• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Парламент 26 Мамыр, 2017

Парламентшілер ынтымақтастығы

144 рет
көрсетілді

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің ұйымдастыруымен «Орталық Азиядағы ынтымақтастық пен өңірлік қауіпсіздікті заңнамалық қамтамасыз етудегі парламенттердің рөлі» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел отырысы өтті.

Оның жұмысына Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Н.Нығматулин, Ресей Феде­ра­циясы Федералдық Жиналысы Мем­лекеттік Думасы Төрағасының орынбасары В.Васильев, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенко, Тәжікстан Республикасы Маджилисинің комитет төрағасы Д.Маджидзода, Қырғыз Рес­публикасы Жогорку Кенешінің депутаты М.Мадеминов, Ауғанстан Ислам Республикасы Ұлттық Ассамблеясы Воле­си Джиргасының депутаты А.За­зай, Қазақстан Республикасы Парла­мен­ті Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ, халықаралық сарапшылар мен дип­ло­матиялық корпустың өкілдері қа­тысты. Нұрлан Нығматулин дөңгелек үстелде сөз сөйледі. Өз сөзінде Мә­жі­ліс Төрағасы маңызды жиынды бір­лесе ұйымдастыруға қолғабыс еткен Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шарт ұйы­мына ризашылық білдіре келіп, биыл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл, ал Пар­ламенттік Ассамблеяның құрылғанына 10 жыл толып отырғанын атап өтті. Қазақстан Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуел­сіздік алған күннен қауіпсіздік пен ын­ты­мақтастық мәселесіне ерекше назар аударып келе жатқанын, бүгінгі күні Қа­зақстанның Орталық Азиядағы ең тұрақты, ең қауіпсіз ел екенін алға тартқан Н. Нығматулин:  – Елбасының ірі бастамалары тек ай­мақтарда ғана емес, әлемдік деңгей­де зор қолдауға ие болды. Соның нәти­жесінде, біздің елдеріміз барлық салада жоғары стратегиялық әріптестік ор­натты. Оның ішінде, аймақтық ынты­мақтастық және қауіпсіздік бойынша да әрқашанда жемісті жұмыс атқа­рып келеді. Бірақ қазіргі уақытта бүкіл әлемде орын алып жатқан қауіп-қатерлер өте көп. Бұл біздің ел­дерімізден әріптестікті бұрынғыдан да күшейтіп, бірлесе әрекет етуді талап етеді, – деді.  Төрағаның айтуынша, осы жолда ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясына мү­ше елдер парламенттерінің рөлі өте зор және жүктеліп отырған жауап­кер­шілік те өте жоғары.  Еске сала кетсек, үстіміздегі жыл­дың бірінші қаңтарынан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде ресми түрде жұмыс­қа кірісті. Мәжіліс Төрағасы атап өткен­дей, Қазақстан осы кезеңде Орталық Азия бойынша қауіпсіздік пен тұрақ­ты­лықты қамтамасыз ету, аймақ­тық қауіп-қатерлер мен сынақтарға тиімді қарсы іс-қимыл танытып, ынты­мақтастықты нығайту бағытында бел­сенді жұмыстарды қолға алмақ.  Осы ретте, Н.Нығматулин парла­мент­тердің өзара әріптестігі ұлттық мүдде­лерді есепке ала отырып, халық­аралық үдерістерді заңнамалық тұрғы­дан қамтамасыз етуге жол ашатынын атап өтті. Мәжіліс Төрағасының айту­ынша, Орталық Азия өңірінде қауіп­сіздікті қорғауда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың рөлі өте зор.  – Бұл жолда Қазақстан Парламенті депутаттарының ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы шеңберінде өз әріп­тес­терімен тығыз қарым-қатынас орнатуы өте маңызды. Парламенттік дипломатия көптеген халықаралық мәселелер бойынша елдер ұстанымдарын алға жылжытуға және тараптардың мүд­делерін қозғайтын құжаттардың маз­мұн­дық сипатына ықпал ете алады, – деді Нұрлан Нығматулин.  Айта кетейік, тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Парламенті Ел­ба­сының идеясымен құрылған, биыл 25 жыл толып отырған, қауіпсіздік мәсе­лесіне етене араласатын Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында көптеген халық­аралық шарттарды және ҰҚШҰ шең­берінде 38 халықаралық шартты, сон­дай-ақ, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы аясында 17 халықаралық шартты ратификациялаған.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»