Қос шежіреші газетпен үзбей байланыс жасап, жиі-жиі танымдық мақалалар жазып тұрады. Осы газеттен шығармашылық жолын бастаған Сүлеймен Баязитов деген жазушы қазір ақсақал жасында. Ал Қырықбай Алдабергенов ғылым докторы, профессор болса, Асқар Лекеров аудандық оқу бөлімінің бастығы. Редакцияда да кілең жастар істейді. Айталық, Жаннұр Мұсабаева жауапты хатшы, Ләззәт Жүнісбекова редактордың орынбасары, Қатарова Меруерт, Тілеубаева Айгүл деген тілші қыздар бар.
– Өзіңіз де байқаған боларсыз, «Баянтау» деген газеттің болашақ иелері қолдарына қалам ұстаған осындай қазақ қыздары. Расында да, мен қазақ қыздарына қайран қалам! Ал енді өзімді Шәкірат Шалбай деп ел-жұртқа таныстырған «Баянтау» газеті деп ойлаймын, – деді редактор ағамыз бізбен қоштасарда.
Фарида БЫҚАЙ,
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы.
Суретте: газет редакторы Шәкірат Шалбай.