• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 02 Маусым, 2017

«Мамочкино моласына» көңіл бөлетін кез келді

342 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының атына жолдаған депутаттық сауалында Қарлаг маңындағы «Мамочкино моласы» аймағын аза тұту орны ретінде тарихи орындардың бірыңғай мемориалды кешендерінің қатарына қосу қажет екенін қозғады. Тұтастай алғанда, сауалда былай делінеді:

Жыл сайын Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні (31 мамыр) мен Рухани келісім күнінде (18 қазан) тағзым жасалатын орындардың бірі «Мамочкино моласы». Өйткені, мұнда Қарлагта көз жұмған әйелдер мен балалар жерленген.  Қарлагтағы әйел тұтқындарға арналған перзентхана 1931 жылы Қарлаг «астанасы» (Қарлагтың бас басқар­масы) болған Долинка елді мекенінде ашылған. Тұт­қын­дардың сәбилері балалар қалашығында ұстал­ған. Аналары күніне екі-үш мәрте айдауылдың басшылы­ғы­мен келіп, балаларын қоректендіреді екен. Сәбилер 2-3 жасқа келгенде олар балалар үйіне ауысып отырған.  Мұнда бала өлімінің көрсеткіші тым жоғары болған.  «КСРО НКВД ГУЛАГ Санитарлық бөлімінің мәліметі бойынша, тек қана 1939 жылдың өзінде Қарлагтағы 350 сәбидің 114-і көз жұмған. Өлген балалар ауылдан шыға берістегі зиратқа жерленген. Олардың бәрін жинап, ортақ шұңқырға көміп отырған. Кейбір деректерде, қыс кезінде өлген сәбилерді ағаш бөшкелерге жинап, әбден толған соң барып көмгені туралы айтылады. Көптеген зиратқа  мүлдем белгі қойылмаған. Мұнда жекелеген қабірлерді кездестіру тіптен мүмкін емес. Ересек тұтқындарды да осында жерлеген деген дерек бар», − дейді депутат өзінің сауалында. Естеріңізге сала кетейік, 2003 жылдың 31 мамырында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде мазарға мемориалдық кешен мәртебесі берілген бола­тын. Себебі, мыңдаған сәби жерленген мазар −  тек Қа­зақ­стан халқы  үшін ғана емес, барлық адамзат бала­­сы үшін қасиетті орын. Бұл жерге келгендер өткен тари­хы­­мыз­д­ың қасіретті кезеңін еске түсіріп, көздеріне жас алады. «Жазықсыз сотталып, мәйіттері қазақ жерінде мәңгілікке жай тапқан сәбилердің көрген азабы, сәбиінен айырылған ананың зары, ойраны шыққан отбасы – бұл мұнда келген адамның ең алғаш сезінетін көңіл-күй ауаны. Бұл жерге келген адам ішкі жан дүниесін өзгертеді. Өткенге көз жүгіртіп, бүгінгі күн мен келешегі туралы ойлайды. Қазіргі бақытты, қамсыз күндерге қол жеткізудің оңай болмағанын түсінеді. Қазақ жері бірнеше халықтың тағдырын мәңгілікке біріктірді. Біздің мемлекетіміздің құрылуы мен қалыптасу кезеңіне терең бойлай отырып, өзің де көптеген дүниеге басқаша көзқараспен қарай бастайсың. «Мамочкино моласы» аймағы белгілі бір сакральды мәнге ие. Өйткені, әлемнің барлық халықтарында сәби жаны әр кезде адал, пәк және періште бейнесінде суреттеледі. Аталған мазардың сакральдық мәні туралы айту барысында, оның «ерекше, қол сұғылмайтын, ардақталатын» орын екендігін де айта кеткен жөн. Әйтсе де, бір өкінерлігі «Мамочкино моласы» аймағы күні бүгінге дейін лайықты қорғауға алынбаған, ешқандай ескерткіш белгілері жоқ.  Ал осыдан шамалы уақыт  бұрын вандалдар қасиетті орынның ойранын шығарды. Ұрылар зираттағы айқыш темірлерді металл сынықтарына тапсыру мақсатында ұрлап кеткен. Тіпті, кішкентай балалар жерленген қабірлердің басындағы белгілер де қолды болыпты. Бұдан бөлек, зираттың бір бөлігін арнасын ауыстырған өзен суы шайып кеткен. Өкінішке қарай, ГУЛАГ лагерьлер жүйесіндегі ең ірі еңбекпен түзеу лагері болған Қарағанды облысындағы Қарлагтың тарихын сақтауға тырысушылардың қарасы тым аз. Қазақстандықтар мен елімізге келген қонақтарға тоталитарлық жүйенің қасіретін ашып көрсетіп, жазықсыз құрбан болғандардың рухына тағзым жасалатын орын жыл өткен сайын жойылып барады. Осыған байланысты, «Мамочкино моласы» аймағын аза тұту орны ретінде тарихи орындардың бірыңғай мемориалдық кешенінің қатарына қосуды ұсынамын. Бұл иеротопикалық жоба елдегі саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайларының тарихи-архитектуралық ансамблін біріктіруге мүмкіндік беретіндігіне сенім­дімін. Жоғарыда аталған айтулы орындардың өзіне ғана тән аймақтық мұражайлық күйі саяси қуғын-сүргін және ашаршылық  кезеңінің көрінісі бола алады», – дейді Мәжіліс депутаты. «Біз осы жерден Спасск кешеніне ұқсайтын, бірақ одан архитектуралық тұжырымдамасы  және заманауи медиа мүмкіндіктері арқылы ерекшеленетін кешен сала отырып, қазақстандықтар мен шетелдік қонақтардың еліміздің тарихын тереңнен түсінулеріне мүмкіндік береміз деп ойлаймын. Тарихты архитектура мен сурет арқылы бейнелеу құрбандарды еске алу мен олардың рухына тағзым жасауға мүмкіндік береді. Әрі Елбасымыз мұндай орындарды сақтауға ерекше мән беріп отыр», – деп ойын түйіндейді депутат.

Дайындаған  Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,  «Егемен Қазақстан»