Бизнесті қолдау мен санитарлық-эпидемиологиялық салада қабылданып жатқан шаралар турасында журналистерге әңгімелеген бас санитар денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық бақылау мен қадағалаудың тәуекелге бағдарланған үлгісін енгізу, өнімнің қауіпсіздігін бизнеске қосымша жүктемесіз бақылауға мүмкіндік беретін бақылаудың жаңа нысандарын енгізу мәселесінің маңыздылығына мән берді. Үкімет тапсырмасы бойынша бизнеске қысымды төмендетуде рұқсат ету құжаттар санының 81-ден 7 түрге дейін қысқарғанын айтты. Тәуелсіз сарапшылардың санитарлық-эпидемиологиялық аудит жүргізуі, камералық бақылау, өнімді өткізу сатысында сатып алу сияқты тексерулердің санитариялық қызметте бұдан бұрын қолданбаған балама түрлері енгізілгенін жеткізді. Сонымен қатар өндірістік бақылау бағдарламалары бойынша түсіндіру жұмысы жалғасып жатқанын, жоспарланған 20 санитариялық қағиданың 5-уі қайта бекітілгенін, комитеттің бұл бойынша 200-ге жуық талапты оңтайландырып, ескірген 124 талапты алып тастағанын журналистер қаперіне салды. Санитарлық-эпидемиология мәселелерінде тексерулер санын қысқартудағы тәжірибені ескере отырып, тәуекелдерді бағалаудың жаңа өлшемшарттарын әзірлеу қажет болғанын айтқан ол сондай жұмыстың арқасында эпидемиялық маңызды объектілер тізбесін қалыптастыруға арналған тәсілді қайта қарауда ерекше тәртіп бойынша бақылау мен қадағалауға жататын объектілердің санын 60 пайызға немесе 26 мың объектіге қысқартуға мүмкіндік туғанын жеткізді. Сондай-ақ, Ж. Бекшин «Қайта реттеу» жобасы шеңберінде жүргізіліп жатқан санитарлық қағидалардың талаптарын оңтайландырудағы жұмыстар туралы айтты. Оның қорытындысы бойынша санитарлық қағидалардың саны 10 есеге, яғни 700-ден 67-ге түсіп, ондағы талаптар саны қазіргі уақытта 11 мыңнан 4 мыңға дейін қысқартылған. Оңтайландырылған санитарлық қағидаларды қабылдау кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттырумен қоса халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартуға, жеке секторды дамытуда әкімшілік кедергілерді алуға жол ашып, мемлекет-жекеменшік әріптестігі, оның ішінде денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы жобаларды іске асыруға бизнестің қолжетімділігін арттыра түседі деген ойымен бөлісті. Мұндай қадамдар кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және өнімнің сапасын жақсарта түсуге деген ынтасын жоғарылатуға мүмкіндік береді деген ол бизнесті қайта реттеуде мемлекеттің, кәсіпкерлік пен тұтынушылар мүдделерінің теңгерімінің сақталуына қол жеткізіліп, халықтың қауіпсіздік және жайлылық деңгейіне еш нұқсан келмейтінін айтты.
«Егемен-ақпарат»