• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Мамыр, 2017

«Туған жер» бағдарламасы жүзеге аса бастады

167 рет
көрсетілді

Ақмола облысының әкімі Мəлiк Мырзалин жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, Қосшы ауылындағы №2 орта мектепте соңғы қоңырау салтанатына қатысты. Үстіміздегі жылы аталмыш бiлiм ордасынан 76 оқушы түлеп ұшпақ. Оның төртеуi – «Алтын белгiге» үмiткер.

Оқушылар мен олардың ата-аналары жəне ұстаздар алдында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі түлектерге дұрыс таңдау жасап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойып отырған мiндетiне сай, елiмiздiң дамуына сүбелi үлес қосатындықтарына сенiм бiлдiрдi. Сондай-ақ, М.Мырзалин қоғамдық-мəдени жəне спорттық шараларға белсендi қатысып жүрген ұстаздар мен оқушыларға 500 дана ЭКСПО-2017 билетiн тапсырды.

Осы күнi Мəлiк Мырзалин Қосшы ауылында жеке инвесторлардың қара­жатына салынатын жаңа мектептiң ал­ғашқы кiрпiшiн қалау рәсiмiне де қатысты. «Ақмола облысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» міндеттерін жүзеге асыру аясында заманалық білім ордасының құрылысы басталды. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасының өміршең үрдіс алып жатқанының жарқын көрінiсi», дей келе аймақ басшысы мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестіктің жаңа үлгілері әрдайым қолдау табатынын атап өттi.

Мердiгер «Қазына-SR» ЖШС дирек­торы С.Матайбаевтың айтуынша, бизнестiң əлеу­меттiк жауапкершiлiгi шеңберiнде бой көтеретiн бiлiм ордасы 200 оқушыға ар­налған. Ғимаратта ағылшын тiлi терең оқы­тылатын 12 сынып пен мүдделер  үйiрме бөлмелерi қарастырылған. Жобаның құны 350 миллион теңгенi құ­райды. Құ­ры­лыс жұмыстары тура бiр жыл өткен соң аяқ­та­лып, бiлiм ордасы пай­далануға берi­ледi деп жоспарланып отыр.

Жалпы, кең ауқымды «Туған жер» бағ­дар­ламасы 150-ден астам iс-шараны қам­титынын атап көрсеткіміз келеді. Ақпа­раттың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында облыстағы тарихи-мәде­ни жәдiгерлер, туризм нысандары, та­биғи қорықтар тiзiмiн біріктіретін таным­дық интернет портал құру мiндетi де қарас­ты­рыл­ған.

Бақберген АМАЛБЕК, журналист

Ақмола облысы