Кейінгі толқын мен жас ұрпақты отаншылдық сезімге баулу ісіндегі орны ерекше. Мемлекеттіліктің басты белгілері мен бет-бітімі де мемлекеттік рәміздер. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «Әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай ТАЙЖАНОВПЕН болған әңгіме осындай бағытта өрбіді.
− Алтай Тайжанұлы, мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиеті жөніндегі мәселеге философиялық көзқарас тұрғысынан ой жүгіртіп көрдіңіз бе?
− Жалпы, рәміз дегеніміз белгілі бір адамдар тобы үшін тек шартты мағынасы бар ұғым болып көрінуі мүмкін. Әйтсе де, оның заттай белгі екенін де ескерген жөн. Рәміздер мемлекеттілік пен тәуелсіздіктің белгісін білдіретін нышандық айырым белгілері. Сондықтан да оның қадір-қасиеті қашанда жоғары тұрады. Мемлекеттік рәміздер Конституцияда көрсетілген арнайы баппен қорғалады. Әр мемлекеттің азаматтары үшін оны қадірлеу, бәсін биіктету – айнымас парыз болып табылады. Дербес ел атанған жас мемлекеттер жасайтын алғашқы маңызды ресми қадамдардың бірі – елдің мемлекеттік рәміздері – Туды, Елтаңба мен Гимнді белгілеуден басталады. Өйткені, бұл үшеуі саяси тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері. Мұнда біздің мүдделеріміз бен мақсаттарымыз тұр.
− Сіздің ойыңызша Елтаңбамыз бен Туымыздың және Гимніміздің өзге мемлекеттердің рәміздерімен салыстыра қарағанда, қандай ерекшеліктері мен артықшылықтары бар?
− Біріншіден айтарым, Елтаңбамыз дөңгелек, бейне бір шар түрінде көрініс тапқан. Өзіңіз айтқандай, ғылыми-философиялық тұрғыдан қарастырғанда, оның осылай болуы – мәңгілік пен өмір символы ұғымын білдіре алады. Ал Елтаңбада бедерленген шаңырақ – геральдика тілінде халқымыздың бейбіт сүйгіш болмысын танытады. Арғымақ – жауынгерлік рух пен ел қорғаудың таптырмас көрінісі. Сондай-ақ, Елтаңбамызда еңбекті, ырыс пен бақ-берекені және материалдық табыстылықты білдіретін бейнелік нышандар да жеткілікті.
− Елтаңбаға көгілдір мен алтын түс неліктен таңдалып алынды деп санайсыз?
− Мұның мәнісі мынада. Көгілдір түс мемлекеттің төл тұрғындары мен Қазақстанды мекендейтін өзге этнос өкілдерінің шайдай ашық, бұлт шалмаған, кемел келешегін білдіреді деп ой түюімізге әбден болады. Әрі ел азаматтарының бәріне «аспан ортақ, жер ортақ», деген ойды да тұспалдайды. Сондай-ақ, бұл көгілдір түс ауызбіршілік пен ынтымаққа, өзара бірлік пен татулыққа үндей алуымен де ерекшеленбек.
− Тек Елтаңба ғана емес, Туымыз да бірыңғай көк түстен тұрады ғой. Бұған не дейсіз?
− Туға да бұл түс тектен-тек таңдалмаған. Бұл көк аспанның және тіршілік көзі, өмір нәрі – судың да түсі екенін ескерген жөн. Таза көгілдір түс отандастарымыздың ортақ этномәдени бірлігін білдіреді деген ойдамын. Сонымен бірге, мұның өзі мемлекеттің көк аспан мен жер-дүниедей мызғымас тұтастығын да меңзей алады. Ал Тудың ортасындағы күн өмір бастауы мен қуаттылық көзі болып табылады. Ту бетінде қанатын кеңге жайып, қалықтап ұшып бара жатқан бүркіт – еркіндік пен тәуелсіздіктің нышаны. Оны ешкім тоқтата алмайды. Оның шетінде алтын түспен айшықталған қошқар мүйізді ою-өрнек – баршылық пен байлықтың және молшылықтың көрінісі. Өз басым дәл біздің туымызға тең келетін, оған ұқсайтын өзге елдердің туы жоқ екеніне қол қоя аламын. Бұл айтылғандар мемлекеттік рәміздеріміздің тағы бір ерекшелігі деуге болады.
– Ендігі жерде, әңгімеміздің арнасын Әнұранға қарай бұрсақ...
– Гимніміз – елдік пен ерліктің және намыстың өршіл әуенін тоғыстырады. Рәміздің бұл түрі ұлтымыздың рухын асқақтата алуымен әрі кез келген адамның айтуы мен орындауына жеңіл орамды бола білуімен де мәртебесі биік. Әнұран – тек мемлекеттік тілде орындалуымен, отандастарымыздың жүрегіне орныға алуымен бағалы. Халқымыздың ұл-қыздарын туған жері мен отаншылдыққа деген шексіз сүйіспеншілікке бағыттай білуімен құнды. Дана Абай өлең туралы: «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» деген емес пе? Мемлекеттік Гимніміз міне дәл осындай десек қателеспейтініміз анық.
– Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарай білуге қатысты не айтар едіңіз?
– Елімізде рәміздерді орналастырудың тиісті тәртіптері бекітілген. Оны аяқасты қылуға болмайды. Әрбір мемлекеттік мекеме осы талаптарды мұқият сақтағанын қалар едік. Өкінішке қарай, кейбір мекемелерде Елтаңба мен Тудың мемлекеттік талаптарға сай келмейтін деңгейде ілінетініне де куә болып жүрміз. Бұл елге деген немқұрайлы көзқарастың салдары екені анық. Тіпті, бірқатар мекеме, кәсіпорын басшылары көк ту боз туға айналып кеткенше немесе жырым-жырым болып жыртылғанша оны ауыстыруға асыға қоймайды. Әрі тәртіп пен ережеге сай белгіленген орындарын да ауыстырып алып жатады. Бұған келісуге еш болмайды дер едім. Сонымен қатар, халықаралық жарыстар мен бәсекелерде жеңіске жеткен спортшыларымыз қуаныш үстінде қолындағы мемлекеттік туды тастай салып, жанкүйерлерге қарай жүгіргенін көргенде еріксіз қынжыласың. Сондай-ақ, әлемдік спорт додаларының бірінде жауапты адамдардың салғырттығынан қолданыстан шығарылған бұрынғы ескі Гимннің орындалған жағдайлары да кездескен. Мұның атын салғырттық демегенде не демекпіз. Сонымен бірге, Гимннің мәтінін дұрыс айтуға және Гимн орындалған сәтте қолды кеудеге дұрыс қоя біліп, тыңдауға да ұсақ-түйек деп қарамағанымыз жөн. Рәміздер халқымыздың рухы мен салт-санасын, келешекке деген арман-тілегін жеткізе алатын рухани құндылықтар. Оны мемлекеттік белгісі мен бет-бейнесі деп асқақтата айтуымыздың басты мәнісі де осында. Бұған қоса тағы бір ой тиегін жалғағанда, мемлекеттік рәміздер – елдіктің белгісі, әр азаматтың өз еліне деген сүйіспеншілік сезімінің серпілісі. Осы арқылы біз жас ұрпақтың бойында туған жерді, атамекенді сүйе білу дағдыларын орнықтыра аламыз. Оларды бұл бағытқа қарай икемдей түсеміз. Бір сөзбен айтқанда, ұлтымыздың рухани құндылықтарын қадірлеу – мемлекеттік рәміздерге деген құрметтен, оны мәртебе тұтудан басталады дегім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» АҚТӨБЕ