«Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, Президент жаңғырудың алты бағытын белгілеп берді. Ол – бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы. Бұл бағыттардың барлығы уақыттың талаптарына нақты жауап бере алады.
Әлемдік тәжірибе ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатынын анық көрсетеді. Елбасы өз еңбегінде бұл мәселені де қамтып өтеді. Бұл мақалада Қазақстан қоғамы мен әрбір қазақстандықтың мақсат-мүддесі қамтылған, қоғамдық сананы жаңғыртудың ауқымды жобасы жасалған және әрбір қазақстандықтың, тұтас ұлттың ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болу керектігі де айтылды.
Елбасы ұсынған жаңғыртулар қазақстандықтарды сан ғасырлық тарих пен мәдениеттегі, ұлттық сана-сезім мен білім саласындағы рухани реформаға бастайды. Мақалада ұсынылған бастамалар ширек ғасырлық тәуелсіздігімізде орындалған рухани жаңғыртуларды толықтыра түседі.
Шынайы төңкеріс – мәдени және рухани төңкеріс. Шынайы жаңғыру руханият пен санадан бастау алады. Қоғамдық сананы ауқымды жаңғыртуға бағытталған бұл құжат – қазақ ұлттық мүддесінің стратегиялық бағытын айқындайтын жаңа идеологиялық тұжырымдама. Ұлтты белгілі бір әрекетке жігерлендіріп, түрткі болатын ұстанымдардың жиынтығы.
Елбасы мақаласында Қазақстан халқының, қазақ халқының ұлттық идеясы айқындалды. Ол – мәңгілік ел, мәңгілік ұлт, мәңгілік тіл идеясы. Мақалада халықтың рухани жаңғыруының және жаңа дүниетанымдық негізде Қазақстанды Мәңгілік елге, қазақ ұлтын мәңгілік ұлтқа айналдырудың жолдары мен тетіктері, түрлі иірімдері мен кезеңдері ғылыми-теориялық және қолданбалы-тәжірибелік тұрғыдан нақты көрсетілді.
Мақаланың басты жаңалығының бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Жаңа әліпбидің ақпарат кеңістігінде дербестікке жетелейтінін атап өткен Елбасы бұл мәселе бойынша дайындықты келер жылдан бастау керектігін жеткізді. Латын әліпбиіне көшірудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасындағы балаларымыз үшін көп қиындық тудырмасы анық. Латын әріптерін олар онсыз да үйреніп жатыр. Елбасы 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін, 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды дайындауға кірісу қажеттігін атап өтті. Алдағы екі жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс екендігі айтылған. Осы бағытта кеңестер құрылып, ғалымдар, тіл мамандары жұмыстанып, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының белді мамандарымен төл әліпби нұсқаларының жобалары ұсынылуда.
Біздің де мақсатымыз – латын әліпбиін жетік меңгерген, игерген маман дайындап шығару. Бізде ол жағынан қиындық тумайды деп ойлаймын. Себебі университет ғалымдары, тіл мамандары, ғылым докторлары бұл бағытта жұмыстануға дайын. Алдағы оқу жылынан бастап латын әліпбиін үйрететін мамандар даярлайтын курстар ашылатын болады. Елбасы ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды деген болатын. Қазақтың ұлттық коды – қазақтың тілі. Ұлт тілінің таза күйінде сақталуында – әліпбидің рөлі зор екендігі баршамызға мәлім.
Ұлттық кодымызды сақтау үшін біз өзіміздің мәдени, тарихи құндылықтарымызды дамыта отырып, әлемнің жақсы қасиеттерін бойымызға сіңіруіміз керек. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген қанатты сөздің төркіні осыны ұғындырады. Президенттің ой-пікірі бабалар ұлағатымен астасып жатыр. Аталарымыз ұлы дала мен ұлы мәдениетті мұра етті. Ол – жалпыға ортақ құндылық.
Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндетті айқындап берді. Оның ең негізгісі – ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстынды сақтап қалу. Тарихтың белестерінен сүрінбей өткен құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді табысты жаңғырудың алғышартына айналдыра білу. Бұл ретте, Елбасы «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек», екенін атап көрсетті.
Техникалық, жаратылыстану ғылымдарына, технология саласын дамытуға басымдықтар беріліп келетіндігі даусыз. Ол да заман талабынан. Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарсыз, яғни қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдарсыз интеллектуалды ұлт қалыптастыру мүмкін емес екендігі сөзсіз шындық. Осы бағытта Елбасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асырылатыны аталған сала бойынша жаңғырту бағыттарын айқындап отыр. Бұл жоба арқылы Ұлттық аударма бюросы құрылып, алдағы жылдарда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулық әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылады.
Елбасы мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын енгізу арқылы патриотизмнің жарқын үлгісін, нақты нәтижемен көрсетуді міндеттеді. Бұл – мәдениетті өркендету мен өлкетану, елді мекендерді абаттандыру, туризмді дамыту және тағы басқа шараларды қамтитын кешенді жоба. «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің қайнар бұлағы болуы тиіс. Елбасымыз «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деп тегіннен-тегін айтпаса керек-ті. Елбасы «Туған жерге туыңды тік» деген халық мақалына ерекше басымдық берді. Патриотизм туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен бастау алады. Университетімізде Отанды сүюге, туған жерге тағзым етуге, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін іс-шаралар үзілген емес. Оқу орнында бұрыннан филология, тарих факультеттерінде тарихи өлкетану, әдеби өлкетану курстары да жүргізіліп келеді.
Елбасы рухани ой-толғау мақаласының білімнің салтанат құруы бөлімінде білім көкжиегін кеңейтуде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, жемісті жетістіктерді жалпақ жұртқа жария етіп, барша ел тұрғындарының арманын айқындап бергендей.
Болашақтың бәсекесіне қабілетті XXI ғасыр жастарын тәрбиелеу білім беру саласының басты назарында. Соған сай ұстаз – ізденімпаз ғалым, тынымсыз еңбеккер, ортаның ұйтқысы, жан-жақты шебер, терең қазыналы білімпаз, гуманист, белсенді патриот болғанда ғана қоғамның мықты да білікті, жоғары мәдениетті, жан-жақты дамыған, шығармашылығы жоғары жеке тұлғаны қалыптастырып тәрбиелейтінімізге М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті де нық сенімді.
«Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы» деген Елбасы мақаласы заман көшінен қалмай, әлем көз тіккен, дамыған озық елдер қатарынан орын алу үшін жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттырып, «өмір үшін өзгере білу керектігін, оған көнбегендер тарихтың шаңына ілесе алмайтынын» ұқтырғандай.
Асхат ИМАНҒАЛИЕВ, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор
ОРАЛ