• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Мамыр, 2017

Отыз екінің ойраны

919 рет
көрсетілді

Иісі алаштың санасынан өш­пей­тін, өлмес қасірет. Жан­да­ры­на түскен қара дақ! Адамдар бі­­рінің етін бірі жеп, көшеден қо­­ңыз теріп кеткен, мысық, тыш­­қан­дарға дейін жеген деген сұм­дық ақпараттарды есту, білу қан­дай ауыр, қандай қасірет!

Ашаршылық... 1932 жылы қолдан жасалған ашаршылық қазақ сорлыға не көрсетпеді десеңші! Сонау бір аласапыран заманда жоң­ғар­лардың қаһарынан аман қал­ған қазақ хал­қы «Ақтабан шұ­бы­рын­ды, ал­қакөл сұламадан» да аман өтіп, Құдайға шүкір, сонда да құ­рып кеткен жоқпыз, ел болып ес жи­дық, есе қайырдық» де­генде атақ­­ты 32-ші жылдың ашар­шы­лы­­ғына ұшырады. Бұл ел басына түскен үлкен зобалаң, қолдан жасалған нәубет еді. Қазақ елінің тарихындағы ең зұл­мат кезеңдердің бірі. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық ке­зінде халық саны күрт төмендеп кеткен.Тарих жылнамаларына сүй­енсек ХХ ғасырдағы адамзат ба­ласына жасалған ең өрескел қыл­мыстардың бірі және «ұлы жұт» болып саналады. Ашаршылық жылдарында қан­дастарымыз оқ тимей-ақ опат бол­ған. Бір ұлтты, бір халықты жер бетінен жою қасақана жа­сал­­ған саяси тапсырыс еді. Сол ке­зеңдерде Қазақстанды бас­қар­ған Ф.Голощекин елде ин­дус­трияландыру және ұжым­дас­ты­ру саясатын күштеп жүр­гізді. Сал­дарынан қазақтардың дәс­түр­лі мал шаруашылығы күйзелді. Қа­зақ байларын кәмпесекелеу сая­саты күшейтіледі. Қазақ даласында болып жат­қан ашаршылық нәубеті қа­зақ зиял­ыларын бей-жай қал­дыр­майды. Осы тұста Тұрар Рыс­құ­лов Орталық комитеттің бас хат­шысы Сталинге хат жолдады. Жазушы Шерхан Мұртазаның «Бе­сеудің хаты» тарихи драмалық туындысындағы Ғ.Мүсірепов, бастаған ұлт жанашырларының хаттарында халықтын қынадай қырылу себептері анық жазылған. Амал нешік, қазақ зиялылары «халық жауы» деген жалған айыппен қуғын-сүргінге ұшырап кете барды. Тарихтың ақтаңдақтарын, қара шымылдығын ашып, ұлтқа жасалған қиянатты жас ұрпаққа дұрыс жеткізу, біздің басты парызымыз. Ашаршылық тақырыбы маған қатты әсер етеді... Себебі, әкем ашаршылық жылы, яғни 1932 жылы туған екен. Шешем 1936 жылы туылған. Бала кезден естіп өскен әңгімеміз жоқшылықтың тауқыметі, жетімдіктің тақсыреті болды. Жоғарыда айтылғандай, ел ба­сына қайғылы күн туғанда әкем жөргектегі бала екен, әу­пі­­ріммен аман қалған. Сірә, кө­рер қызығы болған ғой. Әбден тұ­ралаған ата-анасы соңғы үмі­тін жи­ып баласының атын елі­мізге дәу­лет келсін деп ырымдап Дәу­лет­келді қойған екен. Әкем­нің алдында қаншама баласы өлген. Шешесі де қайтыс болып, әкем жетімдіктің кермек дәмін сәби кезінен татқан екен. Ес біле келе тұзақ құрып тор­ғай ұстап, қоян аулап, күнұзақ қа­ра суды талғажау етуші едік деп әкем айтып отырушы еді. Бас­қа да ауыр­лау естеліктер ай­тушы еді... Біз­­ге қатты әсер ете­тін. Ше­шем де жоқ­шылықты, аш­тық­ты бір кісі­дей тартқан. «Біз бір үзім нанға зар болып өс­тік... Алла ұрпағымызға біз көр­ген нәубетті көрсетпесін», деп көз жасын бір сығып алар еді... Халық арасында «Аштықта же­ген құйқаның дәмі ауыздан кет­пес», «Тамыр тартқан тарыл­мас», «Өзен жағалағанның өзегі тал­майды» деген сияқты қамығып шық­қан мақал-мәтелдер де осы уақытта туса керек. Бұл тамыры терең та­қы­рып, еңсені езетін, жүректі қан жы­л­а- татын тарих емес пе?! 

Қарлығаш Асанова,  қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі 

Қарағанды облысы,  Жаңаарқа ауданы  Бидайық ауылы