• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Үкімет 30 Мамыр, 2017

Жетілген заңдар жемісі

151 рет
көрсетілді

Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәдениет және спорт мәселелері бойынша Қоғамдық кеңес алдында есеп берді.

Министр баяндамасына Елбасының экономикалық жаңғыруға байланысты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы өзек болды. Осы құжаттарда көрсетілген міндеттер қаншалықты жүзеге асып жатқанын мәлімдеді.  Ол, ең алдымен, мақалада көр­сетілген «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қа­зақ­стандағы 100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық», «Жаһандық заманауи қазақ­стандық мәдениет» жобаларының тұжы­рымдамалық және мазмұндық негізі құрылғанын атап өтті.   Сала басшысының сөзіне қарағанда, елімізде 8 мыңнан астам мәдениет ұйымдары бар. Олардың ішінде 34 ұйым республикалық мәртебеге ие. «Мәдениет мекемелерінің бәсе­ке­лес­тігін арттыру мен көрсетілетін қыз­мет­тердің сапасын көтеру маңызды міндеттердің қатарында. Бұл орайда, барлық республикалық мәдениет ұйым­дарының жұмыс форматы өзгер­тілді. Мысалы, музейлер мен қорық мұражайлар мемлекеттік мекеме форматынан мемлекеттік қазынашылық кәсіпорынға ауыстырылды. Бұл ақылы қызмет көрсетуге, кәдесыйлар, кітап, альбомдар сатуға мүмкіндік береді. Барлық орталық музейлер ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге лицензиялар алады», деп атап көрсетті министр. А.Мұхамедиұлының айтуынша, 2016 жылдан бүгінгі күнге дейін 200-ден аса нормативтік-құқықтық ак­ті­лер жасалған және қабылданған. Оның ішінде төртеуі саладағы маңыз­ды заңдар. Бірінші, «Лотерея және лотореялық қызмет туралы» Заң­ға толықтырулар мен өзгерістер енгі­зілген. Министрдің айтуынша, осыған дейін бізде ондай заң болған емес. «Бұл өте керекті заң. Әлі күнге дейін мемлекетке қандай салықтар төленіп жатыр, пайдасын кімдер көруде деген сауалдарға біз жауап бере алмайтынбыз. Енді заңның арқасында бәрі жүйеге қойылды. Бәрі ашық болады», деген министр лоторея сатудан түскен табыстың он бес пайызы спорт саласын дамытуға жұмсалатынын мәлімдеді. Екіншіден, ойын индус­триясы бойынша ең мықты деген компаниялардан өкілдер шақырылған. Министр лоторея саласы жақсы дамитын болса, букмекерлік мекемелерде жұмыс істейтін жастарды да осы салаға алып келуге мүдделі екендіктерін жеткізді. Екінші, «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға түзетулер енгізіл­ген. Бұл түзетуде спортты қаржы­лан­ды­рудың жаңа моделі жасалған. Бұрын қаржыландыру бойынша футбол, хоккей және волейбол сияқты ойын түрлеріне акцент жасалып келген болса, бұл жолы бұқаралық спорт түрлерін қаржыландыруға басымдық берілмек.   «БАҚ өкілдері бұқаралық спортты да­мытуға қатысты көп сауал қояды. Жал­пы, бұқаралық спорт дегеніміз не? Ол – жеке спорт түрі емес. Әр өңірде спорт­тың әр түрі жақсы дамыған. Мы­салы, Оңтүстік Қазақстанда, Жамбыл облысында ұлттық ойын түрлерінен жақ­сы нәтижелер бар. Бірақ оларға облыстық бюджеттен қаражат аз бө­лі­неді. Біз де спорттың командалық түрлері жақсы дамыған деп айтып жатамыз. Сондай-ақ, бокс пен күресті мақ­танып айтамыз. Бірақ, оларға да бюджет саласынан бөлінетін қаражат жеткіліксіз. Сол үшін біз ең бірінші кезекте қай өңірде спорттың қай түрі жақсы дамыған болса, соған көңіл бөлеміз», деді министр.  Ол сондай-ақ, футболға қатысты шетелден легионер әкелуге атқарушы би­ліктің қарсы екенін жеткізді. Жә­не бұл мәселе жоғарыда аталған «Спорт туралы» Заңда реттелген. «Біз бюд­жеттің ақшасына шет елден легио­нер­лер әкелуге қарсымыз. Мысалы, «Қай­рат» командасының басында Қайрат Боранбаев деген кәсіпкер азамат тұр. Ол өз қаржысына шет елден легионерлер әкеліп жүр. Сол секілді, жеке кәсіпкерлер өз қаражатына әкеліп жатса, әңгіме бөлек. Ал бюджеттің ақ­шасы спорт түрлерін дамытуға жұм­салу керек», деді ол.   Үшінші, депутаттардың бастамасымен «Мәдениет туралы» Заң жаңар­тылған. Осыған байланысты мәде­ниет ұйымдарының көптеген мәсе­лелері шешімін таппақ. Атап айтқан­да, мәдениет ұйымдарын құру, жоюға қатысты мәселелер, салыққа қатыс­ты, аймақтарда негізсіз жабылып қалған ұйымдарды қалпына кел­тіру мәселелері оң шешім таппақ. Заң­ға енгізілген түзетудің ең бір ұтым­ды тұсы әлеуметтік маңызы бар әде­биеттерді басып шығаруға қатысты бол­ған. «Бұрын кітаптар екі мың данамен шы­ғатын. Авторларға 300-350 мың көле­мінде қаламақы төленіп келді. Әр­бір автор 3-5 жыл еңбектенгенде осын­дай-ақ қаражатты қанағат етті. Енді қа­ла­мақыны министрлік жанынан құ­рылған Эксперттік комиссия бел­г­і­лейді, кітаптардың тиражы 5 мың­ға дейін өседі», деп атап көрсетті министр.  Төртіншіден, жиын барысында «Кинематография туралы» Заңның жасалғаны белгілі болды. Оған өз еліміздің кино өндірісінің майталмандарымен қатар, шетелдік сарапшылар да қатысқан. Министр заңды жасауда Америка, Франция, Германия, Ресей, Канада сияқты ірі кинодержавалардың тә­жірибелері негізге алынғанын  баян­дады.  Жалпы, алғанда мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстардың есебі жиын барысында тыңдалды. Оның ішінде мәдениет, спорт саласына қатысты жаңалықтар, сондай-ақ, ЭКСПО-ға дайындық жайы құлақ­тан­дырылды. Министрдің айтуын­ша, ЭКСПО-дағы мәдени шараларды өткі­зуге министрлік дайын.   Жиын соңында Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков төрағалық ететін Мәдениет және спорт мәселелері бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері министрліктің жұмысын бірауыздан «қанағаттанарлық» деп бағалап, министрлік баяндамасына қатысты қарар қабылдады.

Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»