Баспасөз мәслихатына Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев пен Мәжіліс депутаты Майра Айсина қатысты. «Мәдениетті сақтаудың негізі мәдениетті сақтау мен оны дамытуға жағдай жасайтын ұлттық заң шығарушы базасы болып табылады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Елбасы жаңа типтегі жаңғырудың бірінші шарты ретінде ұлттық мәдениет пен ұлттық кодын сақтауды айтып өтті. Бүгінгі күннің талаптары мен болмыс жағдайына сәйкес мәдениет және тарихи-мәдени мұра саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру – мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жемісті жүзеге асырудың кепілі», – деді өз сөзінде министр. Жаңа заң жобасына бастамашы болған Парламент Мәжілісінің депутаттары болатын. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде үстіміздегі жылдың 5 мамыр күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Құжатта театр өнері, музей және баспа ісі, Қазақстан Республикасы Кітап палатасының қызметі және т.б. салалардағы өзекті проблемаларды шешу көзделген. Аталған заң аясында театрлардың көптеген жаһандық және маңызды мәселелері қарастырылған. Мәселен, заңшығарушылық деңгейде алғаш рет театр алдына қойылған міндеттер айқындалып, театралды қойылым, режиссер-қоюшы, қоюшы балетмейстер, қоюшы суретші секілді түсініктерге анықтама берілген. Одан басқа, жаңа заңнама мемлекеттік театрлардың қызметімен байланысты салық төлеу проблемаларын шешуді көздейді. «Қолданыстағы заңнамаға ауылдық жерлерде клуб, кітапханалардың жабылу жағдайларын реттейтін толықтырулардың маңызы да зор. Мысалы, 2013-2015 жылдары 40 мәдениет ошағы жабылған. Заңдағы жаңалықтар мәдениет ошақтарын құру, қайта құру және жою мәселелерін құзырлы органмен міндетті келісуді талап етеді. Бұл шара мәдениет ошақтарының себепсіз жабылуына бөгет болып қана қоймай, мәдениет ошақтарына мониторинг жүргізу мүмкіндігін береді», деді А.Мұхамедиұлы. «Сонымен қатар, заңдағы толықтырулар Елбасының ұлттық мәдениет пен мәдени-тарихи мұраның сақталуы мен дамуы жолындағы саясатының сапалы жүзеге асырылуына ықпал етеді деген сенімдемін», – деді ведомство басшысы. Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев пен Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина мәдениет және тарихи-мәдени мұра саласындағы заңнамаға енгізілген өзге де өзгерістер туралы баяндады. «Мәдениет – адамның ақыл ойының жемісі. Сондықтан мәдениет саласының заңын жаңартып отыруды қажет деп есептейміз. Әдебиет саласы бойынша жазушыларға жасалып отырған бір қамқорлық бұрын мемлекеттік тапсырыс бойынша кітаптың тиражы 2000 дана болса, енді кітаптың тиражы 5000 данаға жететін болды. Осыған орай жазушылардың қаламақысы да артатын болады», деді Ж.Ерғалиев.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»