• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Мамыр, 2017

Тілсіз жаумен күресудегі кемшілік

326 рет
көрсетілді

Жаз мезгілі басталар тұста өңірлерде тілсіз жауға тосқауыл қою қажеттігі күшейе түседі. Өрт, су сияқты айтып келмейтін апаттардан сақтану да күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бағдат Даниловтың айтуынша, биылдың өзінде 5 оқиға орын алып, 7 адам суға кетіп қаза болған. Оның 4-еуі бала болса, 3-еуі балықшы екен.

Облыс аумағы 14 миллион 430 мың гектар алқапты алып жа­тыр, ал оның 4 миллион 430 мың гектары орман қорының жер­лері болып саналады. Орман қо­рының 2 миллион 234 мың гек­тарына ағаш егілген. Со­ны­­мен бірге, 10 миллион 489 мың гектар­дан астам жерді ауыл­ша­руа­шы­лық, шабындық, егістік жә­не жайылымдық алқап­тар алып жатыр.  Облыстық төтенше жағ­дай­лар департаментінің өткен жыл­ғы талдауы бойынша, өртке қарсы ерікті құрылымдардың тиісті техникамен және құрал жаб­дықтармен жабдықталуы мен табиғи өрттерді сөндірудегі тәжірибе деңгейі кей­­бір аудан­дарда әлі де төмен. Бағ­дат Да­нилов Талас, Жамбыл, Қор­дай, Мойынқұм аудандары өрт­ке қар­сы ерікті құрылымдарды жау­­ынгерлік киіммен, байланыс құ­рал­дарымен жабдықтау жұ­мы­сын мүлдем жүргізбегенін жет­­кізді. «Мойынқұм, Жуалы, Сарысу аудандарында өртті сөндіруге арналған техниканың саны өте аз, шамамен әр ауылда тек қана бір техника бар. Ол бұзылған жағ­дайда оны дала өртіне пай­далануға мүмкіндік болмайды. Талас, Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Шу, Мойынқұм жә­не Жуалы аудандарындағы өрт­ке қарсы ерікті құрылымдар ас­палы өрт сөндіргіштермен жаб­дықталмаған және Байзақ, Меркі, Талас, Шу, Мойынқұм жә­не Сарысу аудандары өрт мото­пом­пасымен қамтамасыз етіл­­­ме­ген. Бұл кемшіліктер ерікті құ­­рылымдардың өрт орнына уа­қ- тылы келмеуіне, өрттің үлкен ау­маққа таралуына әсер етеді», − деді департамент басшысы. Өрт – аса қатерлі жау. Сон­дық­тан да, бұған бей-жай қарауға болмай­ды. Ал облысты басып өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойы тал-дарақ пен егіске толы. Тасжолдың қос қапталын көмкерген егісті қа­таң қадағаға алу қажет-ақ. Ара-тұра жауын-шашын болып тұр­ғанымен, соңғы кездері өңірде күннің күрт ысуы орын алып отыр. Сондай-ақ, суға шомылу мау­сымы да басталып кетті. Әсіресе, көп­шілік Тараз қаласындағы «Зербұлақ» және Қаратау қала­сын­дағы «Жартас» көліне, сондай-ақ, Жаңатас қаласындағы қалалық жағажайға жиі барады. Одан бөлек, өңірде өзен-көл баршылық. Жуырда ғана суға түсу дерегі бойынша облыста адам өлімі тіркелген болатын. Нақты айтсақ, 14 мамыр күні Т.Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылының 7-сынып оқушылары мен сынып жетекшілері тау бөктеріне саяхатқа шыққан. Сая­хат­­тың соңы қайғылы жағдай­мен аяқ­талып, «Көгершін» өзені­нің жи­налған суына абайсызда құ­лап кеткен 2004 жылы туған Ағы­бай Қарынтай мен Ербол Нұр­бек суға батқан. Облыстық білім басқармасының басшысы Сұлу­шаш Құрманбекова бұл мә­селеге әуелі ата-аналардың жау­­­апсыздығы себеп болғанын айт­­­ты. «Балалардың сынып же­тек­шілерімен тауға саяхаттап кет­­кенін мектеп директоры да, оның орынбасары да біл­ме­ген. Тіп­ті, балаларды сынып же­тек­ші­лері тауға жүк көлігімен апа­рған. Бұл ешқандай талапқа сай келмейді», дейді басқарма басшысы. Бұл оқиғадан кейін сынып жетекшісі жұмысынан босатылыпты.  Қай кезде де тілсіз жауға тос­қау­ыл қажет. Өрттің де, судың да ар­тында адамның тағдыры тұр. Қас-қағым сәтте қалың орманның өзін күлге айналдырып жіберетін өрт­пен, жазым болса тұңғиығына тар­тып кететін судың да адам үшін қаупі басым. 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы