Күні кеше өткен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесі үстінде екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің қола мүсіні Мәскеудің «Тағзым тауындағы» Ұлы Отан соғысының Орталық музейіне қойылғаны баршамызға мәлім. Өтініш мәскеуліктер тарапынан түскен еді. Салтанат үстінде музей басшылығы атақты музейден қазақ батырларына лимит шектеулігіне қарамастан, үлкен музейден 5 орын берілетіні туралы уәде еткен. Қазақстан Республикасының «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров ол туралы былай еске алады:
– Содан Орталық музейдің талабын орындаймыз дегенімізбен де, аздап ұятты болып қалған жайымыз бар, өйткені, кезекті батырларымыздың қола мүсінін жасауға демеуші табылмады. Бірқатар министрлік бұл оқиғаның маңызына мән бермеген секілді. Кеңеске мүше зейнет жасындағы генералдарымыздың шараға қосқан үлесі теңізге тамған тамшыдай ғана. Осылай қысылып жүргенімізде Генералдар кеңесінің төралқа мүшесі, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов қолұшын берді. Атап айтқанда, сол кісінің тікелей бастамасымен «Медетбек батыр» қоғамдық қорының атынан қажетті қаржы аударылып, мойнымыздан үлкен жүк түсті. Әріптесімізге алғысымыз шексіз. Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің мүсіні ойдағыдай дайын болды.
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы мерейтойына орай өтіп жатқан тарихы маңызды бұл жаңалыққа шын мәнінде жаның сүйсінеді. Өйткені, Ұлы Отан соғысының тарихынан майдангер қазақтардың ойып тұрып алар өз орны бар. Ол тарих жылнамаларында тайға таңба басқандай жазылып қалды. Мәскеу төріндегі маңызды музейден қазақ батырларына лайықты тұғыр беру – сол алдыңғы буын ағаларымыздың ерлік істеріне лайықты құрмет!
Осы орайда батырдан батырға тиген шапағатқа орай алдымен тарихта есімі әйгілі Саурық батырдың серіктесі, жауынан беті қайтпаған Медетбек батыр туралы бір ауыз мәлімет таратқанды жөн санадық. Медетбек Есебайұлы – Алматы облысының қазіргі Таутүрген (Еңбекшіқазақ ауданы) елді мекенінде дүниеге келген, ат жалын тартып мінген бозбала шағынан қолына найза алған ержүрек ел қамын жеген азамат. Қабілетті қолбасшы Медетбек Сыпатай Саурықұлымен бірлесіп, Сұраншы батырдың әскеріне қысылтаяң сәтте әрдайым тың күш берген дейді. Қазақ жоңғарды жоқ етіп жойып, еңсесі көтерілген тұста Жетісуға анталаған қоқандықтардың езгісіне бірден-бір қарсы тұрып, қол бастаған арыстандай айбарлы Медетбек батырдың теңдессіз ерлігі ел аузында. Ақылы асқан данагөй әрі тамаша мәмілегердің аумақта әскери-саяси ахуалды орнықтырудағы алар орны да нық. Даңқты батырдың тікелей ұрпағы, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовтің сөзіне құлақ түріп көрейік.
– Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Қарулы Күштерінің 25 жылдығы мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 72 жылдығына арналған әскери парадта «Соғыс ардагерлері біздің бақытты өмірімізге, тәуелсіздігімізге және аспанымыздың ашық болуына жол ашты», деді. Бүгінгі бейбіт өмірімізге Елбасы айтқандай жол ашқан халқымыздың біртуар батырларының бірі – армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов. Батыр ағамыздың өр тұлғасы – ел болашағы – жастарымызға мәңгі-бақи патриоттық өнеге. Сағадат аға – қазақтың намысы. Көзінің тірісінде қызметтес, дәмдес, сыйлас болған аяулы ағамызға бұл құрмет күллі қазақтың бауырмалдық сезімі, халық батырына деген шексіз құрметі дер едім. Қазақ әрдайым осындай еді ғой. Батырдың Мәскеудегі әлемдік музейде Талғат Бигелдинов ағамызбен бірге қасқайып тұруын қазақ халқының өшпес рухы деп санаймын.
«Халық батырының портреттік мүсінінің бейнелік ұқсастығы, тұлғалық бітімі қисынды жасалған. Ішкі дүниесін ашып көрсетуде үйлесімділік бар. Айрықша тұлғасы айшықты сомдалған». Қазақтың тұңғыш Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің мүсінін нақты құжатпен қабылдап алушы құзіретті комиссия қабылдау актісіне осындай мазмұнда сөз жазды. Қола мүсіннің авторы – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, еліміздің бейнелеу өнерінің хас шебері Ескен Сергебаев.
– Ұсыныс түскенде қуаныштан қазақ батырының бейнесін тіпті тегін жасап беруге дайын екенімді айттым. Өйткені, біздің батырларымыздың тұлғасы – болашақ ұрпақтың тәрбие-тәлімі, – деді Ескен аға. – Генералдардың да, демеушінің де, айналадағы барлық ақкөңіл азаматтардың да осы шарадағы бірауыздылығы мен ұйымшылдығына өте ризамын.
Сұрапыл шайқастағы қазақ даңқының мәңгілік өшпес куәсіндей болған тағы бір батыр Мәскеу музейіне мәңгілікке аттанып барады. Ақ жол!
Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ