Осыдан бес-алты жыл бұрын қазақстандықтардың басым бөлігі шет елде тыныққанды жөн санайтын. Өз еліміздегі демалыс орындарына жұрт ағылып бара бермейтін еді. Бұл әлде жарнаманың аздығынан ба, жоқ әлде туристік фирмалардың белсенді жұмысының жоқтығынан ба, жоқ әлде басқадай себептері бар ма, әйтеуір, жаз айларында қазақтандықтардың көбі шет елдегі демалыс орындарын қалайтын. Ал қазір жағдай басқаша. Біріншіден, демалушылар қатары азайған. Оның себептері – айқын. Ең басты себеп – жалпақ дүниені жайлаған қаржы-экономикалық дағдарыс. Мұның салқыны Қазақстанға да тиді. Өйткені, басқа мемлекеттермен тығыз қарым-қатынастағы Қазақстан тұрғындарының да етек-жеңін жинауына тура келгенін жасыра алмаймыз. Бұл өтпелі кезеңдегі уақытша қиындық екендігін жұрт түсініп отыр. Сондықтан да, шет елде демалуды бір-екі жылға тоқтата тұруды дұрыс деп тапқан отбасылар да бар.
Екінші себеп – шет елдегі дем- алыс орындарында қызмет көрсету құнының айтарлықтай артқаны. Тіпті, кейбірінде екі есеге дейін өскен. Қалта қағады. Бала-шағасымен баратындар үшін әжептәуір салмақ. Үшінші себеп – шет мемлекеттерде соңғы жылдары лаңкестік оқиғалардың жиі орын алуы. Одан бейбіт тұрғындар мен туристер зардап шегіп жатыр. Туризм бизнесі өркендеген Түркияның өзіне алыс-жақыннан сапарлап келушілердің қатары кейінгі уақытта екі еседей қысқарғаны осы сөзімізді нықтай түседі. Жұрт аяғын тартып қалды. «Лаңкестердің құрбаны болып кетпейік» деген қауіп те жоқ емес. Әрине, оның бетін аулақ қылсын. Бірақ, «Сақтансаң – сақтайды» деген қағиданы ұстанған қазақпыз ғой, демалысты соғыс өрті шарпымаған, терроршылардан қауіп-қатер жоқ жанға жайлы жерде алаңсыз өткізгенді қош көреміз. Тағы бір себеп – Қазақстандағы азуын айға білеген атақты туристік фирмалардың өзі небір қаржылық қитұрқылыққа барып, оның зардабы демалушыларға тиді. Жұрт демалысқа деп тірнектеп жинаған ақшасынан айырылып, жер сипап қалды. Осындай жағдайдан кейін туристік фирмаларға да күдікпен қарайтындардың көбейгені жасырын емес. Міне, осындай себеп-салдарларға байланысты қазақстандықтардың шет елде демалуды азайтқаны анық. Ал, ең басты себеп – шет елде дем- алу қымбаттаған. Өткен жылы әр адамның шет елдегі демалысы орташа есеппен алғанда 145 мың теңге шамасында болған. Бұл – 2015 жылмен салыстырғанда 46 пайызға жоғары. Өйткені, жанар-жағармайдың қымбаттауына байланысты авиабилеттердің құны өскен. 2016 жылы демалушылар қаражатының 21 пайыздан астамы тамаққа, 13 пайызға жуығы қонақ үйге жұмсалған көрінеді. Тіпті, виза мен паспорт алудың өзі 2-3 есеге өскен. Биылғы жазда да әр адамның шет елдегі демалысы 150 мың теңгеден кем болмайды деген болжам бар.Әрине, жолдаманың құны баратын еліңізге, таңдаған демалыс орныңызға тікелей байланысты. Тіпті, 150 мың теңгенің өзі жұмырға жұқ болмайтын демалыс орындары бар. Қазіргідей алмағайып уақытта Қазақстанда демалуды қош көретіндер қатары көбейіп отыр. Өйткені, еліміздегі демалыс мекемелері де нарыққа қарай бейімделіп алды. Сервис жоғарылады. Демалушылар қатарын арттыру үшін барлық жағдайларды жасап-ақ жатыр. Шет елмен салыстырғанда, жол шығыны аз. Әуе қатынасы ғана емес, қалтаңызға қарай, көліктің түр-түрі бар. Ел іші тыныш, дүрбелең, қауіп-қатер жоқ. Демалыс орындарының құны соншалықты қымбат емес. 2016 жылы әр адамның демалысы үшін орташа есеппен алғанда 31 мың теңгеден астам қаражат жұмсалған көрінеді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда, 14 пайызға жоғары. Биылғы жаз айларында адам басына 35 000-40 000 теңгенің айналасында болады дегенді айтып отыр мамандар. Бұл шет елдегі демалыспен салыстырғанда 3-5 есеге жуық төмен. Әрине, туристік фирмалардың қызметін пайдаланбай, дербес баратындар үшін демалыс тіпті, арзанға түседі. Шет елде демаласыз ба, Қазақстанда демаласыз ба, қалай болғанда да жаз жақсы өтсін.
Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»