• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 01 Маусым, 2017

МӘМС жыл өткен сайын жетілдіріле береді

128 рет
көрсетілді

Әр мемлекеттің басты байлығы – адам. Ендеше, қоғамдағы адамның денсаулығының жақсы болуы үшін де мемлекеттік көзқарас пен нәтижелі қадамдар жасалуы қажет. Бұл тұрғыда елімізде қолға алынып жатқан игілікті дүние – халықтың денсаулығын жақсарту жолындағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу екені анық.

Қазіргі әлемдік дамуға көз салсаңыз, ол осыдан 20-30 жыл бұрынғымен салыстыруға мүлде келмейді. Өркендеп, өзгеріп, түрленіп отырған заманда егер өзгелердің оң нәтиже берген ісін өзіңе қабылдап, топырағыңа сіңіріп, жемісі мен дәнін алмасаңыз артта қаласыз. Біздің отандық медицина да жаңару үстінде. Осы саланы дамытамыз, әлемдік деңгейдегі үдерістерге сай боламыз, халқымыздың денсаулығын жақсартып, өмір жасын ұзартамыз десек, жаңа жүйенің қажеттілігін ұғынамыз. Өйткені, қазіргі қатарына енуге ұмтылып отырған озық елдердің барлығында осыған ұқсас медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Екіншіден, мемлекеттің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нормативтердің деңгейіне жеткізу үшін салаға қажет қаржыны ішкі жалпы өнімнің 5 пайыздық мөлшеріне бірден көтеруге мүмкіндігі жоқ. Біз­дегі «Денсаулық» бағдарламасында оның жартысы ғана көзделген. Оның үс­тіне жаңа жүйе әлеумет алдындағы жұ­мыс берушінің жауапкершілігін арт­тыруға, кәсіпорын мен мекеменің өз жұмыскерлерінің еңбек қауіпсіздігін сақтауға, жұмысына, денсаулығы­­на зиян келмейтін жағдайларды нарық­тық тетіктер арқылы қарастыру­ға ықпал етсе, әр азаматтың ауырған­нан гөрі сауы­ғуға ұмтылуына жол аша­ды. Ал жаппай мүдделілік туған жер­де мәселенің таптаурын орнынан жылжы­мауы мүмкін емес. 

Мәселенің байыбына барған жан әлеуметтік әділеттілік пен ортақ жауапкершіліктің міндетті әлеумет­тік медициналық сақтандырудың (МӘМС) негізгі қағидаттары екенін түсінеді. Бірақ көп ретте мамандар тарапынан қанша айтылғанымен жүйе жаңалығын жұртшылық жете ұғынбайтындай көрінеді. Ендігі кезекте әрбір азаматтың денсаулығы үшін жауапкершілік адамның өзіне, жұмыс берушісіне және мемлекет­ке жүктеледі. Ал денсаулық сақ­тау саласын қаржыландыру жар­на­лық төлемдер есебінен өсіп, ол медициналық көмектің ұлғайып келе жатқан шығындарын өтеуге мүмкіндік береді. 

Жаңа жүйеде амбулаторлық дәрілік қамтамасыз ету (АДҚ) көлемін арт­тыру көзделіп отыр, сонымен бірге, емха­на­лар мен дәріханалар арасындағы дел­дал­дық қызмет жойылып, пациент­тер бұрынғыдай белгілі бір дәріханадан ғана босатылатын дәрілері үшін уақытын жоғалтып, сабылып жол жүрмей, өз үйі­нің жанындағы дәріханадан кере­гін алатын болады. Дәрігер жазып бер­ген рецепттің негізінде кез келген дәрі­хананың пациенттің мұқтажын өтейтінін тұрғындар білуі тиіс. Соны­мен қатар, амбулаторлық дәрілік қамтамасыз етуге мұқтаж тұлғалар ауқымы мен жиі кездесетін ауруларға бөлінетін дәрі­лік заттардың тізімі артып, қор төлем­дерінің ұлғаюымен медициналық қыз­мет көр­сетілуінің көкжиегі кеңейе түспек. 

Қордың қаржыландыруымен меди­циналық қызмет көрсетуге жаңа мерді­герлер тартылады, яғни халық бұрынғыдай өздері тіркелген тұрғы­лықты жердегі емханаға байланып қалмайды. Қазірден бастап азаматтар қай үйде, қай пәтерде тіркелгеніне қара­мастан, көңілдері қалаған емха­наны таңдауына жол ашылды. Ал бұл өз кезегінде тек тіркелу бойынша қарайтын емханаға баратын халықтың нөпірін азайтып, жұртты шаршататын кезектерді кемітеді. 

Осыған дейін Қазақстан азаматы қолайлы емхананы таңдап, қаралуы қалтасынан қаражат төлеу арқылы ғана жүзеге асырылса, енді жаңа жүйе негізінде әр пациенттің келуіне емдеу мекемесі мүдделі болмақ.

Сондықтан кешенді түрде, барша­ның мүдделілігін тудыратын жүйенің берері мол болуы тиіс. Әлемдік тәжі­ри­беден аңғарғанымыздай, бұрын бұл жүйе­ден тыс болған мемлекеттер мін­дет­ті медициналық сақтандыруды енгізуі­мен көптеген мәселені шеш­ті және медицина мекемелерін қар­жы­лық қол­­даудың арқасында халық денсау­лы­ғы­на қызмет ететін кең тынысты жүйе жұмысы жолға қойылды. Сол бағытта заңдарына да әлденеше рет түзетулер, толықтырулар мен өзгертулер енгізді. 

Әрине, міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыру бір күннің ісі емес, ол жұмыс жылдар бойы қалыптасып, жүре жетілдіріле бермек.

Бексұлтан Тұтқышев,  «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ директорлар кеңесінің МӘМС түсіндіру бойынша төрағасы